Кандидаттардың праймеризден неге шеттетілгені белгілі болды
Кандидаттардың праймеризден неге шеттетілгені белгілі болды
213
оқылды
"Nur Otan" партиясының хатшысы Марат Сембеков кандидаттардың праймеризден неге шеттетілгенін айтты. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды. 
"Құрметті достар! Праймеризде онлайн дауыс беру аяқталды. Назарларыңызға Партиялық бақылау комитетінің жұмыс қорытындыларын ұсынамыз. Праймеризге кандидаттарды тіркеу басталғаннан бері 30-дан астам арыз-шағым қаралған. Праймеризге қатысудан барлығы 34 кандидат алынып тасталды, оның ішінде 27-сі пікірсайыстарға қатыспағаны үшін шығарылды. Шағымдар мен тәртіп бұзушылықтардың көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарында тіркелген. Сонымен, Г.Алиханқызының шағымы бойынша партия атына кір келтіретін іс-әрекеттері үшін Ж.Зекейұлы кандидат ретінде тіркеуден алынды. «Азия Центр Снаб ЖШС» БПҰ жаңа мүшелерін партияға дәйексіз мәліметтермен қабылдағаны үшін кандидаттар У.Алиева мен Д.Пернееваның тіркелуі жоққа шығарылды. Онлайн дауыс беру барысында партия мүшелерінің мобильді телефон нөмірлерін жалған енгізгені үшін М.Болысбек және Т.Ерғалиев тіркеуден алынды. Сонымен бірге, праймериз өткізу барысында 30-дан астам партия мүшесіне партиялық шара қолданылды. Кандидаттарға үгіт-насихат жүргізу алаңдарын ұсынбағаны үшін Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі А.Е. Рахимбетовке сөгіс жарияланды, Алматы қаласы Бостандық және Әуезов аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Б.М.Джамбылов пен Н.А. Ордабаеваға, сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.К.Қасымовқа ескерту берілді. Кандидаттардың мектептерде және басқа да мемлекеттік мекемелерде үгіт-насихат жүргізуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылданды. Алматы қаласында үгіт-насихат материалдарын жабыстыру және Атырау облысында мемлекеттік жауапты тұлғаның суретін оның рұқсатынсыз пайдалану фактілерінің жолы кесілді. Ақмола және Қарағанды облыстарында 480 партия мүшесінің бір телефон нөмірімен тіркеу фактісі тоқтатылды. Тараз қаласында нақты кандидаттарға дауыс беру үшін СМС-кодты анықтау мақсатында партия мүшелеріне қоңырау шалған есеп комиссиясы мүшелеріне партиялық жазалау шарасы қолданылды. Партиялық бақылау комитетіне және оның аймақтардағы комиссияларына дауыс беру кезіндегі тәртіп бұзушылық фактілері жөнінде шағымдар түсіп жатыр. Барлық арыз бойынша жедел тексеріс өткізіліп, тиісті шаралар қабылдануда. Жалпы, Елбасының тапсырмасына сәйкес Партиялық бақылау комитетінің халық көтеріп жатқан резонансты мәселелерге жедел әрекет ету, сонымен бірге партия мүшелерінің Жарғыны, Әдеп кодексін және партияның басқа да бағдарламалық құжаттарын сақтауын мониторингілеу бойынша жұмыс күшейтілді. Партиялық бақылау комитетінің осы бағыттағы жұмысы жүйелі түрде жалғастырылып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланатын болады", - деп жазды ол.