Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы Америкада басылып шықты
Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы Америкада басылып шықты
325
оқылды

АҚШ-тың Индиана университетіне қарасты Three String Books баспасында жазушы Таласбек Әсемқұловтың «A Life At Noon» («Талтүс») романы басылып шықты. Осыған орай, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандармен кездесу ұйымдастырылды.

Бұл ұлт әдебиетіндегі айтулы оқиға. Өйткені 30-40 жылда батыс баспасының қаражатына шыққан алғашқы қазақ романы болып отыр.                                                                                                  

Жалпы жазушының еңбегі Біріккен ұлттар ұйымының алты тіліне аударылып, былтырғы желтоқсан айында баспаға берілген. Кітап орыс, ағылшын, француз, испан, қытай және араб тілдеріне аударылды. Жазушының жары, мәдениеттанушы, аудармашы Зира Наурызбаеваның айтуынша кітап бар жоғы үш жарым айдың ішінде аударылып бітті.

«Бұл өте қиын жоба болды. Роман тілі қарапайым болғанымен, мағынасы өте терең. Кезінде Талсбекке романды орысшаға екеуміз бірге аударайық дегенде, ол «Жоқ бұл романның табиғаты тым қазақы. Оны өзім қолым тигенде орысшаға лайықтап жаңадан жазып шығармын, деді». Дегенмен мен кейбір үзінділерін аударып жүрдім. Мысалы қылыш соққан ұстаның өнері туралы үзіндісін аудардым, сосын «Талтүстің» жалғасы болған «Кәрі күйші» әңгімесін Ұлттық аударма бюросының тапсырмасымен жақында шыққан антологияға арнап аударып шықтым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Жазушының қасында 18 жыл өмір сүрсем де, көп нәрсені естіп, білсем де, аудармасы ерекше көне сөздерді Таластың шәкірттерімен ақылдаса отырып жасадым»,– дейді жазушының жары Зира Наурызбаева.

59 жасында өмірден озған Таласбек Әсемқұлов дәстүрлі музкант-күйші, жазушы, кинодраматург, музыка, тарих, этнография, мифология зерттеушісі, әдеби және музыкалық сыншы, қазақ тілінен орыс тіліне шебер аудармашы болды.

«Талтүс» романы жазушының көзі тірісінде шыққан жалғыз роман. Автобиографиялық роман Таласбектің бала кезі мен бозбала шағын, кеңес кезінде тиым салынған музыкалық дәстүр мен күйшілік өнердің тағдырын суреттейді. Күйшінің ұстаздары мен атасы, роман кейіпкерлерінің өмірі, болмысы өзгеше. Оқырман кеңес мектептерінде айтылмаған, қазақ тарихындағы жаңа мәліметтермен таныс болады.

Зира Наурызбаева аударма барысында Т.Әсемқұловтың домбырашы шәкірттері де көп көмек көрсеткенін айтты.

«Таласбектің шәкірттері Рүстем Нұркен мен Ардаби Мәулетке хабарласып кейбір ерекше домбыра тәсілдері мен амалдарын сұрап жүрдім. Ол балалар да білмейтін, кезінде меңгере алмаған тәсілдер де бар екен. Бұл ақпараттың бәрі мен үшін маңызды болды. Романда ауылдағы көнекөз қариялар қазақтың ескі тарихы жайында әңгімелер айтады. ХХ ғасырдағы соғыс, ашаршылық пен репрессия тақырыптары қозғалады. Яғни, мұның бәрі өте көп білімді керек етеді. Өйткені аудармашы контексті түсіне отырып, аудару керек. Аударманың жолы қиын. Мұндай кітапты әдетте 1-2 жыл аударады. Ал бізде бұл айда 3 жарым айда шығарылды»,– дейді аудармашы.

Зира Наурызбаева кітап басып шығару ұжымдық жұмыс екеніне тоқталып, білікті мамандарға алғысын білдірді. «Аударманы жасауға өте көп адам көмектесті. Кітапты редакциялап, верстка жасап, басып шығару өте үлкен еңбек. Жазушы Лиля Калаусты редакторлық жұмысқа тарттым. Ол маған орыс тіліндегі нұсқасын жасауға көмектесті. Лилямен бірге кітаптың орыс тіліндегі аудармасын қалыптастырдық. Уақыт тар болғандықтан Еуропа тілдеріне менің орысша аудармамнан тәржімаланды. Ал араб және қытай тіліне Дина Есенжан мен Гүлжан Ахметбек тікелей аударды. Аудармашылардың мықтылығының арқасында бәрін уақытында үлгердік. Франция, Испания мен Ұлыбритания елдеріндегі оқырмандар тарапынан алғыс естіп жатырмыз. Аударма Америка мен Ұлбритания баспаларына да жіберілді. Индиана университеті қыркүйек айында осы кітапты басып шықты. Қазір Амазонда сатылымға шықты. Баспа өзінің жоспарына алып, авторға мұрагерлік қаламақы төлем, кітап сатылған сайын пайызын төлейді. Бұл бізде осылай шыққан алғашқы кітап»,– деді аудармашы.Автор кітапқа деген сұраныстың болуы, аударма ісінің сапалы шығуына байланысты екенін атап өтті. «Бастапқыда БҰҰ-ның алты тілінде аз тиражбен шығардық. Ал дәл осы еңбек АҚШ-тың қаражатына шығып жатыр. Бұл аударманың сапалы болғанының дәлелі. Америкалық оқырманға да қызық дүние ұсынылды. Яғни сұраныс туындаған», – дейді З.Наурызбаева Романның аудармасы Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапхананың тапсырысымен, «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан.