Кедейшілік деңгейін төмендету ісі бәсеңдеді

Кедейшілік деңгейін төмендету ісі бәсеңдеді

Қазақстанда кедейшілік деңгейі төмендеп жатқанымен, бұрынғы қарқын бәсеңдегені байқалады. Халықаралық жоқшылықпен күрес күні қарсаңында Дүниежүзілік банк сарапшылары осылай деп хабарлады.

Қазақстан егемендік алғалы кедейшілікті төмендету бойынша айтарлықтай табысқа жетті. Елде күніне 1,9 долларымен есептелетін халықаралық көрсеткішке сай кедейліктің шегі белгіленген. Орталық Азияның басқа елдеріндегідей Қазақстан да 2002-2009 жылдары кедейлікті азайту қарқынды жүрді. Бұл уақытта жоқшылық деңгейі жылына 4 пайыздық көрсеткішке түскен. Осы арқылы кірісі төмен елдер көрсеткішіне сай (күніне 3,2 доллар) кедейшілікті төмендетті.

Алайда, Қазақстан сияқты кірісі күніне 5,5 АҚШ долларынан асатын мемлекеттер көрсеткішімен екшегенде кедейлік деңгейі 2002 жылғы 65%-дан 2013 жылы 6%-ға дейін төмендеді. Дүниежүзілік банк дерегі бойынша содан бері 7 пайыздан жоғары.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, көптеген қазақстандықтар экономикалық тұрақсыздық алдында әлсіз. Екі айтулы жағдай 2005 жыл мен 2013-2016 жылдар аралығында болды. Төменгі өсім тіркелген осы кезеңде көп адам кедейлікке жақын күйге түсті. Бірақ бұл жоқшылық емес дейді мамандар. Осылайша, кедейлік деңгейі күніне 5.5 АҚШ доллары бойынша 2013 жылғы 6 пайыздан 2016 жылы 11 пайызға көтерілді. Экономика қалпына келген шақта ғана кедейлік деңгейі қайта түсе бастады.

Бүгінде кедейліктің орташа деңгейі (күніне 5,5 доллар) 8,6% шамасында тұр. Дүниежүзілік банк болжамына сай, дамудың қазіргі қарқынымен 2021 жылға дейін көрсеткіш 6%-дан жоғары болады. Алайда сарапшылардың есебінше, Ордабасы, Аягөз, Сарыағаш пен Жамбыл облысының кейбір аудандарында (күніне 5,5 АҚШ доллары көрсеткішіне сәйкес) кедейлік 30%-дан асады.


Талдау нәтижесінде Қазақстандағы орта тап өкілдері негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалалар мен олардың айналасында тұратыны анықталған. Аймақтағы барлық елдер сияқты Қазақстан үшін де адамдардың ірі шаһарлардағы қарқынды еңбек нарығына араласа алмауы басты мәселе болып саналады. Тұрғын үй бағасы – бұл мәселені шешудің негізі болар еді. Қазақстанның екі ірі орталығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда тұрғын үй бағасы елдегі орташа бағаға қарағанда, 190 және 240 пайызға қымбат. Жергілікті кіріске шаққанда бұл қалалардағы баспана Сан-Франсиско, Сидней және Ванкувер сынды әлемдегі ең қымбат мегаполистерге қарағанда қолжетімсіз.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы экономисі Уильям Зейтцтің пікірінше: «Дүниежүзілік банк адамдарға тұрғын үй қолжетімді болатын дамыған қалаларда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін саясатты ұсынады. Оған қоса, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін жалақының өсуіне ықпал етіп, сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал топтарға, оның ішінде жастар мен әйелдерге қолдау көрсету өте маңызды».