Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындағы «Эйр Астана» әуекомпаниясының авиациялық-техникалық орталығында жаңа A321LR ұшағының тұсаукесері өтті. Отандық әуекомпания осы типтегі ұшақтардың ТМД-дағы алғашқы пайдаланушысы.
Шамамен бір жарым жыл ішінде «Эйр Астана» операциялық лизингпен А321LR ұшағының жетеуін қабылдайтын болады. Олар Германияның Гамбургіндегі Airbus зауытынан тікелей жеткізіледі.
Жаңа әуелайнерлер «Эйр Астана» паркіндегі 2003 жылдан бері ұшып жүрген Boeing-757 ұшақтарын кезең-кезеңімен ауыстырады. Қазіргі уақытта әуекомпания ұшақтарының орташа жасы 7,1 жылды құрайды. Бұл әлемдегі ең жас әуепарктердің бірі.
– A321LR әуе кемелерін сатып алу – «Эйр Астананың» дамуындағы маңызды қадам. Бүгінгі күні Airbus-тың жаңа моделі технологиялық тұрғыдан тиімді және үнемді, – деп атап өтті «Эйр Астана» президенті Питер Фостер. – Жоғары сапалы бизнес-класта толық жазылатын креслолар мен эконом-кластағы эргономикалық креслолар жолаушыларға Батыс Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Мәскеу, Дубай, Стамбұл мен Бейжіңге ұшатын рейстерде жоғары жайлылықпен саяхаттауға мүмкіндік сыйлайды, – деп қосты Фостер мырза.
Pratt&Whitney-ден заманауи қозғалтқыштармен жабдықталған A321LR әуе кемесі алдыңғы буындағы Airbus ұшақтарымен салыстырғанда отын шығынын 20 пайызға азайтты. Нәтижесінде атмосфераны бүлдіретін көміртекті шығарындылар көлемі де 20 пайызға төмендеді. Бұл әуекомпанияның қоршаған ортаны қорғау және ұшулардың қолжетімдігін арттыру саласындағы құндылықтарына жауап береді. Ал техникалық қызмет көрсету шығындары 5 пайызға азайды. Ең бастысы сырттағы дыбыстың шуы 50 пайызға төмендеді.
Жаңа ұшақтың тұсаукесері аясында «Эйр Астана» Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетіне 7 750 000 теңге мөлшерінде қайырымдылық көмек бөлді. Қаражат Қазақстанда паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту мен ілгерілетуге және қазақстандық паралимпиадашыларды халықаралық спорт іс-шараларына қатысу үшін дайындауға бағытталды.
А321LR ұшағы екі класты жинақта ұсынылды: бизнес-класста – 16 орын, эконом-класста – 150 орын. Барлық орындықтардың алдында кино көріп, музыка тыңдау үшін, не болмаса ұшу барысы туралы ақпарат алуға болатын мониторлар бар.
Айта кетейік, «Эйр Астана» паркінде Airbus тобындағы 19 ұшақ бар: сегіз А320 және төрт А321, үш А320neo, үш А321neo және бір A321LR.«Эйр Астана» – Skytrax сыйлығының «Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуекомпания» аталымының сегіз дүркін лауреаты.
А.АХМЕТҚАЗЫ