Жыл басынан бері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен Patentes Talgo S.L.U келіссөз жүргізіп, нәтижесінде ары қарай да ынтымақтасуға уағдаласты. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, өзара тиімді шартпен бірқатар құжаттарға қол қойылса, соған сәйкес «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес компаниясы Talgo Kazakhstan S.L. ( Patentes Talgo S.L.U. еншілес ұйымы) «Тұлпар-Тальго» ЖШС жарғылық қорындағы 0,00074% қатысу үлесін сатып алады.
Вагондар құрастыру үшін қосалқы материалдарды жеткізу шарттарының талаптары қайта қаралып, соған сәйкес Talgo технологиясы бойынша ары қарай жолаушылар вагондары өндірісін аяқтау және 62 вагонды жинақтауды толық бітіруге тиісті қосымша келісімге келу жоспарланып отыр.
Өз кезегінде Patentes Talgo S.L.U. Talgo шығарған вагондарға техникалық қызмет көрсетуді жалғастырып, осыған байланысты бұған дейін жасалған келісім-шартқа өндірістік техникалық қызмет көрсету талаптарына өзаратиімді өзгерістер енгізілді, соның ішінде оның мерзімі қосымша 9 жылға (2027 жылдан бастап 2036 жыл аралығы) ұзартылды.
Бүгінгі таңда Компания «Тұлпар – Тальго» зауыты базасында Қазақстанда жолаушылар вагондарын өндіру бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.