Былтыр еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында Сыртқы істер министрлігіне Инвестиция тарту жөніндегі комитет пен Kazakh Invest ұлттық компаниясы берілді. Елімізге инвестиция тарту ісі бұған дейін бірнеше министрліктің құзыретінде болып келген еді. Осылайша, сыртқы істер ведомствосына экономикалық дипломатияны дамытуда инвестиция тартумен қатар экспортты ілгерілету жүктелді.
Аталған құрылымдық өзгерістен кейін еліміздің шет елдердегі елшіліктері шетелдік бизнес-қауымдастықпен тікелей диалог жүргізіп, шетелдік компаниялар басшыларымен жүйелі түрде кездесулер мен келіссөздер өткізу, бизнес-форумдар, көрмелер мен таныстырылымдар, іскер топтар делегацияларының сапарларын ұйымдастыруды қолға алды. Ол жұмыстар бүгінде оң нәтиже беріп отыр. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, осы жылдың қаңтар-шілде айлары арасында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 53 829 млн АҚШ долларын құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайызға артты. Оның ішінде экспорт – 32 943,4 млн АҚШ доллары, импорт – 20 885,6 млн АҚШ долларына жетті.
Қазақстанның экономикалық дипломатиясының көрсеткіші біздің елге құйылған инвестициямен өлшенетіні белгілі. Бұл орайда, инвестор елдердің алғашқы бестігі туралы айтуды жөн көрдік. Қазақстан экономикасына инвестиция құюдан көшбасшы мемлекет – Нидерланд. Бұл мемлекет бүгінге дейін көшбасшылық орнын өзге елдерге бермей келеді. Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2005-2018 жылдар аралығында Нидерланд кәсіпкерлері қазақ еліне 80 млрд доллардан астам инвестиция салыпты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Нидерланд инвестициясы Қазақстанға құйылған шетел инвестициясының 27-28 пайызын құрады.
Еліміз үшін екінші ірі инвестор – АҚШ. Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс туралы айтқанда, «Теңізшевройл» компаниясына тоқталмау мүмкін емес. «Теңіз» кен орнына Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірі тиесілі. «Теңізшевройл» компаниясының Қазақстанға құйған инвестициясы 123 миллиард доллардан асады. Бұдан бөлек, елімізде АҚШ-тың қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді, оның жүзден астамы Қазақстанмен бірлескен компаниялар. АҚШ Қазақстанға құйылған шетел инвестициясының 22 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Үшінші орында Швейцария тұр. Өткен жылы қазақ-швейцар тауар айналымының көрсеткіші 2,5 млрд доллардан асты. Отандық нарықта 40-қа жуық швейцариялық компания, оның ішінде қаржы институттары, химия-фармацевтикалық және құрылыс концерндері жұмыс істейді. Қазақстан экономикасына инвестиция құятын елдер арасында Ресей мен Қытай төртінші орынды алма-кезек иеленіп жүр. Былтыр Ресей алтыншы орыннан бір-ақ шықты. Өйткені Қытай мен Қазақстанның екіжақты сауда көлемі 11,7 млрд долларды құрады. Ұлттық Банктің мәліметі бойынша, Қытай біздің елге инвестиция тарту жағынан төртінші орынға жайғасты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының құрылтайшылары құрамына Шанхай қор биржасы мен «Жібек жолы» қоры кірді. Орталық алаңында Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі мен China Construction Bank өздерінің өкілдіктерін ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектің 11-12 күндері Қытайға жасаған сапарында да екіжақты экономикалық-сауда байланысын ары қарай дамытуға жол ашатын бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Қазақстанның сауда және инвестициялық негізгі серіктестерінің бестігін тұйықтайтын Франциямен соңғы он жылда өзара тауар айналымы 50 млрд доллардан асқан. Елімізде француз капиталы бар 130-дан астам компания жұмыс істейді, олардың ішінде «Тоталь», «Орано», «Альстом», «Данон», «Викат» және басқалары бар. Қазақстан елшілігі биыл бұл елде бірқатар шараларды ұйымдастырды: Францияның Канн қаласында осы жылдың наурыз айында цифрландыру және баламалы энергетика бойынша форумы, ал қыркүйекте Ренн қаласында ауылшаруашылық және агроөнеркәсіп форумы болды.
Бауырлас Түркиямен арадағы сауда қатынасы туралы айтпай кетуге болмас. Бұл елмен арадағы сауда айналымы биыл қаңтар-мамыр айларында тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. Соңғы 14 жылда түрік инвесторларының Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы шамамен 3 млрд АҚШ долларына жетті. Түрік экономикасына құйылған қазақстандық инвестиция – 1 млрд АҚШ доллары. Қазақстанда 1 300-ден астам қазақ-түрік бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді. Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуда түрік компаниялары елорда құрылысына белсенді қатысып, Хан шатыр, Ұлттық мұражай, жаңа теміржол вокзалы сияқты жалпы сомасы 23 млрд АҚШ долларын құрайтын ірі маңызды жобаларды іске асырды. Түрік компанияларының көмегімен Қазақстанда автожолдар қайта жаңартылып жатыр. Түркістан облысындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда YDA-Holding компаниясы еңбек етіп келеді. Қазақстан аумағы арқылы Түркияға жүктерді тиімді тасымалдау үшін Баку–Тбилиси–Карс теміржол желісін жеке іске қосу, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік маршрутын іске асыру елдер арасындағы тасымалдарды және транзиттік тасымалдарды едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Сыртқы істер министрлігі, шет мемлекеттермен қатар, өз елімізде де шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған халықаралық инвестициялық форумдар ұйымдастыруға жәрдемдеседі. Соның бірі ретінде 4 қазанда министрлік өкілдерінің қатысуымен өткен Герман экономикасының 21-ші форумын айтуға болады. Тәуелсіздік алғаннан бері Германия – Қазақстанның жетекші сыртқы саяси әріптесіне айналды. Соңғы 12 жылда Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны 8,6 млрд АҚШ Қазақстанға неміс инвестициясының шамамен 90 пайызы «шикізаттық емес секторға», атап айтқанда қайта өңдеу өнеркәсібіне, химия саласына, құрылыс материалдарын өндіруге, көлік пен агроөнеркәсіп кешеніне барады. Қазіргі уақытта Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Kazakh Invest компаниясы Алматы облысының Талдықорған қаласында Jetisy Invest-2019 халықаралық бизнес-форумын ұйымдастыруға көмектесті. Әлемнің 7 елінен дипломатиялық корпустың, ірі отандық және трансұлттық компаниялардың, шетелдік және отандық бизнесмендердің, мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының 400-ден аса өкілдері қатысты. Компания таратқан дерекке сүйенсек, форумда жалпы сомасы 859,7 млн АҚШ долларын құрайтын 13 жоба бойынша коммерциялық келісімдерге қол қойды.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы шикізаттық емес өңірлер ішінде сыртқы инвестицияларды тарту бойынша бірінші орынға шықты, оның көлемі жыл сайын 2016 жылдан бастап 20%-ға өсіп отыр. Қазақстандағы 74 жаңартылатын энергия көздерінің 24-і Алматы облысында жұмыс істейді. Ірі Сингапурлық инвестордың қатысуымен Universal Energy компаниясы салған қуаттылығы 100 МВт болатын Қазақстанның ірі күн электростанцияларының бірі қыркүйек айында іске қосылды. Келесі жылы осы компания әрқайсының қуаты 50 МВт болатын екі күн және жел электрстанцияларының іске қосылуын жоспарлауда. Бұдан басқа, ЖЭК 28 жобасы іске асырылудың түрлі кезеңдерінде.
Қалай десек те, Kazakh Invest компаниясының сырты істер ведомствосына берудегі мақсат орындалып келеді. Жуырда Үндістан астанасы – Делиде Kazakh Invest ұлттық компаниясының өкілдігі ашылды. Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда Үндістан капиталының қатысуымен 560-қа жуық заңды тұлға мен филиал тіркелген. Үндістанмен арадағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жұмысын Қазақстан-Үндістан Іскерлік кеңесі жүргізіп отыр. Алматыдағы Тенгри Банктің акционері – үндістандық Пенджаб Ұлттық Банкі. Осы елдің Chaudhary Group трансұлттық компаниясы өткен жылдың соңында Түркістан облысындағы тез дайындалатын кеспе өндіру зауытының активтерін сатып алды. Қазір бұл компания Қазақстанда ғана емес, Иран мен Әзербайжанды қоса алғанда, өңірдегі 10 елде әріптестер мен дистрибьюторлар іздестіріп жатыр. Farm2U компаниясы Үндістанның ірі фермерлік компаниясы саналады. Sonalika компаниясымен қуаты шағын, оның ішінде фермерлерге арналған тракторлар жинау бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
Ал қазан айының басында Kazakh Invest-тің мұрындық болуымен жапондық инвестор Tokyo Rope компаниясы Атырау қаласында өкілдігін ашты. Жайық өзенінің жағалау жиегін нығайту жөніндегі жобаны компания алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалана отырып іске асырмақ. Осыған дейін, жапондық компания Алматы қаласындағы Есентай өзенінің жағалау жиегін нығайтуға көмектескен. Компания мамандары әлем бойынша сел, көшкін, опырылу және тасқұламаға қарсы қорғаныс құрылғылар құру жөнінде жобаларды іске асыруға қатысқан.
Инвестиция тарту ісін сыртқы істер саласына беру туралы шешімнің дұрыс болғанына бір жылдың ішінде көз жете бастады. Бұл өз кезегінде экономикалық дипломатиядағы инвестицияның игілігін көруге мүмкіндік береді.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ