Жәбір көрген жетімдердің обалы кімге?

Жәбір көрген жетімдердің обалы кімге?

Ұлан-ғайыр далада ұзын-сонар көштің шаңын қалды­рып, ұлық күй кешкен ұлты­мыздың ұсақтала бастаған тұсы балалар үйіне қалдырып жатқан балаларымызбен өл­шеніп еді-ау. Құрсағын жарып шыққан сәбиін үкіметтің үйіне өткізіп, белінен бөлінген ша­ра­наның тағдырына көзін тарс жұмып қарайтын без­бүйрек жандар қазақтығы­мыз­ға қанша рет сын болды? Ал енді онсыз да көңілі жарым жандарға сол мекеменің қыз­меткерлері қорлық көрсетсе, не жорық? Өкінішке қарай, жетімдерге жәбір көрсететін фактілер көбейіп барады.

Тараздағы «Үміт» балалар үйінің кішкентай балаларына қырғидай тиген әйелдің видеосы пайда болғанда жағасын ұстамаған жан қалмады. Желіде оның қа­тысуымен түсірілген бейнежазба тара­ғаннан кейін, тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин: «Бұл балалар үйінде түсірілген жантүршігерлік видеодан әйелдің балаларға қатыгездік жасағаны көрінеді. Ол балаларды ұрып-соғып, орындыққа отырғызбай, өзін тыңдамағандарды басымен төмен салбыратып ұстаған. Тараз­дағы білім, денсаулық сақтау басқармалары мен полиция де­партаментіне тиісті сауал жол­дадық. Мұнан кейін әкімдік арнайы комиссия құрды» дейді. Шынтуайтында жетімдерді тұ­қыртып, қорлық көрсеткен оқи­ғалардың басы емес еді бұл. Аз уақыт бұрын ғана Қостанай облы­сындағы Рудный қаласында осындай шулы оқиға болған. Онда жетімдер үйінде тәрбие­леніп жатқан балаларды қорлап ұстағандары соншалықты, бүл­діршіндерді атымен емес, нөмір­мен шақырады екен. Ондағы бала­лардың бірнеше күн бойы нәжіс пен запыранында жатқаны да әш­кереленіп, дәлелденген. Нәти­жесінде, балалар үйінің басшы­лығы қызметтен босатылып, бұл мекеме Қостанайға көшірілді.

Осылай тізе берсек, тізгінін тартқызбайтын оқиғалар көп-ақ. Осыдан үш жыл бұрын Ал­матыдағы №1 балалар үйіндегі 10 жас­тағы жеткіншектің зор­ланғаны, артынша тағы екі баланың дәл осы қорлықты көріп келгені белгілі болып еді.

Қазақстан халықаралық конвенцияға қосылса да, Неке мен отбасы туралы кодекске қол қойса да, интернаттық тәрбиеге емес, отбасылық тәрбиеге басымдық берсе де, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ.

Балалар үйлеріндегі жетім­дердің жайы өркениетке өкшесін тіреп тұрған бүгінгі қоғамымызды «бас ауруынан» айықтырмай тұр. Қамқорлыққа зәру қаракөздеріміз паналап отырған мекемелердегі бұл масқара қашанға дейін жал­ғасуы мүмкін? Жетімдердің көз жасы мен обалы кімге?

«Жетімдік – жұрттың қаба­ғын оқитын ілім» деген бар. Онсыз да жүрегі жаралы жандар қамқорлыққа, мейірімге зәру. Алайда бұған қарап, еліміздегі барлық балалар үйіндегі жағдай осындай екен деген көзқарас қа­лыптастыруға болмайды. Әр мектептен, әр отбасыдан, әр қала­дан шығатын қылмыстардың бірі деп қана қарау керек шығар. Дегенмен бұл жағдай әсіресе, жетімдер үйіне келгенде жүректі еріксіз сыздатып жібереді. Оларға «Ешкімі жоқ, қу жетім» деп қарай­тын, қатал мұғалім емес, өзін­дегі жылылықты сезіндіре ала­тын жұмсақ жандар керек. Ол жер – бұл балалардың отбасы. Тәрбиешілерін анасындай кө­ріп, аз да болса махаббатқа бө­ле­ніп, дұрыс бағыт-бағдар алса ға­на олар өзінің өмірдегі түзу жо­лына түсер еді. Өкінішке қа­рай, өздері тәрбиеленген ортада осындай қаталдық көрген бала­лар­дың бойында ашу, ыза, кек қалыптасып, кейін өзі араласқан қоғамдағы қылмыстардың орын алуына олардың да үлесі боп жа­тады» дейді психолог Ерлан Бошай.

Соңғы жылдары еліміздегі жас­өс­пірімдер арасындағы қыл­мыстың көбейіп кеткені рас. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің бір бөлігі ақыл-ойының кемістігі барлар, жүйке ауруымен ауыра­тындар болса, көптеген жас­өспірім қылмыскерлердің күн­делікті іс-әрекеттеріне отба­сы, оқу орындары, еңбек ұжым­дары ешқандай бақылау бол­ма­ғандықтан, соңы қылмыстық әрекетте ұласатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Кәмелетке тол­мағандар жасайтын қылмыстардың ара­сында пайдакүнемдік-зор­лық пиғылмен жасалатын ауыр қылмыстардың үлесі өте жо­ға­ры. Жасөспірімдер жасайтын қыл­мысты – ұрлық (53 %), тонау (10 %), қарақшылық шабуыл (15%) құрап отыр. Бұл тұста да бала санасының мейірімінен жұр­дай бола бастағанын байқауға бо­лады. Қылмысқа баруы ықтимал балалардың тағы бір тобы кез­бе­лікпен күн кешуде. Кейбір дерек­терге сүйенсек, мектепке бар­май, отбасынан алшақ қалған қараусыз жасөспірімдердің саны жүз мыңнан асады. Мамандар қылмыстың денін жасайтын бала­лардың қатарында көбіне балалар үйінің тәрбиеленушілері барын айтады.


«Қазір, жетімдер үйі тұрмақ, өз отбасынан мол мейірімді, өзіне керек махаббатты ала алмайтын балалар кездеседі. Біз күнделікті осындай балалармен жұмыс іс­тейміз. Жұмысбасты ата-ана, олар­дың қолқысқалығы, бәрі, бәрі, сол отбасында тәрбиеліп жатқан әрбір балаға өз ықпалын тигізеді. Бала – ол «жаман» немесе «жақсы» бо­лып бөлінбейді. Бала бұзықтық жасаса, қыңырлық жасаса, демек әр ата-ана немесе оны тәрбиелеп отырған адам өзінің іс-әрекетін саралау керек. Кілтипан тек сол жерде болады. Ал біздегі балалар үйлеріндегі соңғы жағдайларға келсек, расында бала өзіне керек дүниені ала алмағандықтан, қар­сылық көрсетеді. Одан ары қаты­гездікке тап бола берсе, онда оның психикасына үлкен соққы бо­лады. Ең сорақысы, бұл жылдар өте өзіне кедергісін тигізетін үл­кен қылмысқа, қатыгездікке апаруы әбден мүмкін. Көбіне ба­ла­лар үйінен түлеп ұшқан тәр­бие­ленушілерден осындай жауап болатыны сондықтан. Енді мұны аяқсыз қалдырмау ке­рек. Меніңше, бұл жерде сол тәрбие­шіні немесе балалар үйінің директорын жазалап қою аздық етеді. Оларға деген көзқарасты өз­гертетін, басқалай бір жеке бағ­дар­лама керек шығар бәлкім?! Мүмкін ондағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көңіл бөле отырып, осы дүниенің шешімін табу керек пе? Мамандарды әбден тексеріп, қызметке аларда оған үлкен жауапкершілікпен қарау керек болар. Әйтеуір осындай бір жолдарын қарастыру керек» дейді отбасылық психолог Әсем Жаңалыққызы.

Бұл – балалар үйінде жүріп жәбір көрген жетімдердің жайы болса, балалар үйінен жыраққа кеткен жетімдердің көргені одан да сорақы. Ресей сайттары АҚШ-та «қолдан-қолға өтіп жүрген» ба­ла­лардың дені Эфиопия, Ресей, Украина, Қытай, Либерия, Гаити, Гвантемал, Бразилия, Қазақстан, Вьетнам елдерінің ба­ла­лары деп жазады. Осыған дейін Американың Массачусетс штаты тұрғындары ерлі-зайыпты Линда мен Джозеф Мэйоттқа Қазақстаннан асырап алынған екі баланы зорлап жәбір көрсеткенін білеміз. Қазақстаннан асырап алған ұл-қызын қойындарына са­лып, жыныстық қатынасқа мәж­бүрлеген ата-ана сымақ бар болғаны 20-25 жылға ғана жа­засын өтейтін болды. Бұл уақыт сол балалардың ұрланған бал-дәуренін өтей ала ма? Жетімдердің жанына жара салып, сатып жібере салатынымыз аздай, оларды қор­лайтын қылмысқа неге барамыз?


P.S.

Қабырғаның арғы жағындағы қоғам. Жәудіреген жетімдердің мекенін өзіміз қолдан жасап отырған жоқпыз ба осы? Әлемдегі өркениетті елдердің барлығы басқа жүйемен өмір сүруде. Оларда баланың балалар үйінде тұруы балаға жасалған қастандық болып есептеледі екен. Ал біз сол қастандыққа тағы да қастандық жамап отырмыз.