Ілияс Жансүгіровтің Жетісуды екі күн қатарынан дүбірге бөлеген 125 жылдық мерейтойы ақынның туған жері Ақсуда басталып, облыс орталығындағы ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасып, «Талдықорған» атшабарындағы ұлттық ат спорты түрлерінен өткен тайталасты жарыспен тамамдалды.
Бірінші күні жиналған жұртшылық алдында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хаты оқылып, Ақсу ауылындағы орталық алаңда Жыр құлагерінің алыстан асқақтап тұратын алып ескерткіші ашылды. Облыс әкімі осынау игі іске демеушілік жасаған Молдияр Нұрбаев пен ескерткіштің авторы Қазбек Дулатовқа халық атынан алғысын жеткізді. Тойға келгендер ақынның өмірі мен шығармашылығын паш ететін «Құлагер» қойылымын тамашалады. Түсте ас беріліп, Құран оқылды.
Мерейтойдың екінші күні Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда ақынның облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген 20 томдық жинағы мен ТҮРКСОЙ ұйымы шығарған «Үш арыс» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Б.Римова атындағы драма театрға жан-жақтан жиналған қонақтар ақын өлеңіндегі Жетісу суреттеріне арналған картиналар топтамасы мен Ілиястың әдеби-мемориалды музейінің жәдігерлері қойылған көрмені көрді.
– Ілияс Жансүгіров – Алаштың алыбы, күллі қазаққа ортақ тұлға. Әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеп, сөз өнерінің көркемдігі мен эпикалық тынысын барынша кеңейткен, оның классикалық дамуын жаңа сатыға көтерген дара дарын. Жыр құлагерінің есімін ұлықтап, өскелең ұрпаққа қалдырған бай мұрасын насихаттау мақсатында облысымызда біршама жұмыстар атқарылды. Ілияс Жансүгіровтің мұраларын толықтыру, қолда жоқ шығармаларын жинастыру мақсатында құрылған «Ілияс ізімен» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция Ресей жеріне барып қайтты. Көптеген құнды деректер тауып, елге олжалы оралды, – деген облыс әкімі Жетісу мемлекеттік университеті ғалымдарының ізденістері нәтижесінде Ілиястың шығармашылығына арналған 20 томдық жинақ жарық көріп, оған ақынның кең көлемде насихаттала қоймаған тың дүниелері енгізілгенін де айта кетті.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз сөзінде Мәскеуге барған экспедиция Ілиястың 18 кітабын тауып келгені қазақ әдебиеті үшін зор жаңалық екенін атап өтті.
Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Ілиястың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталса, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш «Ілияс Жансүгіровтің көркемдік әлемі», І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушысы, филология ғылымының докторы Мұратбек Иманғазинов «Ілияс жөніндегі соңғы зерттеулер», жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат «Ілияс журналистикасы», филология ғылымының докторы Серікқазы Қорабай «Ілияс Жансүгіровтің «Дала» поэмасы. Айтылмай келген ақиқат» тақырыптарында баяндама жасады. Конференцияда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың құттықтауы оқылды. Ілиястың немерелері Ажар, Жанар, Лейла Жансүгіровалар Жансүгіров қоры атынан облыс әкіміне, ақынның әдеби-мемориалды музейіне, ақын атындағы университетке Ілиястың ағылшын тіліне аударылып, жарық көрген кітаптарын сыйлады. Мерейтой аясында өткен республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесі ақын Байбота Қошым-Ноғайға беріліп, бірінші орынды ақын Серік Ақсұңқар иеленді. Жыр жарысының қорытындысын жариялаған ардагер-журналист Нұртілеу Иманғалиұлы ертеректе Ілиясқа арнап «Қазақтың маңдайына өлең бітсе, өлеңнің маңдайына бітіп ең сен» деп өлеңімен өшпес ескерткіш қойған көрнекті ақын Тұрсынзада Есімжановқа ақсулық азаматтар атынан темір тұлпардың кілтін тапсырды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы