Túrkіstan қандастарға төрін ұсынып отыр
Túrkіstan қандастарға төрін ұсынып отыр
409
оқылды
Túrkіstan халықаралық газетінің редак­циясы Алматыдан елордаға қоныс аудар­ғанына да бір жылға жуықтапты. Қазіргі ақпараттық технология мүмкіндігі артқан тұста аудитория жинау өте қиын екені мәлім. Жаңа заман оқырмандарының сұранысына сай қандай тың жобалар ұсынып отырсыздар? – Дүние көз алдымызда ға­рыштық жыл­дамдықпен жаңа­рып, өзгеріп отырған тұста дәс­түрлі медианың да замана көшінен қалмай, уақыт ағымына ілесе әрекет етуі тиіс екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда, біз қазіргі кездегі аудитория сұранысын ескеріп, басылымды барынша заманауи стильде жұмыс істеуге жұмылдырып отыр­мыз. Газет тілшілері бұрын тек мате­риалды мәтін ретінде даярлап келген болса, қазір көптеген материалдың видео нұсқасы да қоса әзір­ленеді. Қызмет­керлеріміз өздері видео түсіріп, монтаж жасап, сценарий даярлап, телеарна журналисінің де міндетін атқара береді деуге болады. Яғни, қазіргі таңда кон­вергентті журналистиканың прин­циптеріне сай өз ауди­то­риямыз үшін газетті тек оқып қана қоймай, көріп те, естіп те отыруға мүмкіндік тудырып отырмыз. Сонымен қатар әр апта сайын Túrkіstan газетіне елімізге белгілі азаматтар шолу жасап жүр, ол YouTube-тегі арнамызға жүктеліп, әлеуметтік желі, түрлі мес­сенд­жерлер арқылы таралып отыр. Атап айтсақ, Зейін Әліпбек, Қымбат Досжан, Еркін Байға­былұлы, Олжас Сыдықбек, Жігер Сәрсен, Мақсат Толықбай сынды танымал теле­жур­на­листердің шо­луы мен қысқаша сұхбат-лебізі көрермендер тара­пынан әлеу­меттік желідегі жазбаларға қара­ғанда жылы қа­былданып отырған сыңайлы. Сон­дай-ақ газетте жарық көрген өміршең, әлі күнге дейін маңызын жоймаған мақа­лалар мен сұх­баттарды жинап, жуырда кітап етіп шығармақ ойымыз бар. Одан бөлек, Tú rkіstan ха­лықаралық газеті жыл басынан бері қандастарға арналған Atajurt атты ауқымды жобаны бастаған болатын. Бұл жобаның маңыз­дылығын ескеріп, қолдау білдірген «Nur Otan» пар­тиясы, Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы мен «Отандастар қорына» алғыс айтқым келеді. Жоба аясында газет тілшілері мен түсірілім тобы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, шетелден қоныс аударған қан­дастардың тыныс-тіршілігімен танысып, олар жайлы газет бе­тінде, сай­тымызда, әлеуметтік желіде үзбей жазып, видео­ре­портаж жариялап келеді. – Қандастарға қатысты бұл жобада қандай тақырыптар қам­тылады? – Шетелдегі қазақтарды елге шақыру, елге келген қандастардың тарихи Отанына кірігіп кетуі жолында кешенді жұмыс ат­қару – біздің еліміздің басты бағытының бірі. «Елге ел қосылса құт» деп бекер айтпағаны белгілі. Шеттен көшіп келген, көшіп келгісі келетін ағайынды да асырауға қазақ жерінің әлеуеті жетеді. Дегенмен қандастардың алдынан шығар көптеген кедергілер бар. Оның ең біріншісі, басқа елден алғаш кел­генде Қазақстанның қоғамдық өміріне сіңісе алмай тосырқап қалуы. Сондықтан да бейімдеу жұмыстары жүйелі жүруі қажет. Екіншіден, келген ағайын­ның көбісінің айтатыны құжат­тандыру мәселесінің ұзаққа со­зылатыны, кеңселік кедергінің көптігі. Үшінші мәселе, жеке кәсіппен айналысқысы келетін қандастар тағы да әкімшілік кедергілерге тап болады. Мәселен, мал шаруа­шы­лығымен айна­лысқысы келген қанда­сымызға мал ұстауға ыңғайлы жер бе­рілмейді. Оны реттейтін жергілікті әкім­шіліктегі жұмыстың деңгейі әртүрлі. Біз осындай және тағы басқа күрделі мәсе­лелермен қатар қандастардың елге келіп сіңірген еңбегін, атқарған қызметін көр­сетсек деген ойдамыз. Atajurt жобасы негі­зінен елге көшіп кел­ген қандастарға арнал­ғанымен, шеттегі ағайынның тыныс-тір­шілігі де біздің назарымыздан тыс қалған емес. Мәселен, қиырдағы қазақтар тақы­ры­бына арналған «Шетелдегі 100 жаңа есім» айдары да осы Atajurt жобасының заңды жалғасы іспетті. Мәселен, оқыр­мандарымыз үшін Илон Масктың жоба­сында немесе Google, Аpple, Booking.com сынды алпауыт компа­нияларда жұмыс істейтін қазақтардың тыныс-тіршілігі қызықты ма? Джакартадағы қазақ ғалы­мының ой-пікірі, ғылыми тұжырымдары, Париждегі Эйфель мұна­расында қызмет атқаратын қандасымыздың атажұртқа деген сағыныш сезімі, болмаса Араб шейх­терінің сарайлары мен әлемге әйгілі бес жұлдызды қонақ­үйлердің интерьер ди­зайнын әзірлеп жүрген қарагөз қарын­дасымыздың жетістікке жету жолын баян­даған сұхбаты оқыр­мандарымызға қандай ой түйгі­зеді? Осы айтылған қан­даста­рымыздың газетімізде жарық көрген сұхба­тын оқысаңыз, қай-қайсысының да жүрек түкпіріндегі елге, жерге деген сағыныш сезімін аңғарасыз. «Шетелдегі қазақтарды Қазақстан магнитше тартып тұрады» деп айтады олар. Жат ­жұртта жүріп, әлемдік деңгейде жетістікке жеткен қандастарымыз жайлы жазғандағы мақсат, кейінгі жастарға сол аза­маттар секілді жетістікке жетіп, шетелде қызмет ет деген ойды жеткізу емес, мүлде. Тағдырдың жазуымен әлемге тарыдай ша­шылған ат төбеліндей қазақтың ішінде небір білімді, өнерлі азаматтар көп екенін паш етіп, сол азаматтар түптің-түбінде еңбегін, білім-білігін елге арнаса, осындағы бір-бір саланың тірегі болса деген ой. Қиыр жайлап, шет қонған, қоғамның түрлі саласында айтулы нәтижеге қол жеткізген ағайын­дармен болған эксклюзивті сұхбаттар топтамасын жинақ етіп шығару да осындай ізгі мақсаттан туған идея. – Біздің білуімізше, Túrkіstan халықа­ралық газеті осы Atajurt жобасы аясында қандас­тардың біраз қордаланған мәселесінің шеші­луіне ықпал етіп келеді. Солардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз. – Баспасөз қандай да бір мекемеге тапсырма беруге немесе міндет жүктеуге құзыретті емес, әрине. Десек те, біз біраз кейіп­керіміздің мәселесінің оң шешім табуына әсер еткеніміз рас. Осы уақытқа дейін тілшілеріміз ісса­пармен Шығыс Қазақстан, Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Қарағанды облыстарында болды. Аталған өңірдегі қандастар шоғырланған елді мекендерге барып, олардың өміріндегі өзекті мәселені жазды. Мәселен, Қытайдан көшіп келген қан­дасымыз, Қазақстан азаматы Қарақат Әбдеш күйеуі мен оның әкесі және екі інісі Қытайда жазықсыз сотталып, отбасы екіге бөлінгенін айтып, редакциямызға мұңын шағып келді. Өзі туыстарына бара алмай­ды екен, бір рет барғанда екі жыл үйқамақта ұстаған көрінеді. Өте қиын жағдай. Жап-жас келіншек, өрім­дей балаларымен ата­жұртқа келіп, шарасыз күйде отыр. Жағ­дайды бүге-шігесіне дейін баян­дап, газетке мақала жария­ладық. Ізінше ха­лықаралық кон­вен­цияларға сүйене оты­рып, екіге бөлінген отбасын қосуға ық­пал жасауын сұрап, еліміздің Сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған едік. Жақында хатқа жауап алдық, онда бұл мәселе бойынша Қа­зақстан Сыртқы істер ми­нистрлігі Қытай елшілігіне нота жолдап, екіжақты кездесуде көтеретінін мәлімдеген.  

Көбіне азаматтар құзырлы меке­мелерге бара-бара, ақыры мәселесі шеші­мін таппаған соң ақпарат құралдарына жүгініп жатады. Мұндай жағдайда үміт артып келген соң барлық азаматтардың мәселесіне бейжай қарамай, әрқайсысына ықыласпен көңіл бөлеміз.

  Сол сияқты елордамызға келіп қара­пайым жұмыс істеп, жала­қысын ала алмай, құжатын реттей алмай қиналып жүрген Айқын Белиянхан есімді Қытайдан кел­ген қандасымыздың мәселесін тез арада шешуге газетіміз ықпал етті. Іле-шала ол кісі мамандығына сай қызметке орналасты. Сол сияқты астана іргесінде негізінен қан­дастарымыз қоныстанған «Нұр­бесік» деп аталатын шағын елді мекен бар. Шетелден қоныс аударған қандас­тары­мыздың сол жерде тұрып жатқан­дарына он шақты жыл болса да, әлі күнге дейін үй-жайларын заңдастыратын құжаты жоқ. Әрі елді мекенге бірде-бір коммуникация тар­тылмаған. Біздің редакция тіл­шілері бір­неше рет осы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, видео­репортаж жасап, газетке мақала жариялады. Әрі құзырлы меке­мелерге сұрақты төтесінен қойып, хатты қарша боратты десем, артық айтқан болмас едім. Нәтижесінде, үйлерді құ­жат­тандыру бірден рет­тел­мегенмен, қазір сол елді ме­кенге жол салынып, ауызсу, газ тартылып жатыр. Бұл мәселе әлі де біздің назарымызда болатынын айтқым келеді. Сондай-ақ газетімізде Моң­ғолиядан көшіп келген жал­ғызбасты ана Бақытгүл Ғиба­датқызының өкпе қабынуы ау­руының асқынған түрімен нау­қастанғаны, тұрмыс­тық жағ­дайының төмен екені және әлеу­меттік жәрдемақы ала алмай жүр­­гені туралы жазыл­ды. Бұл мәселе газетте жарияланған соң, әдеттегідей тиісті орын­дарға хат жаздық. Қысқасы, қанда­сымыз Бақытгүл Ғибадат­қызының мәсе­лесі оң шешімін тапты. Көп ұзамай ол мүгедектерге арналған әлеу­меттік жәр­демақыны алуға болатын анықтамасын алды, жергілікті әкімшіліктен жұмыс та­былды. Сонымен қатар газетіміз бастап қоғамдық мәселе көте­руінің нәтижесінде кәсіпкер азамат­тардың демеушілігімен екі бөлмелі үйге ие болды. Осыдан кейін қан­дасымыз редак­цияға арнайы алғыс айтып, хат та жазды. Ал Павлодар облысында ше­телден кел­ген қазақтардың ең бірінші ЖСН алу мәселесі қиын екені жазылды. Басы­лым­ның пәрменділігінің арқасында бұл мәселенің де түйіні шешілді. Қазір қан­дастар еш кедергісіз ЖСН ала алатын болды. Тізе берсек, мұндай мысалдар өте көп. – Сонда қандастар ресми ор­гандарға емес, ақпарат құрал­дарына жүгінуге дағ­дыланған ба? – Көбіне азаматтар құзырлы меке­мелерге бара-бара, ақыры мәселесі шеші­мін таппаған соң ақпарат құралдарына жүгініп жатады. Мұндай жағдайда үміт артып келген соң барлық аза­маттардың мәселесіне бейжай қарамай, әрқайсысына ықыласпен көңіл бөлеміз. Әрине, заң жүзінде қандай мүм­кіндіктер бар, бәрін пайдалануға тырысамыз. Кейбір мәселе­лердің шешілуіне заңның өзі кедергі тудырады. Осындай кедергілер туралы бірнеше дүркін мәселе көтеріп, оларды шешу жолдары жөнінде көші-қон сала­сының мамандары мен Парламент депу­таттарына да ұсынысымызды айтып, үнемі назарда ұстап ке­леміз. Бұдан бөлек, шетел­ден көшіп келген небір талантты қыз-жігіттерді газет арқылы наси­хаттап, олар­дың өз орнын та­буы­на, лайықты жұмысқа ор­наласуы­на әсер еткен кездер де аз емес. Қысқасы, заңымыздың құзыреті, газе­тіміздің пәрменділігі жететін жерге дейін аянып қалған тұсымыз жоқ. Жақында «Отан­дастар қорының» қолдауымен Қазақ­стандағы, алыс-жақын шетелдегі қандастарымыздың қатысуымен онлайн форматта халықаралық жиын өткізбекпіз. Онда осы Atajurt жобасын арнайы танысты­ратын боламыз. Негізі, шетелдегі қандастарымыздың да бұл жобаға айрықша қызығу­шылығы байқа­лады. Біздің сайты­мызда жарық көрген мате­риал­дардың төте және латын қарпіндегі нұсқаларын да үнемі оқып оты­ратын тұрақты оқыр­мандарымыз бар. Жалпы, ауди­тор­иямыздың сұранысын, қызы­ғушылығын үнемі зерттеп, саралап отыруға тырысамыз. Сон­дықтан тек қан­дастарға ар­налған жобамыз ғана емес, басқа да тақы­рыптарды қамтитын жоба-жоспарымыз жетерлік. – Atajurt жобасы алдағы уа­қытта жалғаса ма? – Өздеріңізге мәлім, Қа­зақ­стан өзінің қандастарын тарихи Ота­нына шақырып отырған әлемдегі санаулы мем­лекеттің бірі. Әрі бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табатыны анық. Сол сияқты қандастарға арналған жобамызды біз де әрі қарай жал­ғастырсақ деген ниеттеміз. Қазір мемлекет шетелдегі қазақ жас­тарына білім грантын бөліп, олар­дың ертерек елге келіп мамандық иеленуіне, әрі қарай тарихи Ота­нында қа­луына жағдай жасап отыр. Бұл шетелдегі қазақты елге шақы­рудың ең тиімді жолы. Жоғарыда атап өткенімдей, ше­телден келген қазақтар басқа елдің мента­литетінде, өзге елдегі қалыптасқан жағдайға бай­ланысты Қазақ­станға көшіп келгенде қоғамдық өмірге бірден араласып кете ал­майтыны рас. Сонымен қатар құжат­тандыру саласында әкім­шілік кедергілер де аз емес. Бұл біздің қоға­мы­мыздың барлық саласында кез­десетін жағдай. Сол үшін де біз елге келген ағайын­ның өзекті мәселесін көтеріп, олардың осы қоғамның толық­қанды мүшесі ретінде қа­лып­тасуына қолғабыс жасасақ деген бағытта жұмыс істеп жатыр­мыз. Ә де­геннен-ақ, елмен етене таныс болған Tú    r kіs­tan газеті міне, ширек ғасыр­дан асты, «дүниенің бетінде қандай да бір игілік кө­рінсе, Қа­зақ­­станға, қазаққа болсын, бір қандасымыз елге қосылса, тезірек орнын тап­сын, ата жұртта өсіп-өр­кен­деп, тамыр жайсын» деген ізгі, байтақ ой-ниетті ту етіп ке­леді. – Әңгімеңізге рақмет.  

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ