Пандемия кезінде мұғалімнің маңызы қаншалықты зор екеніне баршаның көзі жетті – Бауыржан Байбек
Пандемия кезінде мұғалімнің маңызы қаншалықты зор екеніне баршаның көзі жетті – Бауыржан Байбек
342
оқылды
Бауыржан Байбек ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтап, бұл күн ұстаз алдын көрген, тәлім-тәрбиесін алған барша азаматтың жүрегіне ерекше ыстық екенін жеткізді.
«Қадірлі ұстаздар! Сіздерді «Nur Otan» партиясы және өз атымнан төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн ұстаз алдын көрген, тәлім-тәрбиесін алған барша азаматтың жүрегіне ерекше ыстық. Адамзат үшін ұстаз – дүниедегі ең аяулы да ардақты есімдердің бірі. Мемлекеттің идеологиясы, қоғам құндылықтары, ғылым мен өнердің асыл мұрасы ұстаздың тәлім-тәрбиесі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартып келеді. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» – деп ұлы Абай айтқандай, жас ұрпақты азамат етіп тәрбиелеудегі үлестеріңізді айрықша атап өткім келеді. Ұрпақ болашағы, мемлекетіміздің келешегі – сіздердің қолдарыңызда. Қазір еліміздегі білім саласында жарты миллионнан астам адам еңбек етуде. Біздің партия мүшелерінің 30%-ы – педагогтар. Партия ұстаздардың мүддесін қорғап, әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу бағытында жүйелі жұмыс жасап жатыр. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп, қабылданды. Бұл мұғалім мамандығына деген қызығушылықты арттыруға, әлеуметтік кепілдік жүйесін одан әрі жетілдіруге жағдай туғызды. Тәуелсіздік жылдары Елбасы басшылығымен 2 мыңға жуық жаңа мектеп салынды, соңғы бес жыл ішінде ғана партияның 2016-2020 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 3 мыңнан астам балабақша ашылып, бұл мектеп жасына дейінгі балаларды қамту көлемін 86%-дан 98,5%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен төрт жыл көлемінде педагогтардың жалақысы 2 есе көбейетін болды. Бұның барлығы – Елбасы мен Президент саясаты сабақтастығының нәтижесі, ұстаз мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан шаралардың нақты көрсеткіші. Пандемия кезінде мектептердің бәрі қашықтан оқытуға көшкенде баланы тәрбиелеу мен оған білім беруде мұғалімнің маңызы қаншалықты зор екеніне баршаның көзі жетті. Осыған байланысты туындаған кейбір қиындықтарға қарамастан, ұстаздарымыз өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заман талабына сай міндеттерін абыроймен атқаруда. Сондықтан да біз шәкірттерінің санасына білім нәрін құйып жүрген ұстаздарымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, шығармашылық табыс тілеймін!», – деп жазды партия Төрағасының Бірінші орынбасары әлеуметтік желідегі парақшасында.