Күрмеуі қиын мәселе
Күрмеуі қиын мәселе
205
оқылды

Қарағандыда құрылысы бес жылға созылған балалар ауруханасы мен қаланы басып кеткен қоқыс тұрғындардың наразылығына өзек болды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек облыс орталығында шешімін күтіп отырған барлық нысанға барып қайтты.

Аймақ басшысы әуелі құрылысы аяқталмаған балалар ауруханасымен танысты. Бұл нысанның құрылысы мердігермен сот дауы туындауына байланысты ұзаққа созылып кеткен. Ауруханаға қатысты сот аяқталды. Жақын арада жаңа мердігерді таң­дауға байқау жарияланбақ. Облыс әкімі келер жылы қолданысқа бе­рілетін ауруханаға бөлінген қара­жатты жеткізуді тапсырды.

Жеңіс Қасымбек қаладағы қо­қыс жинау жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Әкімді қаладағы қоқыс қабылдайтын полигондардың саны мен қала тұрғындарынан келіп түсетін шағымдардың көптігі қызықтырды. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, қызмет түріне белгіленген тарифтің тө­мен­дігі мен техниканың жетіспеушілігі наразылықтың туындауына себеп болып отыр.

– Жағдайды түсіну керек. Бұл мәселе бойынша жеке кездесу өткіземіз. Үнемдеу мүмкіндіктерін талдау қажет. Қызмет көрсетушілер техниканы жаңартып, өз жұмысшы­ларына қалыпты жалақы төлеуі тиіс. Егер ертең қоқыс жинайтын адам болмаса, үлкен шиеленіс пайда болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкіміне қаланы дамы­тудың бас жоспары таныстырылды. Тұрғын үй құрылысының әлеуетінен бастап газдандыру, жылумен қамту және басқа да коммуналдық қыз­меттерді сапалы қамтамасыз ету мә­селелері аймақ басшысының назарына ілікті.

– Қалада тұрғын үйдің қанша пайызында орталық су құбыры жоқ? Тазарту құрылыстары кешені бойынша жағдай қандай? – деп сұрақ қойды Жеңіс Қасымбек.

Облыс орталығындағы үйлер­дің бір бөлігі орталық сумен қамтыл­маған, ал тазарту құрылыс кешендері тек жобалануда. Бұл жауапқа өңір басшысының көңілі толмады.

– Желтоқсан айында үкімет 53 тазарту құрылыс кешеніне не­сие беру келісіміне қол қояды. Жұ­мыс­тарды жылдамдату керек, се­бебі бірінші транш келер жылдың ақпан-сәуір айларында өтеді. Егер үлгермей қалсаңыздар, мүмкіндікті пайдаланбасақ, мәселе 2021 жылға дейін созылып кетеді, – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан басқа, оған үшінші жылу құбырының құрылысы туралы баян­далды. Аталған мәселе тез арада шешуді талап етеді. Себебі қуат жетіспеушілігі тұрғын үй құрылысын тежейді. Кәріз қалдықтары сүзгілеу алаңдарына шығарылады.

Жеңіс Қасымбек назар аударуды талап ететін тағы бір басты мәселе Қара­ғанды айналасындағы айналма жолдарды салу және қайта жаңарту екенін атап өтті. Ол ірі жобалар бойын­ша барлық мердігерлердің есеп­те­рін тыңдап, жұмыс кестесінен қалыс қалмауды тапсырды.

Облыс әкімі сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілердің қызметімен танысты. Ол «Ақнар» фабрикасына және «Жакко» ЖШС полипропилен және полиэтилен құбырлар мен фи­тингтер шығаратын зауытқа барды.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы