Nur Otan партиялық бақылау комитеті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарын жауапкершілікке тартуды ұсынды. Бұл туралы саяси ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
Шенеуніктердің азаматтармен кездескілері келмейді. Осы және өзге де өзекті мәселелер бүгін Nur Otan партиясының партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды. Комитет төрағасы Павел Казанцев әріптестерін формализмнен арылып, тұрғындардың өтініштеріне жүрдім-бардым қарамауға шақырды.
«Азаматтардың өтінішіне құлақ аспайтын депутаттарға Nur Otan партиясы шара қолданады. Ал тұрғындармен жұмыс істей алмайтын немесе оған құлықсыздық танытқандарды партия өз қатарынан шығарады. Тұрғындар өз мәселелерін партияның аяқасты қалдырмайтынына, қолдан келетін барлық көмекті көрсететініне сенімді болуы керек. Сондықтан, өтініштерді сапалы қарау – партияның әрбір мүшесінің жеке жауапкершілігі және оған партия артып отырған үлкен сенім»,– деді Павел Казанцев.
Жиын барысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мемлекеттік орган өкілдері мен мәслихат депутаттары азаматтардың өтініштерін елемеген, басшылардың өздерінің орнына орынбасарларын жіберген, ал бірқатар аудандарда сайлаушылармен болмаған кездесуді өтті деп көрсеткен фактілердің орын алғанын айтты.
«Партияның Алға аудандық филиалының мәліметінше, облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.М.Латыпов үш қабылдау аясында 3 адамды қабылдаған. Алайда, сол азаматтарға арнайы қоңырау шалып тексерген кезде олардың қабылдауда болмағаны анықталды. Бұл Ақтөбе облысы Алға аудандық филиалы қызметкерлерінің көпе-көрінеу жалған мәлімет бергенін көрсетеді»,– деді Снежанна Имашева.
Комитет мүшесі Қазақстанда барлығы 6,5 мыңға жуық ауылдық елді мекен, ал аймақтарда 3 мыңға тарта депутат барын тілге тиек етті. Оның айтуынша, халық қалаулылары елді мекендерге арнайы барып, көшпелі қабылдау өткізуді жиі «естен шығарып» алады.
«Көптеген елді мекен тұрғындары облыстық және аудандық деңгейдегі жоғары лауазымды партия мүшелерін мүлдем көрмеген. Өз мәселелерін шешу үшін ауыл тұрғындары аудан, облыс орталығына, кейде тіпті астанаға ат арылтып, ақшасы мен уақытын шығындап, әр есікті қағып жүйкесін тоздырады. Әдетте сол мәселелер - жергілікті жерде шешуге, түсіндіруге болатын жағдайлар»,– деп атап өтті Снежанна Имашева.
Сонымен қатар, комитеттің жұмыс тобының ақпараты бойынша, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері азаматтардың мәселелерін шешуге салғырт қарап отыр.
«Партияның республикалық қоғамдық қабылдауына соңғы 8 айда түскен 6852 өтініштің 47 пайызы жергілікті атқарушы органдардың құзырына жіберілген. Өзіміз куә болып отырғандай, мемлекеттік қызметкерлер өздеріне келіп түскен өтініштер бойынша мәселені шешпегендіктен, азаматтар Nur Otan партиясына жүгінуге мәжбүр болып отыр»,– деді С.Имашева.
Партиялық бақылау комитеті жүргізген жұмыстардың талдау нәтижесі жергілікті атқару органдар азаматтардың өтінішін қарастыру тәртібін жиі бұзатынын көрсетті. Дер кезінде қарастырылмаған өтініштер, атүсті берілген жауаптар ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» заңын бұзу болып табылады. Мәселен, жергілікті атқарушы және басқа да мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерінде көтерілген мәселелерге жеткілікті деңгейде мән бермейді, берілген жауаптарда нақтылық жоқ. Өтініш берушілерді олардың түсінігіне ауыр заңдарға жүгінуге бағыт береді. «Партияның азаматтардың өтініштерін қарастыруға байланысты ұйымдастырылған жұмыстарында партия мүшелерінің тәртібі мен жауапкершілігін арттыру мәселесі бірнеше рет көтерілген. Партия басшылығы тұрғындардың көтерген сұрақтарын дер кезінде шешу мәселесіне ерекше назар аудару керектігін айтып нақты тапсырмалар беріп отыр. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері – қазір біздегі ең тиімді механизм. Оны мүлде немесе жеткілікті пайдаланбау үлкен олқылықтарға әкеліп соғады. Сол үшін оларға біз бүгін партия тарапынан қатаң шара қолдану туралы шешім қабылдап отырмыз»,– деді Павел Казанцев.
Сонымен, партиялық бақылау комитеті отырысының қорытындысы бойынша Ақтөбе, Қарағанды, және Маңғыстау облыстарындағы партияның аймақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларын, облыстық мәслихаттардағы Nur Otan партиясы фракциясының бірқатар басшыларына, аймақтық партиялық бақылау комиссиясының төрағаларына, депутаттарға және басқаларға шара қолдану туралы ұсыныс берілді.
Сондай-ақ, Партиялық бақылау комитеті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжановты партиялық жауапкершілікке тартуды ұсынды.