Аяулы Әбіш Кекілбаев осылай деген екен. Маңғыстау жерінде Әбіш тойы жалғасуда. Ақтау қаласындағы «Достық үйінде» әдебиет және өнер қайраткерлерінің конгресі өтсе, ABISH ALEMI халықаралық театр фестивалі де өз шымылдығын түрді.
Маңғыстау облысы әкімдігі мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мұрындық болған халықаралық конгреске әлемнің әр түкпірінен келген әдебиеттану, тіл білімі, тарих, философия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясаттану секілді гуманитарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Халықаралық конгреске жиналған қоғам қайраткерлері, жазушылар Әбіш әлеміне терең бойлап, Кекілбаев пен қазақ әдебиеті төңірегінде арнайы баяндама жасады. ХХ ғасырдың 60-жылдары әдебиетке келіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ руханиятына, әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына ерен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері, академик-жазушы Әбіш Кекілбаевтың бай әдеби мұрасы да қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын қорына қосылған қымбат қазына. Осы орайда, талантты ақын-жазушылардың шығармашылығын зерделеп, олардың идеялық-көркемдік мәнін ашу, жас ұрпақ тәрбиесіне пайдалану, суреткердің әлемдік әдебиеттегі орнын айқындап, халқымыздың рухани-мәдени кемелденуіндегі орнын пайымдау – игі іс.
ABISH ALEMINE БОЙЛАСАҚ...
ABISH ALEMI – тұңғыш рет өткізіліп отырған фестиваль. Аталған шараға Мәдениет және спорт министрлігі мен ТҮРКСОЙ қолдау білдірген. Каспий теңізі жағалауындағы амфитеатрда өткен мерекелік шараға қаламгердің жұбайы Клара Жұмабаева, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан келген жазушының әріптестері қатысты. «Халықаралық дәрежеде алғаш өтіп отырған ABISH ALEMI театр фестивалі болашақта екі жылда бір өтетін дәстүрлі мәдени форумға айналып, жазушының өміршең әдеби туындыларын әлем сахналары арқылы дәріптеп, насихаттауға қызмет ететін болады» деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.
Фестивальге қатысып, бақ сынайтын театр ұжымдарының қойылымдарын Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты Исрафил Исрафилов, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қоюшы-режиссері Сердеш Қажымұратов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов, талантты актер Медғат Өмірәлиев сарапқа салатын болады.
Армения, Грузия, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан мемлекеттерінен театр ұжымдары фестивальға қатысуға арнайы келді. Сонымен бірге М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театры және Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау драма театры бар.
Театр фестивалі Әбіш Кекілбаевтың «Күй» шығармасымен ашылды. Сахналаған – Маңғыстау драма театры. Театр актерлері спектакльді өте жоғары деңгейде алып шықты.
Жүзіп өте алмайтын мұхиттай, жүріп өте алмайтын шексіз ұлы даладай, асу бермейтін биік шыңдай, алынбайтын қамалдай Әбіш Кекілбаев әлеміне ену оңайға түспесі анық. Тарих құрсағынан заты қазақтың пейілінен әулие боп жаралған тұлға, дана билерді еске салатын терең жазушыны ашқан сайын жаңа қырынан тани түсесің...
ОҢДЫ АУЫЛЫНДА МЕШІТ АШТЫ
Қаламгердің туған жері Оңды ауылында мешіт ашылды. Жоба құрылысына облыс жұртшылығы атсалысып, мешітті өздері тұрғызды. Арасында бір өзі 5 млн беріп, күмбезін тұрғызып берген жомарт жандар да бар. Мешіттің ашылу салтанатына жазушының жары Клара Жұмабаева, қоғам қайраткерлері мен вице-премьер Бердібек Сапарбаев қатысты. Қаламгер 1939 жылы Оңды ауылында дүниеге келген. Бұл ауылда анадайдан «Ай ана» мүсіні менмұндалап тұрады. Зәулім ескерткішті Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анамызға арнап, өңір азаматтары тұрғызған екен. Бұл мемориалды нысанның өзіндік мәні бар: жары соғыстан оралмаған қазақ әйелінің бейнесін білдіреді. Елге келген әр азамат «Ай ана» мүсініне тағзым етпей кетпейді. Қаламгердің кіндік қаны тамған киелі өңірге ат басын бұрған қайраткерлер алдында оқушылар жырдан шашу шашты. Кекілбаевтың құрдастары көпшілік алдында сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті.
Мешіттің биіктігі – 18 метр. Бұл нысан кәсіпкерлер қаржысына салынып отыр. «Әбекеңнің 80 жылдығы қарсаңында мешіт ашып жатқандарыңызға көп рақмет! Мешіт адамды имандылыққа бастайды. Тәрбиелікке шақырады. Бірлікке, ынтымаққа үндейді. Ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарымызды сақтау – үлкен дүние. Соған мешіт пайдасын тигізеді деп ойлаймыз» деді Бердібек Сапарбаев.
Мерекелік шаралар Шетпе ауылында да жалғасын тапты. Орталық алаңда «Әбіш ауылы» киіз үй қалашығы бой көтерген. Қаз-қатар 30 үй тігіліп, үш мыңға жуық адам жиылды. Аудан тұрғындары мен қонақтар астан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады.
Жазушының 80 жылдық мерейтойын Мәдениет үйінде өткен жазба ақындар мүшәйрасы қорытындылады. Елдің түкпір-түкпірінен келген шайырлар жиналғандарды абыз әлеміне қара сөзбен сапар шектіріп, көрерменіне айрықша қуаныш сыйлады.
Гүл БЕКЗАТ