Праймериз: кандидаттарға 390 мыңнан астам адам дауыс берді
Праймериз: кандидаттарға 390 мыңнан астам адам дауыс берді
252
оқылды
Nur Otan партиясы хатшысы Әлібек Әлденей өзінің фейсбук парақшасында дауыс берушілердің көптігінен "Праймериз" жүйесінде болған іркілістер шешімін тапқанын хабарлады.
"Сағат 15.00-дегі мәлімет бойынша «Праймериз» жүйесінің жұмысы бір қалыпқа түсті. Партияластардың барлығы дауыс бере алады, техникалық іркілістер шешімін тапты.
Осы сәтке дейін ел көлемінде 390 мыңнан аса партиялық өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл – жүйеде тіркелген барлық адамның жартысына жуық, яғни 49%-дан астамы.
Интернетке кіру мүмкіндігі жоқ жерлерде тұратын партиялықтар ертең, 3 қазанда арнайы сайлау учаскелерінде қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс бере алады. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, 82 214 партиялық қағаз бюллетень арқылы дауыс беру құқығын пайдаланады.
Ақпараттық жүйедегі сұраныстарды өңдеуге байланысты іркілістер мен қиындықтар бойынша ахуалды жан-жақты түсіндіре кетейін.
Электронды форматта дауыс беру Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азияда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Праймериздің алғашқы күнінен бастап біз жүйеге түсетін салмақтың аса ауыр болатынын түсіндік.
Кешеден бері партиялықтар мен қоғам тарапының назары жаппай праймеризде дауыс беру барысына ауды. Бір мезетте көп адамның ақпараттық жүйеге кіріп отыруы техникалық ақаулықтар тудырып жатыр.
Сонымен бірге кандидаттар мен олардың сенімді тұлғалары да онлайн режимінде дауыс беру барысын жіті қадағалап отырғанын білеміз. Кешеден бері жүйеде тұрақты түрде 50 мыңнан астам пайдаланушы отыр. Желілік ауыртпалық негізінен екі бағытта: дауыс беру процесі мен нәтижесін белгілеуге түсіп тұр.
Өткен түнде ақпараттық жүйенің мамандары өндіртіп жұмыс істеді. Сұраныстарға оңтайландыру жүргізілді. Енді дауыс беру және оның нәтижелерін қарау функциялары екі сервер мен интернет-сайтқа бөлінді.
Дауыс беру https://vote.primaries.kz/ арнайы бөлімі арқылы жүргізіліп, ал нәтижелері https://primaries.kz/ порталында шығарылады.
Енді дауыс беру нәтижелерін primaries.kz сайтында ғана көруге болады. Сондай-ақ, дауыс беру нәтижелерін өңдеу мен аралық қорытындыларын шығару кестесі де жаңартылды. Деректер әрбір 30 минут сайын жаңартылып отырады. Бір мезетте өте ауқымды көлемдегі сұраныстардың түсуіне байланысты дауыс беру нәтижелері баяу жүктелуі мүмкін.
Техникалық қызмет жұмысы тәуліктік режимге көшірілді.
Тағы да атап өтейін, «Праймериз» жүйесі дауыс берудің құпиялылығын қамтамасыз етеді. Әрбір дауыс есепке алынады, өңделеді және жүйеде көрсетіледі.
Құрметті партияластар!
Праймеризде үгіт жұмыстарын жүргізу кезінде шынайы бәсекелестік болды деп санаймын. Дауыс берудің соңғы нәтижелері шыққанға дейін әлі уақыт бар. Тұжырым жасауға, қорытынды шығаруға әлі ерте. Барша праймериз қатысушыларын үгіттеу қарқынын бәсеңдетпей, соңғы сәтке дейін әрбір дауыс үшін күресуге шақырамын!
Дауыс берушілерді мәжбүрлеуге және оларға қысым көрсетуге жол беруге болмайды. Сіз үшін шешім қабылдауға ешкімнің қақысы жоқ! Бұл – сіздің құқығыңыз және партияның ғана емес, еліміздің болашағы үшін қабылдайтын шешім үшін жеке жауапкершілігіңіз.
Әділ дауыс беру талабын бұзудың қандай да бір жолына қатаң тосқауыл қойылды. Айыпты болғандарға тиісті шара қолданамыз. Партиялық бақылау комитеті күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Ереже баршаға ортақ, ешкімге артықшылық берілмейді.
Осы орайда, қадап айтатын нәрсе – жалаң айыптау болмауы тиіс. Барлық арыз-шағымды нақты фактілермен негіздеу қажет.
Қазіргі кезде Партиялық бақылау комитеті Лаура Маликованың мәлімдемесінде айтылған дауыс беруді бұрмалау фактілеріне қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Егер олар расталса, онда тәртіп бұзушылыққа жол берген кандидат додадан шығарылатын болады.
Мысалы, Түркістан және Ақмола облыстарында партиялықтарды дауыс беруге мәжбүрлемекші болған азаматтар «Nur Otan»-нан шығарылып, жауапкершілікке тартылды. Нұр-Сұлтан қаласында праймеризге қатысушы 3 кандидат тіркеуден шығып қалды. Олардың қатарында Алматы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары да бар. «Праймериз» ақпараттық жүйесінде партия мүшелерін тіркеу кезінде тәртіп бұзушылыққа жол бергені үшін Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына, «Ардагер» БПҰ, «Гүлдер» БПҰ, «Станция Балхаш» БПҰ мен «Шипагер» БПҰ төрағаларына тәртіптік жаза қолданылды.
Тәртіп бұзушылықтар мен жазалаулар туралы мәліметтерді ақпарат құралдары арқылы жариялап отырмыз.
Кез келген тәртіп бұзушылық бойынша (800) 080 4441 (қоңырау шалу тегін) жедел желісіне немесе komek@nurotan.kz электронды почтасына хабарласуға болады.
Партия праймеризді барынша ашық, әділ және шынайы бәсеке түрінде өткізуге мүдделі",- деп жазды ол.