Дипломатиядағы инвестиция игілігі
Дипломатиядағы инвестиция игілігі
356
оқылды

Былтыр еліміздің мем­ле­кет­тік басқару жүйесін же­тіл­діру мақсатын­да Сыртқы істер министрлігіне Инвес­ти­ция тарту жөніндегі коми­тет пен Kazakh Invest ұлттық ком­паниясы берілді. Еліміз­ге инвестиция тарту ісі бұған дейін бірнеше министрліктің құзыретінде болып келген еді. Осылайша, сыртқы іс­тер ведомствосына эконо­ми­калық дипломатия­ны дамытуда инвестиция тарту­мен қатар экспортты іл­ге­рілету жүктелді.

Аталған құрылымдық өзгеріс­тен кейін еліміздің шет елдердегі елшіліктері шетелдік бизнес-қауымдастықпен тікелей диалог жүргізіп, шетелдік компаниялар басшыларымен жүйелі түрде кездесулер мен келіссөздер өткізу, бизнес-форумдар, көрмелер мен таныстырылымдар, іскер топтар делегацияларының сапарларын ұйымдастыруды қолға алды. Ол жұмыстар бүгінде оң нәтиже беріп отыр. Ұлттық экономика министр­лігінің Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, осы жылдың қаңтар-шілде айлары арасында Қазақстанның сыртқы сауда айна­лымы 53 829 млн АҚШ долла­рын құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 1,7 па­йыз­ға артты. Оның ішінде экспорт – 32 943,4 млн АҚШ доллары, импорт – 20 885,6 млн АҚШ дол­ла­рына жетті.  

Қазақстанның экономикалық дипломатиясының көрсеткіші біздің елге құйылған инвестиция­мен өлшенетіні белгілі. Бұл орайда, инвестор елдердің алғашқы бестігі туралы айтуды жөн көрдік. Қа­зақ­стан экономикасына инвес­тиция құюдан көшбасшы мемлекет – Нидерланд. Бұл мемлекет бүгінге дейін көшбасшылық орнын өзге елдерге бермей келеді. Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйен­сек, 2005-2018 жылдар ара­лы­ғында Нидерланд кәсіпкерлері қазақ еліне 80 млрд доллардан астам инвестиция салыпты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Нидерланд инвес­ти­циясы Қазақ­станға құйылған шетел инвести­циясының 27-28 пайызын құрады.

Еліміз үшін екінші ірі инвестор – АҚШ. Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байла­ныс туралы айтқанда, «Теңіз­шев­ройл» компаниясына тоқталмау мүмкін емес. «Теңіз» кен орнына Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірі тиесілі. «Теңізшевройл» компаниясының Қазақстанға құй­ған инвестициясы 123 мил­лиард доллардан асады. Бұдан бөлек, елімізде АҚШ-тың қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді, оның жүзден астамы Қазақ­станмен бірлескен компа­ния­лар. АҚШ Қазақстанға құйылған шетел инвестициясының 22 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Үшінші орында Швейцария тұр. Өткен жылы қазақ-швейцар тауар айналымының көрсеткіші 2,5 млрд доллардан асты. Отандық нарықта 40-қа жуық швейцариялық ком­пания, оның ішінде қаржы инс­титуттары, химия-фармацев­ти­калық және құрылыс концерндері жұмыс істейді. Қазақстан эконо­микасына инвестиция құятын елдер арасында Ресей мен Қытай төртінші орынды алма-кезек иеленіп жүр. Былтыр Ресей алтын­шы орыннан бір-ақ шықты. Өйт­кені Қытай мен Қазақстанның екіжақты сауда көлемі 11,7 млрд долларды құрады. Ұлттық Банктің мәліметі бойынша, Қытай біздің елге инвестиция тарту жағынан төр­тінші орынға жайғасты. «Аста­на» халықаралық қаржы орталығы биржасының құрылтай­шылары құрамына Шанхай қор биржасы мен «Жібек жолы» қоры кірді. Орталық алаңында Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі мен China Construction Bank өздерінің өкіл­діктерін ашты. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қыркүйектің 11-12 күн­дері Қытай­ға жасаған сапарын­да да екіжақты экономика­лық-сауда байланысын ары қарай дамытуға жол ашатын бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Қазақстанның сауда және инвес­тициялық негізгі серіктес­терінің бестігін тұйықтайтын Фран­ция­мен соңғы он жылда өзара тауар айналымы 50 млрд доллардан асқан. Елімізде француз капиталы бар 130-дан астам компания жұмыс істейді, олардың ішінде «Тоталь», «Орано», «Альс­том», «Данон», «Викат» және басқа­лары бар. Қазақстан елшілігі биыл бұл елде бірқатар шараларды ұйымдастырды: Францияның Канн қаласында осы жылдың наурыз айында цифрландыру және баламалы энергетика бойынша форумы, ал қыркүйекте Ренн қаласында ауылшаруашылық және агроөнеркәсіп форумы болды.

Бауырлас Түркиямен арадағы сауда қатынасы туралы айтпай кетуге болмас. Бұл елмен арадағы сауда айналымы биыл қаңтар-мамыр айларында тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрады.   Соңғы 14 жылда түрік инвестор­ларының Қазақстан эконо­ми­касына құйған инвестициясы шамамен 3 млрд АҚШ долларына жетті. Түрік экономикасына құйыл­ған қазақстандық инвес­ти­ция – 1 млрд АҚШ доллары. Қа­зақ­станда 1 300-ден астам қа­зақ-түрік бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді. Қазақстанның инфра­құрылымын дамытуда түрік ком­паниялары елорда құрылы­сына белсенді қатысып, Хан шатыр, Ұлттық мұражай, жаңа теміржол вокзалы сияқты жалпы сомасы 23 млрд АҚШ долларын құрай­тын ірі маңызды жобаларды іске асырды. Түрік компанияла­рының көмегімен Қазақстанда автожолдар қайта жаңартылып жатыр. Түркістан облысындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда YDA-Holding компаниясы еңбек етіп келеді. Қазақстан аумағы арқылы Түркияға жүктерді тиімді тасымал­дау үшін Баку–Тбилиси–Карс теміржол желісін жеке іске қосу, сондай-ақ Транскаспий халықара­лық көлік маршрутын іске асыру елдер арасындағы тасымалдарды және транзиттік тасымалдарды едәуір арттыруға мүмкіндік берді.

Сыртқы істер министрлігі, шет мемлекеттермен қатар, өз елімізде де шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған халықаралық инвестициялық форумдар ұйым­дастыруға жәрдемдеседі. Со­ның бірі ретінде 4 қазанда министрлік өкілдерінің қатысуымен өткен Герман экономикасының 21-ші   форумын айтуға болады. Тәуел­сіздік алғаннан бері Германия – Қазақстанның жетекші сыртқы саяси әріптесіне айналды. Соңғы 12 жылда Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны 8,6 млрд АҚШ Қазақстанға неміс инвестициясының шамамен 90 пайызы «шикізаттық емес сектор­ға», атап айтқанда қайта өңдеу өнеркәсібіне, химия саласына, құрылыс материалдарын өндіруге, көлік пен агроөнеркәсіп кешеніне барады. Қазіргі уақытта Қазақ­станда неміс капиталының қаты­суымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Kazakh Invest компаниясы Алматы облысының Талдықорған қаласында Jetisy Invest-2019 ха­лықа­ралық бизнес-форумын ұйым­дастыруға көмектесті. Әлем­нің 7 елінен дипломатиялық кор­­пустың, ірі отандық және тран­сұлттық компаниялардың, шетел­дік және отандық бизнес­мен­дердің, мүдделі мемлекеттік орган­дар мен қаржы ұйымдары­ның 400-ден аса өкілдері қатысты. Ком­­пания таратқан дерекке сүйен­сек, форумда жалпы сомасы 859,7 млн АҚШ долларын құрай­тын 13 жоба бойынша коммерция­лық келісімдерге қол қойды.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы шикізат­тық емес өңірлер ішінде сыртқы инвестицияларды тарту бойынша бірінші орынға шықты, оның көле­мі жыл сайын 2016 жылдан бастап 20%-ға өсіп отыр. Қазақ­стан­дағы 74 жаңартылатын энер­гия көздерінің 24-і Алматы облы­сында жұмыс істейді. Ірі Синга­пурлық инвестордың қаты­суы­мен Universal Energy компа­ниясы салған қуаттылығы 100 МВт бола­тын Қазақстанның ірі күн элек­тро­станцияларының бірі қыркүйек айында іске қосылды. Келесі жылы осы компания әрқайсының қуа­ты 50 МВт болатын екі күн және жел электрстанцияларының іске қосы­луын жоспарлауда. Бұдан басқа, ЖЭК 28 жобасы іске асырылудың түрлі кезеңдерінде.

Қалай десек те, Kazakh Invest компа­ниясының сырты істер ведомс­твосына берудегі мақсат орындалып келеді. Жуырда Үндістан астанасы – Делиде Kazakh Invest ұлттық компаниясының өкіл­дігі ашылды. Ұлттық эконо­мика министрлігінің дерегі бойын­ша, Қазақстанда Үндістан капита­лы­ның қатысуымен 560-қа жуық заңды тұлға мен филиал тіркелген. Үндістанмен арадағы сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты кеңейту жұмысын Қазақстан-Үндістан Іскерлік кеңесі жүргізіп отыр. Алматыдағы Тенгри Банктің акционері – үндістандық Пенджаб Ұлттық Банкі. Осы елдің Chaudhary Group трансұлттық компания­сы өткен жылдың соңында Түр­кістан облысындағы тез дайын­далатын кеспе өндіру   зауы­тының активтерін сатып алды. Қазір бұл компания Қазақстанда ғана емес,   Иран мен Әзербай­жан­ды қоса алғанда, өңірдегі 10 елде әріптестер мен дистрибьюторлар іздестіріп жатыр. Farm2U компаниясы Үндістанның ірі фермерлік компа­ния­сы саналады. Sonalika компа­ния­сымен қуаты шағын, оның ішінде фермерлерге арналған трак­торлар жинау бойынша келіс­сөздер жүріп жатыр.

Ал қазан айының басында Kazakh Invest-тің мұрындық болуы­мен   жапондық инвестор Tokyo Rope компаниясы Атырау қала­сын­да өкілдігін ашты. Жайық өзені­нің жағалау жиегін нығайту жөніндегі жобаны компания алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалана отырып іске асырмақ. Осыған дейін, жапондық компа­ния Алматы қаласындағы Есентай өзенінің жағалау жиегін нығайтуға көмектескен. Компания маман­дары әлем бойынша сел, көшкін, опырылу және тасқұламаға қарсы қор­ғаныс құрылғылар құру жөнін­де жобаларды іске асыруға қатыс­қан.

Инвестиция тарту ісін сыртқы істер саласына беру туралы шешім­нің дұрыс болғанына бір жылдың ішінде көз жете бастады. Бұл өз кезегінде экономикалық дипло­ма­­тиядағы инвестицияның игілі­гін көруге мүмкіндік береді.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ