Бауыржан Байбек дәрігерлерді қолдауға шақырды
Бауыржан Байбек дәрігерлерді қолдауға шақырды
350
оқылды
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы Үкіметпен бірігіп жергілікті ерекшелік пен халықтың нақты қажеттіліктерін есепке ала отырып, аймақтық бағдарламаларды дайындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді. Нұротандықтар барлық проблемасы көп бекеттерді, соның ішінде, шалғай аудандар мен ауылдарды қамтуды жоспарлап отыр. «Біз әр аудан үшін партияның жеке бағдарламасын әзірлегіміз келеді. Жергілікті жердегі мәселелер мен сұраныстарға басымдық берсек дейміз. Біз халықтың көңілі қалайтын нақты мәселелерді шешкіміз келеді. Екіншіден, біз кандидаттарымызды праймериз, яғни, партия ішіндегі іріктеу арқылы ұсынғымыз келеді. Мұның барлығы ашық дебат түрінде өткізілетін болады. Тиімді мәслихат қалыптастырғымыз келеді. Сондықтан Nur Otan партиясының міндеті креативті ойлайтын, ашық-жарқын жандарды ұсыну болып табылады. Сондай-ақ, біздің қыз-келіншектер мен жастарды белсенді қолдап, көтермелейтін боламыз. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Әйелдердің 30%-ы мен жастардың 20%-ы мәслихаттардың барлық деңгейінде болуы тиіс»,- деп атап өтті Бауыржан Байбек.    width= Партиялықтарға арнап ұйымдастырылған оқыту тренингтеріне қатыса отырып, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары сондай-ақ, дәрігерлер олардың туыстары мен жақындарын құтқарып қалған оқиғалармен әлеуметтік желілерде бөлісе отырып, ақ халатты абзал жандарды қолдауға шақырды. «Біз дәрігерлерді қолдауымыз қажет. Әркім дәрігерлердің олардың туыстары мен жақындарын қалай құтқарып қалғаны туралы әңгімелесін. Бұл өте күрделі моральдық қолдау болып табылады. Жеке мамандарға, басшыларға қатысты мәселелердің болатыны да сөзсіз. Бірақ жағдайдың 99%-ында дәрігерлер адамдарға көмектесіп, олардың өмірін құтқарып отыр, алайда кейбіреулер секілді өздерін жарнамаламайды. Үндемей ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұғалімдерді, мемлекеттік қызметкерлерді, полиция қызметкерлерін де қолдауымыз керек деп есептеймін. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, кейде тіпті отбасыларына көңіл бөлуге уақыттары болмайды. Бірде мемлекеттік қызметке оппозициядан адам шақырғаны есімде. Бірақ ол апта да шыдай алмады»,- деп ағынан жарылды Бауыржан Байбек. Айта кететін жайт, партиялық «қайта жаңғыру» аясында Саяси менеджмент мектебі 10 мыңнан астам нұротандықтарға арнап оқыту семинарын бастады. Аймақтық филиалдардың, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері мен пилоттық партия ішіндегі кадрлық іріктеу жеңімпаздары тұлғалық құзыретті дамыту, халықпен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара әрекет ету, дағдарыстық байланыс және т.б. салада машықтану деңгейін арттыру бойынша тренингтерге қатысуда.