«Миллион науқас деген дерек шындық ауылынан алыс жатыр. Бұл жаңсақтықтың себебі әртүрлі: Ресей үлкен, республикалары мен облыстары әртүрлі дамуда, кейбірінің жағдайы індет жұқтыру жағдайын тегіс тіркеуге мүмкіндік бермейді, ал енді бірінде індеттің таралу ауқымы қасақана жасырылады», – дейді биология ғылымдарының кандидаты, зерттеуші Алексей Куприянов.Ресми статистикаға симптомсыз сырқаттарды қоса есептеген Лондон империялық колледжі (ICL), Денсаулық көрсеткіштері және бағалау институты (IHME) және Youyang Gu зерттеу ұйымы Ресейде коронавируспен шамамен 5-7 миллиондай адам ауырған деген байламға келді. Тиісінше, 1 миллиондық межеден солтүстік көрші қыркүйекте емес, мамыр-маусым аралығында өткен. Ресейлік белгілі демограф А.Ракша қаза тапқандардың саны да екі еседен артық екенін жеткізді.
«Менің ойымша, Ресейде COVID-19 індетінен шамамен 40 мың адам өлді. Ал шекті өлім-жітім, яғни коронавирус инфекциясы анықталған, алайда басқа дертінен дүние салған адамдарды қосқанда, пандемия басталғалы бұл көрсеткіш шамамен 55-60 мың адамға жетті», – дейді Алексей Ракша.Сарапшылардың мәліметінше, тест-жүйелердің ерекшелігі және кемшілігі кесірінен коронавирус сырқаттарының үлкен бір бөлігі статистикаға қосылмады: ауру дамуының кейінгі сатыларында тіпті вирустың барына қарамастан, тест теріс нәтиже көрсетуі мүмкін. Бұл кезде дерт өкпенің төменгі бөлімдеріне терең кіріп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда науқастың өкпесі қабынғанын байқаған дәрігерлер сырқаттарға «ауруханадан тыс пневмония» деген диагноз қояды. ПТР-тест оң нәтиже бермегесін, коронавирус деп жаза алмайды. Осы құбылыс ТМД көлемінде жазда ушығып кетті. Нәтижесінде, шілде айында Қырғыз Республикасы, бертінде Қазақстан КВИ симптомдары бар пневмонияны COVID-19 статистикасына қосуға мәжбүр болды. Осындай пневмония Башқұртстанда, Кубаньда, Санкт-Петерборда өршігеніне қарамастан, Ресей әлі күнге қоспай отыр. РФ денсаулық сақтау министрлігі тіпті ПТР-тест растаған, бірақ ауыр сырқаты жоқ (симптомсыз) адамдарды да КВИ мәліметтеріне қосуға тыйым салды. Осылайша, көрші өз көрсеткішін қолдан көркейтуде. BBC зерттеу жүргізе келе, әлемде COVID-19 нақты цифры қазіргі ресми деректен 60%-ға жоғары деген тұжырымға келді.
«Нақты қанша адамның КВИ індетінен опат болғанын енді анықтау мүмкін емес. Бір қарағанда, «мұндай есепте қалай жаңылуға болады?» деп таңғалуыңыз мүмкін. Дегенмен бәрі сонша оңай емес», – дейді Колумбия университетінің профессоры Джон Муттер. Пандемия шырқау шегіне жеткенде бүкіл әлемдегі медициналық ұйымдар мен дәрігерлер өлгендерді санауға емес, көзі тірілерді аман сақтап қалуға күш салды. Ауруханадан орын таппай, үйінде өлгендер туралы хабарлар Қазақстанда да айтылды. Испания, Италия қалаларында сырқаттардың аурухананың күту залында үзіліп кеткенін ақпарат құралдары көрсетті.Коронавирус құрбандары толыққанды есептелмегенін басқа да зерттеулер паш етеді. Мысалы, Financial Times талдауынша «коронавирусы жоқ» адамдардың өлім-жітімі биыл 2015-2019 жылдармен салыстырғанда Англия мен Уэльсте – 37%, Испанияда – 51%, Бельгияда 60% жоғары болып шыққан. Өйткені ауруханалар COVID-19 науқастарынан басқаны қабылдамаған шақта адамдар жүрек-қан тамырлары аурулары, онкология, ЖИТС, туберкулез және басқа да қауіпті дерттер салдарынан көбірек өлуі ықтимал. Егер басқа заман болғанда бұл азаматтардың тірі қалуға мүмкіндігі болар ма еді...
Айхан ШӘРІП