Жастарға мамандық таңдауды үйрету керек
Жастарға мамандық таңдауды үйрету керек
419
оқылды
Әлемдегі ең қауіпті мамандық тізімі де белгілі. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Оның үстіне, Елбасымыз «Абай аманаты» мақаласында әр жастың қоғамға кірпіш болуып қалану жолында жұмыс істеу керегін нұсқаған. Өз кезегінде біз де балаларға мамандықтардың қыр-сырын түсіндіруді негізге алдық. Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық түрі дүниеге келді. Айта кетерлігі, кез келген еңбек – мамандық емес. Еңбектің мамандық деп аталуының өзіндік шарттары бар: бірі - маман атануыңыз үшін білім алып, қолыңызға сол саланың дипломын, куәлігін, аттестаты не сертификатын алуыңыз керек. Екіншісі, еңбегіңізге сай ақысын аласыз. Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьера жасау екеуі – екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. Осы мақсатта Қапшағай қаласы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Мамандықтар жәрмеңкесі» кәсіби бағдар беру форумы атты 13-ауысым өтіп жатыр. Басты мақсат – 20 күндік демалысын өткізуге келген балаларға болашақта пайдалы маман иесі болуға бағыт беру. Ауысымда Алматы облысынан келген 360 бала өздерінің демалысын өткізіп жатыр. Орталықтағы балалардың мектеп жасындағы 8-9 сынып оқушылары екенін ескере отырып, осы тақырып бойынша жүргізіліп жатқан ауысым олардың өміріне оң тұрғыдан әсер ететіні сөзсіз. Жоспар-кестеге сай балаларға демалыс барысында мамандықтың көп қырын таныстырумен қатар, елімізге қазіргі таңда қажеттілігі жоғары мамандық түрлерін қарастырады. Осыған орай, келешекте балалардың өміріне керек тақырыптарды басты назарда ұстап, ауысым тақырыптарын да түрлердіру – басты мақсатымыз. Өмір жолдарында дұрыс маман иесі болып, жемісті жұмыс жасаса, бұл тұрғыда Балдәуреннің де септігі көрініп тұрары белгілі. Әр жеткіншектің жеңісі – біздің басты қуанышымыз.  

Нұрперзент ЕРПОЛАТ,

Қапшағай қаласы «Балдәурен» Республикалық

оқу-сауықтыру орталығының әдіскері