«Арыстан патша» ел аралады
«Арыстан патша» ел аралады
426
оқылды

Павлодар, Рудный, Ақтөбе, Шымкент және Қарағанды қа­ла­ларында «Арыстан патша» фильмінің қазақша аударылған нұс­қасы көрсетілді. Бұл «Бо­ла­­­шақ» корпоративті қоры­ның қазақ тілінде жоғары дең­­­гейде дубляждаған 31-ки­но­­­­картинасы.

Фильмді барлығы 440 жеткіншек тама­шалады, олардың ішінде бала­лар үйінің тәрбиеленушілері, көп­­балалы және тұрмысы төмен отба­­сылардың балалары болды. Қайы­рымдылық көрсетілім тек кино­картинамен шектелген жоқ. Ани­маторлар балаларға арнап түрлі байқаулар ұйымдастырып, ойындар ойнатты. Кішкентай көрермендерге түрлі тәтті, дәмділер ұсынылды.

Кинокартинаның дубляжы BI Group компаниясының демеуші­лігі­­мен жасалса, қайырымдылық көр­се­тілімге Еуразиялық компания­лар тобы (ERG) мен Еуразиялық банк қолдау көрсеткен.

«Болашақ» корпоративті қоры мен «Меломан» компаниясының «Өзіңнен баста» жобасы голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждау жұмыстарын 2011 жылдан бері атқа­­рып келеді. Игі бастаманы Nur Otan партиясы да қолдап отыр. «Бола­шақ» корпоративтік қоры мен BI Group компаниясы 2020 жыл­­ға арналған меморандумға қол қой­ған екен. Бұл құжатқа сәйкес Walt Disney Pictures, Pixar, Sony Pictures компанияларының 7 фильмі қазақшалануы тиіс. Айта кетейік, «Өзіңнен баста» жобасы мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Тек жеке компаниялар мен меценат­тар­­дың демеушілігімен жүзеге асып отыр­ған әлеуметтік бағыттағы жоба.

– Жобаны жүзеге асырған 8 жыл ішін­де мемлекеттің қолдауынсыз кино­студия дубляжына біз тек биз­­нес өкілдері, меценаттар мен жеке ком­паниялардың арқасында 4,5 млн доллардан астам қаражат жина­дық. Де­меушілердің барлығына шын жү­ректен алғыс айтамын. Әріп­­тес­тік қолдаудың арқасында біз­дің дубляждалған фильмдер қа­зақ­­стандық балалардың жақын араласуына жағдай жасады, оның ішінде еліміздің шалғай түкпірінен келген кішкентайлар болды. Өйткені жобамыздың мақсаты – мемлекеттік тілдегі жоғары сапалы мазмұнды қа­­лып­тастыру, – дейді «Болашақ» кор­поративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шай­жүнісова.

Жобаның арқасында 203 шы­ғар­­машылық және техникалық ма­ман­дық өкілдері Walt Disney Pictures студиясының стандарттары бойынша дубляжданудан өткен. Жемісті жобаның арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актер Walt Disney Pictures дауыстар қорында тіркеліпті. Әлемдік рейтинг бойын­ша, қазақ тілі дубляжда түрік тілінен кейінгі екінші түркі тіліне айналды және Walt Disney компаниясының тари­хында – 39, ал Sony Pictures сту­­диясы санағында 7-орын тұғы­ры­­на көтерілді. Сондай-ақ Шы­ғыс Еуропа мен ТМД елдеріне ар­нап шы­­ғарылатын Blu-Ray-де тама­ша­лауға қолжетімді голливудтық фильм­д­ердің алғашқы жетілігіне де еніп үлгеріпті.

Дегенмен Динара Шайжүнісова жобаны іске асыру барысында туындайтын бірқатар проблемалық мәселелердің барын айтты. Атап айтқанда, ол фильмдердің көрсетілім уақытын көрерменге қолайсыз уақыт­та жалға алу мәселесін тілге тиек етті. Себебі кинотеатрлар нарық заңына орай, прайм-тайм уақытқа өзге кассалық фильмдерді қояды. Сондай-ақ жүйелі мемлекеттік қолдаудың болмауы, уәкілетті органдар тарапынан фильмдерді жалға алу уақыты мен тіл мәселесін реттеуде заңнамалық базасының әлсіздігі және т.б.

Сөз соңында айта кететін жаңа­лық, 17 қазан күні тағы бір қазақ тілінде дубляждалған «Малефисента: Түнек әміршісі» фильмі көрермен­ге ұсынылғалы отыр. Бұл – ERG қол­дауымен қазақшаға аудары­лып көрсетілгелі отырған 32-кино­кар­тина.