Көп адамдар мүмкіндігін мүлт жіберіп алды

Көп адамдар мүмкіндігін мүлт жіберіп алды

Праймериз елімізде қолданылып отырған жаңа жүйе болғандықтан әрине кем-кетіксіз болмайды. «Көш жүре түзелетінін» ескерсек, бұл біз үшін үлкен тәжірибе болып тұр. Мен таңдауымды «праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн түрде жасадым. Дауыс беру кезінде техникалық ақауларға тап болдым. Дегенмен аз уақыттың ішінде жүйе қалыпты жұмысына түсе алды. Жалпы праймериз – ашықтық принципін сақтайтын бірден-бір жүйе. Әлемнің дамыған елдері бұл әдісті байырдан қолданып келе жатқандықтан біз де өркениет көшімен қатар жүруіміз керек. Екіншіден мен бәсеке болған жерді дұрыс көремін. Праймериз бізге осы бәсекені тудырды. Өз ойларын ашып айта алатын, қолынан іс келетін азаматтарға мол мүмкіндік жасады. Дегенмен, елімізде ең алғаш қолданылып отырған сайлау жүйесі болғандықтан көп адам жіті түсінбей мүмкіндігін мүлт жіберіп алған секілді. Себебі Жамбыл облысынан бақ сынап жатқан кандидаттардың тізімін көріп, оларға «орташа» деген баға бердім. Шын мәнінде ел үшін қызмет жасай алатын азаматтар мүмкіндікті пайдалана алмаған. Бәлкім егер мұндай сайлауды тағы бір мәрте өткізсе, көпшілік көзқарасын өзгертіп, бәсекеге түсер ме еді. Мен өзімнің таңдауымды Мәжіліске түсіп жатқан үміткерлер арасында ақыл тоқтатқан, тәжірибесі мол кандидатқа жасадым. Облыстық мәслихатқа үміткерлер арасында орта буынға дауыс берсем, Тараз қалалық мәслихатқа жастар лайық деп таптым. Енді бәрін бәсеке көрсетеді. Кімнің аты шауып, кімнің бағы жанса да, қара халықтың қамын ойлап, ел үшін қызмет ететін азамат болсын деп тілеймін.

Мұқаш Ескендіров, Қазақстанның Еңбек Ері,  облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазфосфат» ЖШС директоры