Қателік, сені қайтейін?
Қателік, сені қайтейін?
424
оқылды

Қателіктің қай-қайсысы да жақсы емес. Ол оқулықта орын алса, тіпті сорақылық. Өкінішке қарай, он жылдан бері осыны айтып келеміз. Ащы айтып алаңдағандардың да айтқаны далада қалып, мәселеге жауапты жалғыз министрлік міз бағар емес. Сонда бұл қалай?

«ҚОЙШЫ КAП БОЛСА, ҚОЙ АРАМ AЛЕДІ»

Оқулық дайындау барысы же­ңіл-желпі жүре салмайды. Оқулықтың әдістемелік жағын Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайын­даса, баспалар оқулық жазатын авторларды министрлікке ұсы­нады. Министрліктің келісімі­мен авторлар оқулық жазуға кі­ріседі. Жазылған оқулыққа бас­паның сарапшылары, қоғамдық сарапшылар тосын көзбен қа­райды. Қателерін түзетеді. Одан кейін «Оқулық» орталығы оқу­лық­тарды әр пән бойынша са­раптайды. Орталықтан өткен оқу­лық министрліктің жанын­дағы республикалық комиссияға беріледі. Олар тағы қарайды. Осындай жолдан өткен оқу­лық­тарымызда олқылық қалайша орын алады? Осы сұраққа кел­генде ғана тосылып тұрмыз. Де­генмен саралап көрелік. Ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен ұстаз Закира Ералиева мұның бірінші себебін кітап дайындау барысында оқулыққа жауапты бірде-бір мекеменің жоғымен байланыстырады. «Бір оқулықтың айналасында алты-жеті орган бар. Олар қателікке келгенде бір-біріне сілтей салып, отыра береді. Меніңше, оқулық жазатын авторларды тұрақты жұмыспен қамтып, олар бұл іспен уақытша ғана айналыспауы керек. Жыл бойына осы мәсе­ле­­ні елеп-екшеп, бұрынғы қате­лік­терді түзеп, сапалы оқулық­тың басылып отыруына атсалысу керек. Сонда ғана бұл мәселе шешімін табады. Әйтпесе, оқу­лықта сапа болмайды. Оқулық біреудің бизнесіне айналмау керек. Оқулықтың айнала­сын­дағы мүдделі топтармен қош ай­тысып, жүйелі жұмысқа кө­шетін уақыт келді. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген» дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №65 мек­теп-гимназиясының мұғалімі.

 

ТІЗЕ БЕРСЕҢ, СОҢЫ КAРІНБЕЙДІ...

Оқулықтағы қателерді тізе берсең, таусылмайды. 1-сы­нып­тан бастап, 11-сыныптың оқу­лықтарының денінде дерлік қате бар. Қысқасы, мектеп оқулық­тарының қазіргі ахуалы тым мүшкіл. Бірі – баланың жас ерек­шелігіне сай келмейтін тап­сырмалар мен тақырыптардан құралса, енді бірінде бала түгілі, ересектерді жаңылыстырар та­рихи деректер мен өзге де түрлі қателер толып жүр. Соңғы жыл­дары сынға ұшырамаған тарих оқулығы қалмады. Түзетіліп, қайта басылса да, сандардан қате жіберу дәстүрге айналғандай.

«4-сыныптың әдебиеті кей­бір тапсырмаларын YouTube-тан көр деп береді. «Есеп құрастыр» деген тапсырмасында шаңғышы мен велосипедшінің ұшу жыл­дамдығын анықта дейді. О за­манда бұ заман велосипедші мен шаңғышының ұшқанын көрген жоқпыз», – дейді Мәжіліс депу­таты Бақытбек Смағұл.

Осыған дейін де министрлік басшылығы 30-ға жуық баспа қызметкерін шақыртып, 100 кітаптың әр кітабынан 200-300 қате тапқаны бар еді. Оқулықтағы көз сүрінетін қателерден орфо­графиялық емес, саяси қатенің де кететін кездері көп. Бір оқу­лықта Украинаның аннексия­ланған Қырым аймағы Ресейдің бір бөлігі деп жазылыпты. Қа­зақстандағы Украина елшілігі кітаптағы олқылық қалай жібе­рілгенін түсіндіріп беруді талап еткені де есімізде. Кезінде тест сұрақтарының жауап нұсқала­рын­да көрсетілген Баян Есен­таева мен Нұртас Адамбайдың есімін көрген көпшілік білім министрін қатты сынап еді. Ал жақында 4-сыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» оқулығына ре­сейлік әнші Шураның «Твори добро!» деген әнінің енгізілгені белгілі болды.

Бір ғана баспаның кітабын оқып-өскен ата-аналарымыздың уақытында бұл мәселе болмап еді. Қазір мектеп оқулықтарын шығаратын баспалардың саны тым көп-ақ. «Оқулық» респуб­ликалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орын­басары Әділхан Дүйсебек: «Оқу­лықтарды 20 баспа әзірлейді. Олардың арасында «Атамұра», «Мектеп», «Көкжиек», «Келе­шек», денсаулығында ақауы бар балаларға кітап шығаратын «САТР» секілді ірі-ірі баспалар бар» дейді.


Осыған дейін де министрлік басшылығы 30-ға жуық баспа қызметкерлерін шақыртып 100 кітап­тың әр кітабынан 200-300 қате тапқаны бар еді. Оқулықтағы көз сүрінетін қателерден орфо­графия­лық емес, саяси қатенің де кететін кездері көп. 


Оқыту жүйесінде жыл сайын тендер жарияланып, кім жеңсе, балалар сол баспаның кітабын оқуы тиіс. Ал былтыр оқыған кі­тап биыл жарамсыз боп қа­лады. Демек,мемлекеттің қыруар қаржысы босқа ауаға ұшып жа­тыр деген сөз. Ал әр баспа өз ав­тор­ларымен ғана жұмыс іс­тейді. Яғни, бір баспада басылған кітап деректерін екінші баспада жұмыс істейтін ғалымдар өзгеше беруі ықтимал.

 

«ҚҰЛАН ҚҰДЫҚҚА ҚҰЛАСА, ҚҰЛАҒЫНДА ҚҰРБАҚА ОЙНАЙДЫ»

Иә, солай. Құланымыз – Бі­лім және ғылым министрлігі. Олар оқулыққа келгендегі олқы­лықты осынша жыл бойы жөн­дей, реттей алмай келе жатса, білім саласына қатысты басқа мамандардан не күтуге болады?

Қазір қоғам оқулықтың қа­теліктерін теруден, айтудан шар­шай бастады. Ет үйренді, сүйекке сіңді. Ол аздай, жақында ғана ми­нистр Асхат Аймағамбетов айдан түскендей жаңалық ашты. Оқулықтардан қателік тапқан ол, жұрттың жарасын тырнап «Әдейілеп оқулықтарды қарап шығып, қателіктер таптым. Бі­реулер мұны жаңылыс басылған немесе техникалық қате деп тү­сін­діреді. Қалай болғанда да, қатенің аты – қате. Қарапайым қателер. Мәселен, жауабы ше­шіміне сәйкес келмейтін тап­сыр­малар бар. Аудармада қате­ліктер өріп жүр. Мұндайға мүл­дем жол беруге болмайды. Бұл жыл сайын қайталанып келеді. Қашанға дейін бұлай жалғас­пақ?!» деді. Біздіңше, бұл біздің бірінші мұғалімімізден еститін сөзіміз емес еді. Кітаптар қате­мен шығып, оның 40 пайызы еліміздің түкпір-түкіпіріне тара­лып кетті. Ендеше, осы оқу­лық­тардың олқылығына жауапты бірінші адамның атына сын емес пе бұл? Қалай болған күнде де, ақсақ қойдың артқы аяғындай аяңдап, болған істен басын алып қашу білім саласына абырой әпермесі анық. Әйтпесе, ми­нистрдің өзі айтқандай «жыл сайын қайталанатын қателікті» қайталамауға әбден болады.

 

АЙМАНОВТАЙ АҒАЙ ҚАЙДА?

Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам бүгінде 1960 жылдары Білім министрі болған Кенжалы Аймановтай азаматты жиі ауызға алады. Қарапайым ұстаздықтан бастап, білім саласының тізгінін ұстаған білікті басшы өз зама­нын­да осы оқу жүйесіне оң өзге­рістер әкелген екен. Оқулық­тар­ды парақтап отырып, тұтас оқып жүріпті. Оқулық жазатын ғалым­дармен сөйлесіп, тапсырма бе­руден де жалықпаған. «Баланың миына салмақ салмау үшін оқу­лықтарда негізгі құндылықтарды ғана сақтау керек» деп ескерте береді екен. Тіпті баланың бел омыртқасы майысып кетпеу үшін кітаптың мұқабасы мен парақтарының салмағын есеп­тетіп шығартқан деседі. Білімге жауапты бірінші ұстаздың бо­йын­дағы жауапкершілік бүгінгі бас ұстаздың бойында болса, бі­лім саласы неге сонша жүйесіз­деніп кетті?! Біздегі білім сала­сының басшылары осындай министрдің болғанын біле ме екен?