Қызылорда облысында 54413 автокөлік техникалық байқаудан өтпеген
Қызылорда облысында 54413 автокөлік техникалық байқаудан өтпеген
5,306
оқылды

Осы жылдың тоғыз айында сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс жасағаны үшін 19 адамға қатысты сот үкімі шыққан. Олардың 2-еуіне бас бостандығынан айыру жазасы қабылданса, 12-сі айыппұл арқалаған. Ал қалған 5-еуіне өзге жаза түрлері берілген.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Б.Ниязов мәлімдеді.

Облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар жолдардың жай-күйіне, атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге, жалпы білім беретін мектеп оқушыларына қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінген қаражатқа және әлеуметтік маңызды мәселелерге байланысты мониторинг жүргізіп, облыс әкімдігіне ұсыныстар жіберіп тұрады.

– Магистратуралық,  докторантуралық  білімін  жетілдіргісі  келетіндер әдетте сынама тест тапсырады. Осындайда  сыбайластық  саны  артады. Біз тек білімді  азаматтардың  ғана  оқуға түсуіне  ықпал  жасаймыз, – дейді  арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Н.Мишукова.

Мәселен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне биыл магистратураға түсуге ниет білдірген 588 үміткердің 437-сінің ұялы телефоны алынып, 38 талапкер тыйым салынған құралдарды пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылған.

Аталмыш топ, енді «Адал жол» жобасы аясында пойызға билетсіз мінген жолаушыларға, оларды қабылдаған жолсеріктерге әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырып, айыппұл салатын болады.

Сонымен қатар, «Көлік техникалық байқаудан өткен» деп жалған құжатпен жүргендердің жолдары кесіледі. Өйткені, осы уақытқа дейін міндетті техникалық тексерілуге тиісті 122083 автокөліктің тек қана 67670-і тексеруден өткізілген. Қалған 54413 автокөліктің техникалық байқаудан өтпей жүргендігі немесе олардың жалған құжатпен жүргені туралы күмән туғандықтан полиция департаментіне және көліктік бақылау инспекциясына ұсыныстар жолданған.