«Жыл бойы академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, білім беру саласындағы өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеді. Бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер етті. «Атамекен» ҰКП жүргізген рейтинг бойынша академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60% жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді» делінген хабарламада.Қазіргі таңда аталмыш ЖОО-да 5 мыңнан астам студент оқиды. Академияда оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін. «Енді академия студенттерінің тағдыры не болады?» деген сауал көпшілікті мазалайтыны анық. Студенттер өз қалауы бойынша қаладағы өзге оқу орындарына ауыса алады. Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматы қаласының басқа 30 жоғары оқу орнында бар.
«Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап басқа ЖОО-ға ауысуға рұқсат бердік. Сонымен қатар студенттердің оқу нәтижелері де сақталады және ауысып барған жоғары оқу орнында ескеріледі. Бұған дейін 35 мың студенті бар жоғары оқу орны жабылғанда барлық студентті басқа оқу орындарына ауыстыру бойынша жұмыс атқарған болатынбыз, яғни мұндай тәжірибе бар. Профессорлық-оқытушылық құрамды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізіледі», – деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова. Сондай-ақ ол академия иелері комитеттің шешіміне қарсылық танытқан жағдайда сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы екенін де айтты. «Біз Мемлекет басшысының сапалы білім беруді қамтамасыз етпейтін жоғары оқу орындарын жабу бойынша қойған міндеттерін іске асыруға тиіспіз. Бірінші кезекте, студенттердің сапалы қызмет алу құқы мен мүддесін ескеріп жатырмыз. Олардың алаңдауға еш себептері жоқ», – деді ол. Бұл өтпелі кезеңде дүрмекке ілесіп ашылған көп оқу орнының бірі емес. Терең тарихы бар екенін жоғарыда да айттық. Осындай іргелі оқу орнының лицензиясынан айырылғанына көпшілік түрлі пікір білдіруде. Кейбірі қынжылыс білдірсе, енді бірі талапқа сай келмесе, жабылғаны дұрыс деген ой айтады. Сала мамандарын даярлаудың маңыздылығына тоқталған Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов «Өкініштісі сол, қазіргі таңда бұл білім ордасында болашақ мамандарды тиісті деңгейде даярлау бойынша түйткілді мәселелер жетерлік. Мұндай жағдай елдің экономикасы үшін стратегиялық маңызды саласына маман дайындау барысында орын алмауы тиіс. Білім беру бағыты ұқсас оқу орындарының күш-жігерін біріктіру қажет шығар» деген ойын айтты. «Жоғары білім саласын сауықтыру мәселесінде барынша радикалды бағыт ұстанған менің өзім іргелі оқу орнының жабылуына айтарлықтай себеп көріп тұрған жоқпын. Кейбір рәсімдік заңбұзушылықтар бар шығар, бірақ оны түзетуге болады ғой. Көлік және логистика саласын басты кадр дайындау мекемесінен айырудың қажеті қанша?», – дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев. Ол сондай-ақ ҰКП зерттеуі бойынша ЖОО түлектерінің орта есеппен 75 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасатынын да айтып өтті. «Білім және ғылым саласындағы Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенованың пікірімен келісем, себебі тексеру жүргізілгенде білім саласындағы нормалық құжаттар, заң орындалмай, талап қанағаттандырылмағандықтан, осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған. Бірақ еліміздегі бас көлік академиясының аз ғана уақыт ішінде осындай ахуалға жетуі бізді таңғалдырады. Оқу орны осыдан екі жыл бұрын жекешелендірілген болатын. Содан бері 4-5 ректор ауысып, басшыға жарымады. Көлік және коммуникация академиясын қалайша біз бас лицензиясынан айырылуға дейінгі деңгейге түсірдік? Білім және ғылым – стратегиялық маңызды сала. Сол үшін мұндай сұрақтарда қателеспеуге тиіспіз. Ал іргелі академияның бас лицензиясынан айырылуы тек оқу орны қожайындарына ғана емес, қазақ еліне сын. Бұл жайсыз хабар академияның түлегі, бір кездердегі қызметкері ретінде бізге де оңай тиіп жатқан жоқ. Қазақтың тұңғыш жол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың атын иемденіп тұрғанының өзі көпті ойландыруы керек. Академияны сақтап қалатындай жағдай болса, «Мемлекеттік талаптар орындалып, ЖОО сапасын қалай көтереміз?» деген мәселені ойлауымыз керек», – деді Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бағдат Телтаев.Ғасырға жуық тарихы бар ЖОО тағдыры шешілетін күн таяу. Елдің болашағы үшін әлі де талай мықты маман дайындауға мұрындық болуға тиіс академия осы сыннан сүрінбей өтіп, еңсесін қайта тіктей ала ма? Ол – уақыттың еншісіндегі мәселе.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ