Қазақ тілі – рухани негізіміз
Қазақ тілі – рухани негізіміз
673
оқылды

Мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасының салиқалы саясатының арқасында кемел келешек, жарқын болашақ орнатуды мұрат ете отырып, сындарлы сәттер мен талай тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Елдегі қалыптасқан саяси тұрақтылық пен ел бірлігі, елдігімізді нығайту жолындағы еселі еңбектер нәтижесін берді. Өйткені мемлекетіміздің ұстанған саясаты мен алған бағыты, таңдаған жолы дұрыс әрі айқын болды.

Расында, Қазақстанның ел бо­лып қалыптасуына күмәнмен қара­ған елдер де кездесті. Алайда әлем наза­рын өзіне аударған Қазақстан жыл өткен сайын қарқындап дами бастады, ел эко­номикасы өсіп-өркендеп, хал­қы­­мыз­­дың әл-ауқаты артты, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ендік. Біз осынау жылдар ішінде төл тарихымызды тү­ген­деп, мәдени мұра­мыздың қа­та­­рын то­лық­тырып, ғасыр­дан-ға­сыр­ға жал­ға­сып келе жат­қан салт-дәс­түрімізді қайта жаң­­ғыртып, ұлт­тық құндылықтарға мемлекеттік дең­гейде мән беріле бастады.

Осы орайда, мемлекеттік тілдің бү­гінгі жай-күйі, қолданылу аясы әлі де өз деңгейінде емес. Себебі ми­­нистрліктердің қатысуымен өте­тін жиын мен бұқаралық шара­ның көп­шілігі орыс тілінде жүреді. Көр­некі ақпараттардағы мемлекет­тік тілдің қолданылуы да заң талап­та­рына сай болмай отыр. Сонда қалай болғаны? 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң­ның 4-бабында: «Қазақ­стан Респуб­ликасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекет­тiң бүкiл аумағында қоғам­дық қаты­нас­тың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республика­сы­ның әр­бiр азаматының парызы» деп тай­ға таңба басқандай атап көрсет­кен. Осы заң талаптарын орындауға бізге не кедергі?

Ешкім келіп, «сен орысша сөйле» немесе «ісқағаздарды орыс тілін­де рәсімде» деп жатпаса да, тоқсан қазақ қатысқан жиынға бір орыс үшін орысша өткізеді. Әсіресе, министрлік өкілдері көп жағдайда Үкімет жиы­нын­да хабарламаны орысша жасайды. Бірде облыс орта­лы­ғында біраз меке­ме­ аттес­тация­дан өтетін болып, жұ­­мыс тобы­ның құрамына мәслихат депу­­таты ретін­де мені де қосыпты. Со­дан аттеста­цияда барлығы орыс­ша өтті. Осы жағдай жаныма қатты батты. Сөй­тіп, елордадан келген өкілге: «Біз неге аттестация­ны қазақша өт­кіз­­бей­міз, өзімізді өзіміз сыйлама­ға­ны­мыз ба?» деп ескерту жасап едім, аттес­­та­ция­­дан өтушілер де бұл сө­зім­ді қуаттап кетті.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көте­ру үшін қабылданып жатқан мем­лекеттік бағдарламалар бар және мемлекет тарапынан бөлініп жат­қан қаражат та аз емес. Алайда ана тіліміз­дің халі әлі де мүшкіл, ол да өзімізден. Бұл дегеніміз – қоғамда ұлттық идео­ло­гия, ұлттық тәрбие ақсап тұр. «Тілі жойылған ұлттың өзі де жойылады» дегендей мемле­кет­­­тік тіл мәселесіне ешқашан бей­жай қарауға болмайды. Сол жағынан Қызылорда облысы рес­пуб­лика бойынша бірінші болып меке­­ме­лер­де ісқағаздарды мемлекет­тік тілде жүргізуге көшті. Жүргізген мони­торинг қорытындысы көрсеткен­дей, 2013 жылы мемлекеттік тілде шы­­ғыс­талған құжат айналымы 98,2 па­йыз­ды құраған. 2014 жылы бұл көр­сет­кіш – 99 пайызға, 2015 жылы 99,9 пайызға жетті.

Дегенмен өңіріміздің өзінде тіл төңірегінде шешілмей тұрған мәсе­ле­лер әлі қаншама?! Кейбір меке­ме­­лер­дегі ісқағаздардың әлі де рес­ми тіл­де жүргізілуі, көше бойла­ры­на, сауда орын­дарына ілінген көрнекі ақпарат­тар­­дың заң талап­та­рына сай болмауы – осының ай­ға­ғы. Еліміздің солтүстік өңір­­ле­рін­дегі жағдай мүлдем сын кө­тер­мейді. Петропавл, Павлодар се­кілді қала атаулары мен кешегі ке­ңес­тік дәуір­де берілген орысша көше атау­лары қаншама жерде көтері­ліп жүрсе де, өзгеріссіз қалып тұр.

Қазіргі қолданыстағы ресми құ­жаттар тілі бір жүйеге түспей тұр­ға­ны да сондықтан. Олар қазақша жүргізіл­меген соң, қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейеді деп сену қиын. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша «Кез кел­ген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес. Бүгінде Қазақ­стан халқы да замана көшінен қал­май, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр. Көрші мемлекеттің көпшілігі ла­тын графикасын таңдады. Әлемдегі ақ­па­раттың 90 пайызы латын графика­сын­да жарық көреді. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – «Рухани жаң­­ғырудың» ең шешуші кезеңінің бірі. Бұл – қоғамдық ой мен санаға түп­кілікті өзгеріс жасайтын қадам. Елімізде қазақ тілінің латын графи­ка­сына негізделген әліпбиін пайда­ла­на бастаған құрылымдар да бар. Ла­тын әліпбиіне көшу кезең-кезе­ңі­­мен жал­ға­са береді» деп атап өт­кен.

Алайда күннен-күнге қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп келеді. Тіпті ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деген сенімді Президентіміз білдірген еді. Бірақ мұн­­дай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Тіл мәселесі жөнінде Президент Қ.Тоқаев «Сындарлы қо­ғам­­дық диалог – Қазақстанның тұ­рақ­­­тылы­ғы мен өркендеуінің негізі» атты ал­ға­шқы Жолдауында көтерген бо­ла­тын. Онда білім мәселесімен бір­ге, үштілділікке де қатысты пікі­рін білдір­ді. «Бірінші, қазақ тілі. Өз тілін жарыт­пай жатып, ағылшын­ға асыққан дұрыс емес» деді Прези­дент.

Міне, мұның бәрі – тегіннен-тегін айтылған жоқ, уақыт оздырмай ана тілі­міздің абыройын асқақтату үшін жа­салуы тиіс маңызды қадам­дар. Қа­зақ­станның болашағы – қазақ ті­лін­­де! Қазақ тілі – біздің рухани не­гізіміз! Сондықтан оны қоғам­ның бар­лық саласында бел­сен­­ді пайдалана ала­тындай деңгейде дамытуымыз қа­жет. Мұны осылай істеуге міндет­ті­міз. Мем­­ле­кеттік тіл үстемдік етуі тиіс. Осы­­ның жолында баршамыз бірлесе атса­лысуымыз керек. Сонда ғана ана тілі­міз Ата заңымызда көрсетілген лайық­ты мәртебесіне ие бола алады. Олай болса, ұлттық құндылықтарды ба­­рын­ша қастерлеп, қанға сің­ген қасиетті дәріптеп, «Мәңгі­­лік ел» болу жолындағы ізгі мұрат­тар­ға жете берейік.

 

Жанкелді ЫСҚАҚ,
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты