Алматыда «Жол құрылысының өзекті мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының 60 жылдығын атап өту аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің, «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ, «Қазақавтожол» ЖШС, жобалау және мердігер компаниялар, материалдар мен технологиялар өндірушілері, қазақстандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жолдарды салу және қалпына келтіруде аталған институттың үлесі мол. Әсіресе, шұғыла қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым құру туралы айтылғалы бұл салада жұмыс қыза түсті.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаевтың айтуынша, жылжымалы зертханалық кешен заманауи компьютерлік, бейнетехникалық, ақпаратты жинау мен өңдеу құралдарымен жабдықталған. Аталған жылжымалы зертхана көмегімен 2013 жылдан бері 9 081 шақырым автомобиль жолы мен 545 көпір құрылыстарының диагностикасы жүргізілді. Жалпы ұзындығы 10 284 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын паспорттау жұмыстары атқарылды.
– Посткеңестік елдердегі жолдарды жобалау тәсілдері 50 жылдан астам жаңартылмаған, сондықтан қолданыстағы нормаларды жетілдіру қажет деп шештік. ҚазжолҒЗИ осы жұмысқа белсенді қатысып келеді. 2002 жылы институт ТМД бойынша бірінші болып отандық стандарттарды шетелдік стандарттармен үйлестіру мәселесін шешуге кірісті. Қазіргі уақытта 116 ұлттық стандарт әзірленіп, үйлестірілген. «Техникалық реттеу туралы» заңға сәйкес 5 техникалық регламент әзірленді. 2014-2015 жылдар аралығында кеден одағының 11 мемлекетаралық стандарты дайындалды. Институт осы уақытқа дейін 870-тен астам нормативтік құжат әзірледі және қайта өңдеді, – деп атап өтті ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов.
2010 жылдан бастап республиканың түрлі аймақтарындағы автомобиль жолдарының жол жамылғылары мен жер төсемелерінің су-жылу режимі заңдылықтарын зерттеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жер төсемесіндегі ылғалдың фазалық ауысуын ескеріп, соңғы элементтер әдісін қолдана отырып, жол құрылымдарының тұрақты және тұрақсыз температуралық өрістерінің математикалық модельдері әзірленді. Асфальтбетон мен битумдардың беріктігі, төзімділігі, созылғыштығы терең зерттелді. Бұл зерттеулердің нәтижесі «Төменгі температуралы жарықшақтардың пайда болуы кезіндегі асфальтбетонды жамылғылардың өзін-өзі ұйымдастыру заңдылығы», «Тұтқырсерпімді материалдардың тозу дерструкциясы заңдылықтары (Телтаев принципі)» және «Әртүрлі аз қуатты битум шайырларының асфальтен мен майға айналу құбылысы» атты 3 ғылыми жаңалықты ашуға мүмкіндік берді. Бұл әлем бойынша автомобиль жолдары саласындағы тұңғыш ғылыми жаңалықтар.
– «ҚазжолҒЗИ» – еліміздің жол саласындағы бірден-бір институт. Бұл институтпен жол саласына қатысы бар барлық мекеме бірлесіп жұмыс істеп келеді. Саладағы нормативтік құжаттың бәрін осы институт жасап шықты. Институттың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары көңіл толарлықтай, соңғы он жылдың ішінде 3 ғылыми жаңалық ашты. Бұл институт президенті Бағдат Телтаевтың еңбегі. Жаңалықтардың ішінде әлі толықтай өндіріске енбегендері бар. Өйткені ғылыми жаңалықтар бірден өндіріске ене қоймайды. Алдымен сынақтар жүргізіледі. Біз осы мақсатта бірге жұмыс істеп келеміз. Құрылыста немесе жөндеу жұмыстары барысында туындаған кез келген сұрақтар болса аталған институтқа жүгінеміз. Өйткені ғылыми зерттеу институты ешкімге тәуелсіз сарапшы ретінде белгілі, – дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ серіктестері атап өткендей, институттың материалдық-техникалық және ғылыми базасы еліміздің климаттық жағдайларын ескере отырып, жолдарды салу және күтіп ұстау бойынша үздік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Шараның екінші күні қонақтар институттың жылжымалы және стационарлық зертханаларымен танысты, сонымен қатар секциялар мен семинарлар жұмысы да жалғасты. «ҚазжолҒЗИ» республика бойынша жол-құрылыс материалдарының сапасын бағалау және бақылау жөнінен көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді.
Үшінші күні техникалық тур аясында конференцияға қатысушылар «Алматы – Қапшағай», «Алматы – Қорғас» автомобиль жолдарына барып, «Алматы – Қорғас» теліміндегі төлем алу жүйесімен танысты.
Гүлнар ТӘЖИЕВА