Салық рақымшылығы: қазақстандықтар 2,3 миллиард теңге қарызын төледі
Салық рақымшылығы: қазақстандықтар 2,3 миллиард теңге қарызын төледі
207
оқылды
190 мыңнан астам адам салық рақымшылығы мүмкіндігін пайдаланып, 2,3 млрд теңге қарызын төледі, ал есептен шығарылған өсімпұл шамамен 287,7 млн теңгені құрады. Бұл еліміздегі салық қарызы бар жалпы борышкерлердің 12,4 % екен. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Еске сала кетейік, салық рақымшылығы басталған кезде 1,5 млн жеке тұлғаның жалпы қарызы 25,1 млрд теңгені құрады, оның ішінде негізгі қарыз 21,1 млрд теңгені, өсімпұл 4,0 млрд теңгені құрады. Салық рақымшылығын қолданған азаматтардың саны бойынша алда келе жатқан өңірлер үштігінде Алматы (39 679), Шымкент қалалары (28 269) мен Алматы облысы (19 662) тұр. Төмен белсенділік танытқандар қатарында Павлодар (5007), Ақмола (4 350) және Солтүстік Қазақстан (1 568) облыстары. Қарызды өтеу көлемі бойынша көшбасшылар – Алматы қаласы (541 млн теңге), Алматы облысы, (308 млн теңге) және Шымкент қаласы (245 млн теңге) тұрғындары.
Ең аз өтелген қарыз көлемі Батыс Қазақстан (35,4 миллион теңге), Павлодар (22,7 миллион теңге) және Солтүстік Қазақстан (22 миллион теңге) облыстарында байқалып отыр. Есептен шығарылған өсімпұлдардың ең көп мөлшері Алматы (67,8 млн теңге) және Шымкент (42,8 млн теңге) қалаларына, сондай-ақ Алматы облысына (29,3 млн теңге) тиесілі. Төменгі көрсеткіш Атырау (6 миллион теңге), Батыс Қазақстан (3,8 миллион теңге) және Солтүстік Қазақстан (2,8 миллион теңге) облыстарында. Өсімпұлды есептен шығарудың басты шарты – негізгі салық қарызын төлеу. Өсімпұлдар төленген салық түрі бойынша есептен шығарылады.
Айта кетейік, салық рақымшылығын осы жылдың 31 желтоқсанына дейін пайдалану қажет. Ол үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады.

Тұмар МЫРЗА