Жуырда қоғамдық көлік кондукторының жолаушылардың лық толғанына қарамастан, ортаңғы есіктен адамдарды қораға мал қамағандай тықпалап, нығыздап, сыйғызып алып кеткен видеосы әлеуметтік желілерді шулатты. Бұл қоғамдық көліктің Алматы қаласынан екені автобустың сыртындағы жазудан көрініп қалған болатын. Түсірілім әлеуметтік желіде біраз талқыға салынды.
Алайда шымкенттіктер үшін мұндай көрініс таңсық емес. Әсіресе, таңда жұмысқа асыққан қала тұрғындары аталған жағдаймен жиі ұшырасады. Бұған қала аумағының кеңейіп, тұрғындарының саны көбейіп жатқаны себеп болса керек. Мәселен, Шымкент қаласының жер көлемі соңғы бес жылда үш есеге ұлғайып, жаңадан 40 елді мекен қосылған. Сол себепті қаланың шеткері елді мекендерін қоғамдық көлік қызметімен қамту әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ал жолаушылар көліктеріне жауапты мекеме мегаполистің көлік қозғалысын әлі реттей алмай отырған сыңайлы. Тіпті, Шымкенттің республикалық маңызға ие мегаполис қатарына қосылғанына жылдар өтсе де, мұнда әлі күнге дейін жолаушыларды аузы-мұрнына дейін толтырып, шағын автобустар зырғып жүреді. Қала тұрғындары шағын автобустарға деген шағымын айтудай-ақ айтып келеді.
Бүгінде Шымкент қаласындағы 25 көлік компаниясы 78 бағытта 1 116 көлікпен халыққа қызмет көрсетуде. Автобус 886 кестемен жүрсе, шағын автобустар 275 кестемен жолаушыларға қызмет етеді. Жалпы, 18 шағын автобус бағыты бар. Демек, әлі күнге дейін қалада осынша шағын автобус бағыты жүр деген сөз.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев жыл сайын автобустар санын арттырып келе жатқанын айтады. «Қалалық маршруттардағы автобустарды жаңарту механизмі жасалып, оған Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ оператор болып анықталды. Жалпы, автобустарды жаңарту механизмі аясында қалаға 1 000 автобус әкелу жоспарланған. Бүгінде оның 300-і жеткізілді. Қалған 700-і 2020 жылы сатып алынбақ. Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан Shymkent-Bus басқарушы компаниясы ЖШС автопаркі құрылды. Бүгінгі таңда жоба аясында сатып алынған 300 жаңа автобус осы автопарктен шығуда» дейді ол.
Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар шағын автобустардың орнына жаңа автобустар жүріп жатқанын да жеткізді. №38 шағын автобус бағытының орнына №138 автобус бағыты, №96 шағын автобус бағытының орнына №196 және №13 шағын автобусының орнына №113 автобус бағыты ашылған. Бөлім басшысының айтуынша, қаладағы газельдер толық қолданыстан шықпайды. «Шымкент қаласында автобус кіре алмайтын көшелер бар. Сондықтан ол аймақтарда жүрген шағын автобус бағыттарының орнын автобусқа алмастыра алмаймыз. Ал кейбір шағын автобустарды ауыстыру жұмыстары жалғаса береді» дейді бөлім басшысы.
Шағын автобус бағытының бригадирлері де дәл осы жауапты айтты. Газельдер қолданыстан шықпайды дегенге сенімді. Мәселен, Шымкент қаласы көшелеріне шығатын автобустардың басым бөлігін қамтитын Green Bus Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қосымша 4 бағыттағы шағын автобустарды да қалаға жүргізіп қойған. Бригадир Мақсат Кененбаев шағын автобустар жүретін тар көшелер мен кедір-бұдыр жолдармен автобус жүре алмайтынын айтады. «Сигма» фирмасынан шығатын №118,109 шағын автобустарының бригадирі Бахадыр Розметов те күн сайын бір бағыт бойынша 20-ға жуық жолаушы тасымалдайтын газельдерді автобусқа айырбастау мүмкін емесін жеткізді.
Соған қарағанда, Шымкент газельден жуық арада құтыла алмайтын секілді. Кондукторлар қала тұрғындарын сол баяғы сарынмен мінгестіріп алып жүруін тоқтатпайды деген сөз. Сондай-ақ қаладағы жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердегі проблемалар мұнымен бітпейді. Осы тұста Шымкент автопарктеріндегі көліктердің 50 пайыздан астамының техникалық талаптарға сай келмейтінін айта кетейік. Сонымен бірге жүргізушілер мен кондукторлар мәдениетінің төмендігі, жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасыздығы, маршруттар кестесінің сақталмайтыны және тиімді емес маршруттарға шықпай қоюы жағдайының жиі болуы да жолаушылардың бас ауруына айналған. Еліміздің барлық қалаларында көпбалалы аналар тегін немесе 50 пайыздық жеңілдікпен жүрсе, шымкенттік автобустар «Алтын алқа» иегерлері мен соғыс ардагерлеріне ғана тегін қызмет көрсетеді. Осылайша, Шымкент қоғамдық көліктеріндегі проблемалар қазір өзектілігін жоймақ емес.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы