Қазіргі таңдағы «заманауи терроризм» ұғымы, біріншіден, саяси феномен екенін мойындауымыз қажет. Жаңа заманда соғыс, яғни қарулы әскери агрессия халықаралық құқық нормалары бойынша заңсыз тыйым салынған әрекет болып саналады. Сондықтан бүгіндері астыртын, қарусыз соғыстың жаңа форматтағы әдістері дамып жатыр. Ал осы әдістердің айқын көрінісі «терроризмді» саяси құрал ретінде пайдалану болып отыр.
Бүгінгі заманауи терроризмнің ерекшелігі – оның артында кім тұрғаны, қандай мақсатты көздегені жасырын болуында. Әдетте бұл адамзатқа қауіпті, зиян іс-әрекеттің «орындаушылары» өздерінің не істеп, не қойып жатқанын түсінбейтін, білмейтін «діни догмалардың» арбауына түскен қуыршақтар болады. Мұндай террорлық актілердің нақты қандай мақсатты көздегені жылдар өткеннен кейін ғана, сарапшы мамандардың зерттеу жұмыстарының көмегімен ашылып жатады.
Қазіргі саяси-құқықтық құндылықтар жүйесі ақпараттық қоғам формациясының экспансиялық әсерінен өзгерістерге ұшырап, қайта бағамдалып жатқан сәтте заманауи терроризм құбылысы өзі пайда болған барлық жерде мультипликативтік эффект тудырып жатыр. Қоғамдық пікір мен саяси билік арасындағы байланыста әдетте тікелей бағытқа ие манипуляциялық әдістерде жанама атқарушылық табиғатқа ие болып, түр өзгертуде. Мәселен, «қорғау», «қауіпсіздендіру» желеуімен терроризмнің «жасырын» саяси-экономикалық мақсаттарға қызмет еткен іс-әрекеттерін ақтау. Осындай жасырын мақсаттарды көздеген террорлық актілерді орындау үшін алғышарт ретінде «құрастырмалы қауіп», «секьюритизация» әдісі қолданылады. Яғни, әлеуметтік, мәдени немесе саяси құбылыс пен тақырыпты «өзекті ішкі немесе сыртқы қауіпсіздік» деңгейіне дейін көтеру. Батыстық бірқатар сарапшылардың пікірінше, «құрастырмалы (конструктивті) қауіп, үрей» көпшілік жағдайда қауіпсіздікке қатысы жоқ тақырыптарды «қауіпті», «қорқынышты» етумен байланысты дейді.
Мәселен, әлемде жол үстінде көлік апатынан қайтыс болған адамдардың саны халықаралық терроризмнің салдарынан қайтыс болған адамдардың санынан мың есе артып түседі. Алайда сіздің санаңызда жол мен автокөліктің қауіптілігінен гөрі, террористік актінің қауіптілік үрей тудыру перспективасы басым. Бұл медиа мен саяси құралдар арқылы сіз бен біздің санамызға салынып жатқан «үрей» мен «қорқыныштың» проекциясы. Терроризм қауіпті және қорқынышты. Алайда мәселе әрбір террордың артында жасырынған үлкен террор бар екенінде.
Заманауи терроризм құбылысы ашық манипулияциялық табиғатынан бөлек, азаматтардың санасына және саяси режимдерге әсері арқылы өз кезегінде секьюритизациялық эффект тудырады. Мәселен, кезінде дәл осындай мысалмен АҚШ саяси авантюралар жасап, Ауғанстан мен Ирак, кешегі Сирия мемлекеттерінің жеріне басып кіріп, Таяу Шығыс аймағында саяси-әлеуметтік балансты бұзған болатын. Кез келген мемлекет пен саяси күштен жасанды құбыжық – «Левиафан» жасау заманауи терроризмге тапсырыс берушілерге таптырмас құрал.
Мысалы, біздің бүгінгі ақпараттық кеңістігімізде Орта Азия елдеріне халықаралық террористік ұйымдар тарапынан төнетін қауіп-қатері жиі жазылуда. Кешегі Сирия жерінде күйреуге ұшыраған «ДАИШ» секілді ұйымдардың Орта Азия мен Орталық Азия аймағына локация ауыстыруы – халықаралық қауіпсіздіктің күн тәртібінде тұрған мәселелерінің бірі. Дегенмен Орта Азиядағы діни экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатері туралы ақпараттарды сараптасақ, олар да біржақты ақпараттық табиғат, бірсарындылық басым екені байқалады.
Мына бір статистикалық мәліметке қарайтын болсақ, 2000-2016 жылдар аралығындағы заманауи терроризм кесірінен әлемдік деңгейдегі келтірілген шығын көлемі берілген. Соңғы жылдардағы Сирия жеріндегі қарулы қақтығыстарды ескеретін болсақ, бұл көрсеткіштер артпаса, кемімегені анық. Дін атын жамылған терроризм мен экстремизммен күресуге бөлініп жатқан қаржы мен одан келіп жатқан қаржылық зардапқа қарасаңыз, терроризм тақырыбы өз алдына «нарық» қалыптастырып отырғанын көреміз. Және де осы терроризммен күресіп жатқан саяси күштердің ешбірі күресті өз территориясында жүргізіп жатқан жоқ. Халықаралық терроризммен күрес, бұл жаңа геосаяси мүдделер мен энергетикалық ресурстарға салынған «инвестиция» болып отыр.