Арыстағы ахуалдың түзеліп келе жатқаны көңіл қуантады. Қаланы қалпына келтіруге 126 құрылыс компаниясы мен 4 мыңға жуық жұмысшы білек сыбана кірісті. Жөндеуді қажет ететін 7 163 нысанның 7 154-інің құрылыс жұмысы аяқталды. Қалғаны – ішкі әрлеу жұмыстары.
Арысты қалпына келтіру үшін ел болып асарлатты. Әр аймақтан құрылысшы шақыртып, жарылыс мұқалтқан өңірге өң берді. Жұмыс нәтижесіне үңілсек, Түлкібас ауданы мен Алматы қаласына міндеттелген 14-секторда 531 нысан қайта қатарға қосылғалы жатыр. Оның ішінде 503-і жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 28 үйдің қабырғасы толықтай бұзылып, жаңадан қаланып жатыр. Жұмыстың жандануына 300-ден астам құрылысшы мен 5 компания атсалысты.
Солтүстік Қазақстан облысы мен Ордабасы ауданына 13 сектор бекітілді. Олар 17 көшедегі 371 тұрғын үйдің жағдайын бақылады. Зардап шеккен 198 баспана жөндеуден өтті. Сонымен бірге халықтың атаулы әлеуметтік көмекке қолы жетуі үшін біраз жұмыс атқарылды. Сектор бойынша біржолғы жәрдемақы 18 жасқа толған 954 тұрғынға банк карточкасы арқылы берілді. Осы аумақта арыстықтар жұмыс нәтижесін көріп, бір-бірін қоныстойға шақырып үлгерді.
Аталған өңірлердің сектор жетекшілері салтанатты шара ұйымдастырып, елеулі еңбек еткендерді марапаттады. Әкімдік өкілдері тұрғындарды үйлеріне барып құттықтап, тұрмыстық техника тарту етті.
Жамбыл облысы мен Шардара ауданына қаладағы 3-сектор тиесілі. Бұл аймақ та құрылыс жұмыстарын аяқтап, жиын өткізді. Шарада Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов пен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Арыс қаласын қайта қалпына келтірушілерге жылы лебізін жеткізді. Өнімді еңбек еткен құрылысшылар мен белсенділерге алғыс білдірді. Осыған орай, компания басшылары, мердігерлер мен тер төккендерге алғысхат табыстады. Жиын кезінде апаттан құлап қалған 4 үй қайта тұрғызылды. Аталған үйлердің екеуі қайта салынып, екеуі толық жаңғыртылды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания үй иелеріне тарту-таралғы жасады.
Ал Арыс қаласындағы Жамбыл облысы штабына 3-секторға қарасты 11 көше бекітілді. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бар. Бақылаудан өткен жеке тұрғын үйдің барлығына ақау актісі толтырылып, сметалау жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде қираған 4 үй қайта салынды. Одан бөлек 309 үйге түрлі дәрежедегі жөндеу жұмысы жүріп, қалпына келді. Жөндеу жұмысы үшін 4 мердігер компания мен 500-ден астам құрылысшы аянбай еңбек етті. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылды.
Қарағанды облысы мен Төлеби ауданына тиесілі 5 секторда да құрылыс жұмысын нәтижелі аяқтады. 5 сектор жұмысшылары 11 көпқабатты үйдің 519 пәтеріне және 72 жеке тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал Атырау облысы мен Жетісай ауданына 1-сектор берілді. Бұл аумақ жарылыс болған әскери бөлімнің жанында еді. Көктем шағынауданында орналасқан жерде 571 үйдің 468-і жөндеуден өтті. Оның ішінде 55 үй қайта тұрғызылып, 11 кәсіпкерлік нысан жөнделді. Құрылыс жұмыстарының басы қасында 13 мердігер компания болды. Жалпы құрылысқа 700-ге жуық құрылысшы мен 12 техника тартылды.
Арыс қаласындағы 7 613 үйдің 7 166-сында жөндеу жұмыстары жүрсе, 447 үй қайта салынды. Осылайша, жұдырықтай жұмылып, бір істің басы қайырылды. Әр өңірдің мейлінше жәрдем берген ниеті мен көмектессем деген көңіліне арыстықтар дән риза. Жан-жақты қолдау мен компаниялар демеуі жаңа тыныс ашқандай әсер етті. Жарылыстан зардап шеккен халықты ел пейілі емдегендей болды. Осыдан-ақ рухани көмектің маңызды екенін түсінуге болады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ