Депутат праймеризге қатысушылардың көпшілігі кімдер екенін айтты
Депутат праймеризге қатысушылардың көпшілігі кімдер екенін айтты
232
оқылды
Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы праймеризге қатысушылардың көпшілігі 25-55 жас аралығындағы орта және жас буын өкілдері екенін айтты.
"Негізі праймериз - парламенттік республикаларда кеңінен пайдаланылатын тәсіл екенін жақсы білеміз. Мұның биыл біздің елде де қолданысқа еніп жатқаны құптарлық жағдай. Жалпы, «Nur Otan» партиясының биылғы аудандық, қалалық, облыстық және Мәжіліс депутаттарынан сайлауы бұрынғыға қарағанда өзгеше. Өз басым түрлі ақпарат құралдарынан және барған жерімнен праймеризге қатысты біраз жағымды жағдайды байқадым. Біріншіден, сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің көптігі көңіл қуантады. Бұл бір партияның атынан сынға түсіп жатқан үміткерлер арасындағы бәсекелестіктің артуына септігін тигізеді. Екіншіден, бұл додаға қатысып жатқан біршама азаматтың бағдарламасын қарап шықтым. Бағдарламалар арасында жақсы құрастырылғаны баршылық. Десек те, шынын айту керек, көпшілігінің бағдарламасы өзара ұқсас келеді әрі маған мұның біршамасы құрғақ уәдеге толы секілді көрінді. Мәжілістің негізгі заң шығаратын орын екенін, тіпті облыстық мәслихаттың да үлкен маңызға ие орган екенін ескерсек, мұндай бағдарламаға немқұрайлы қарамау қажет. Сосын айта кетерлік тағы бір жайт, үміткерлердің басым бөлігінің 25-55 жас аралығындағы орта және жас буын өкілдері екен. Мен мұны жақсылыққа баладым", - деді ол.
Еске сала кетейік, 1 қазанда праймериз қатысушыларына дауыс беру басталған болатын.