Ұлан-ғайыр далада ұзын-сонар көштің шаңын қалдырып, ұлық күй кешкен ұлтымыздың ұсақтала бастаған тұсы балалар үйіне қалдырып жатқан балаларымызбен өлшеніп еді-ау. Құрсағын жарып шыққан сәбиін үкіметтің үйіне өткізіп, белінен бөлінген шарананың тағдырына көзін тарс жұмып қарайтын безбүйрек жандар қазақтығымызға қанша рет сын болды? Ал енді онсыз да көңілі жарым жандарға сол мекеменің қызметкерлері қорлық көрсетсе, не жорық? Өкінішке қарай, жетімдерге жәбір көрсететін фактілер көбейіп барады.
Тараздағы «Үміт» балалар үйінің кішкентай балаларына қырғидай тиген әйелдің видеосы пайда болғанда жағасын ұстамаған жан қалмады. Желіде оның қатысуымен түсірілген бейнежазба тарағаннан кейін, тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин: «Бұл балалар үйінде түсірілген жантүршігерлік видеодан әйелдің балаларға қатыгездік жасағаны көрінеді. Ол балаларды ұрып-соғып, орындыққа отырғызбай, өзін тыңдамағандарды басымен төмен салбыратып ұстаған. Тараздағы білім, денсаулық сақтау басқармалары мен полиция департаментіне тиісті сауал жолдадық. Мұнан кейін әкімдік арнайы комиссия құрды» дейді. Шынтуайтында жетімдерді тұқыртып, қорлық көрсеткен оқиғалардың басы емес еді бұл. Аз уақыт бұрын ғана Қостанай облысындағы Рудный қаласында осындай шулы оқиға болған. Онда жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларды қорлап ұстағандары соншалықты, бүлдіршіндерді атымен емес, нөмірмен шақырады екен. Ондағы балалардың бірнеше күн бойы нәжіс пен запыранында жатқаны да әшкереленіп, дәлелденген. Нәтижесінде, балалар үйінің басшылығы қызметтен босатылып, бұл мекеме Қостанайға көшірілді.
Осылай тізе берсек, тізгінін тартқызбайтын оқиғалар көп-ақ. Осыдан үш жыл бұрын Алматыдағы №1 балалар үйіндегі 10 жастағы жеткіншектің зорланғаны, артынша тағы екі баланың дәл осы қорлықты көріп келгені белгілі болып еді.
Қазақстан халықаралық конвенцияға қосылса да, Неке мен отбасы туралы кодекске қол қойса да, интернаттық тәрбиеге емес, отбасылық тәрбиеге басымдық берсе де, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ.
Балалар үйлеріндегі жетімдердің жайы өркениетке өкшесін тіреп тұрған бүгінгі қоғамымызды «бас ауруынан» айықтырмай тұр. Қамқорлыққа зәру қаракөздеріміз паналап отырған мекемелердегі бұл масқара қашанға дейін жалғасуы мүмкін? Жетімдердің көз жасы мен обалы кімге?
«Жетімдік – жұрттың қабағын оқитын ілім» деген бар. Онсыз да жүрегі жаралы жандар қамқорлыққа, мейірімге зәру. Алайда бұған қарап, еліміздегі барлық балалар үйіндегі жағдай осындай екен деген көзқарас қалыптастыруға болмайды. Әр мектептен, әр отбасыдан, әр қаладан шығатын қылмыстардың бірі деп қана қарау керек шығар. Дегенмен бұл жағдай әсіресе, жетімдер үйіне келгенде жүректі еріксіз сыздатып жібереді. Оларға «Ешкімі жоқ, қу жетім» деп қарайтын, қатал мұғалім емес, өзіндегі жылылықты сезіндіре алатын жұмсақ жандар керек. Ол жер – бұл балалардың отбасы. Тәрбиешілерін анасындай көріп, аз да болса махаббатқа бөленіп, дұрыс бағыт-бағдар алса ғана олар өзінің өмірдегі түзу жолына түсер еді. Өкінішке қарай, өздері тәрбиеленген ортада осындай қаталдық көрген балалардың бойында ашу, ыза, кек қалыптасып, кейін өзі араласқан қоғамдағы қылмыстардың орын алуына олардың да үлесі боп жатады» дейді психолог Ерлан Бошай.
Соңғы жылдары еліміздегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбейіп кеткені рас. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің бір бөлігі ақыл-ойының кемістігі барлар, жүйке ауруымен ауыратындар болса, көптеген жасөспірім қылмыскерлердің күнделікті іс-әрекеттеріне отбасы, оқу орындары, еңбек ұжымдары ешқандай бақылау болмағандықтан, соңы қылмыстық әрекетте ұласатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың арасында пайдакүнемдік-зорлық пиғылмен жасалатын ауыр қылмыстардың үлесі өте жоғары. Жасөспірімдер жасайтын қылмысты – ұрлық (53 %), тонау (10 %), қарақшылық шабуыл (15%) құрап отыр. Бұл тұста да бала санасының мейірімінен жұрдай бола бастағанын байқауға болады. Қылмысқа баруы ықтимал балалардың тағы бір тобы кезбелікпен күн кешуде. Кейбір деректерге сүйенсек, мектепке бармай, отбасынан алшақ қалған қараусыз жасөспірімдердің саны жүз мыңнан асады. Мамандар қылмыстың денін жасайтын балалардың қатарында көбіне балалар үйінің тәрбиеленушілері барын айтады.
«Қазір, жетімдер үйі тұрмақ, өз отбасынан мол мейірімді, өзіне керек махаббатты ала алмайтын балалар кездеседі. Біз күнделікті осындай балалармен жұмыс істейміз. Жұмысбасты ата-ана, олардың қолқысқалығы, бәрі, бәрі, сол отбасында тәрбиеліп жатқан әрбір балаға өз ықпалын тигізеді. Бала – ол «жаман» немесе «жақсы» болып бөлінбейді. Бала бұзықтық жасаса, қыңырлық жасаса, демек әр ата-ана немесе оны тәрбиелеп отырған адам өзінің іс-әрекетін саралау керек. Кілтипан тек сол жерде болады. Ал біздегі балалар үйлеріндегі соңғы жағдайларға келсек, расында бала өзіне керек дүниені ала алмағандықтан, қарсылық көрсетеді. Одан ары қатыгездікке тап бола берсе, онда оның психикасына үлкен соққы болады. Ең сорақысы, бұл жылдар өте өзіне кедергісін тигізетін үлкен қылмысқа, қатыгездікке апаруы әбден мүмкін. Көбіне балалар үйінен түлеп ұшқан тәрбиеленушілерден осындай жауап болатыны сондықтан. Енді мұны аяқсыз қалдырмау керек. Меніңше, бұл жерде сол тәрбиешіні немесе балалар үйінің директорын жазалап қою аздық етеді. Оларға деген көзқарасты өзгертетін, басқалай бір жеке бағдарлама керек шығар бәлкім?! Мүмкін ондағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көңіл бөле отырып, осы дүниенің шешімін табу керек пе? Мамандарды әбден тексеріп, қызметке аларда оған үлкен жауапкершілікпен қарау керек болар. Әйтеуір осындай бір жолдарын қарастыру керек» дейді отбасылық психолог Әсем Жаңалыққызы.
Бұл – балалар үйінде жүріп жәбір көрген жетімдердің жайы болса, балалар үйінен жыраққа кеткен жетімдердің көргені одан да сорақы. Ресей сайттары АҚШ-та «қолдан-қолға өтіп жүрген» балалардың дені Эфиопия, Ресей, Украина, Қытай, Либерия, Гаити, Гвантемал, Бразилия, Қазақстан, Вьетнам елдерінің балалары деп жазады. Осыған дейін Американың Массачусетс штаты тұрғындары ерлі-зайыпты Линда мен Джозеф Мэйоттқа Қазақстаннан асырап алынған екі баланы зорлап жәбір көрсеткенін білеміз. Қазақстаннан асырап алған ұл-қызын қойындарына салып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген ата-ана сымақ бар болғаны 20-25 жылға ғана жазасын өтейтін болды. Бұл уақыт сол балалардың ұрланған бал-дәуренін өтей ала ма? Жетімдердің жанына жара салып, сатып жібере салатынымыз аздай, оларды қорлайтын қылмысқа неге барамыз?
P.S.