Нобель алудың ерте-кеші жоқ. Биыл 97 жастағы химик Нобель сыйлығына ие болды. Эфиопия премьер-министрінің Эритреямен келіссөзі бейбітшілік белгісімен бағаланды. Сондай-ақ физика, медицина, әдебиет пен экономика саласы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Бейбітшілік жаршысы
Норвегия астанасы Ослода Нобель сыйлығының бейбітшілік саласы бойынша жеңімпазы анықталды. Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед Али демократиялық іс-әрекеті үшін жүлдеге лайық деп танылды. Қазір оны жаһан Барак Обама, Нельсон Мандела мен Михаил Горбачевпен салыстырып жатыр. Премьер-министр Нобель алатындай не істеді дерсіз. Нобельдің ресми сайтында «Абий Ахмед Али Эритреямен шекарадағы қақтығысты басуда көрсеткен жанкешті қызметі үшін осы сыйлыққа лайық болды» делінген.
Африкадағы көршілес мемлекеттердің өзара қақтығысы ХХ ғасырдан бастау алады. 1993 жылы Эфиопия Эритреяның тәуелсіздігін мойындады. Бірақ Бадме қаласы мен айналасындағы тіршілік туралы келісім болмады. Сол үшін 1998 жылы соғыс басталып, 2000 жылға дейін жалғасты. Салдарынан, 80 мыңға тарта адам қаза тауып, іс Гаагадағы халықаралық трибуналға жіберілді. Жоғарғы сот Бадмені Эритреяға тапсырғанымен, Эфиопия мұны мойындамады. Сонымен екі ел арасындағы қырғиқабақ соғыс басталды. Әуе байланысы мен дипломатиялық қатынас шиеленісіп, шекара төтенше жағдай үшін жиі дабыл қақты.
2018 жылы Эфиопияға саяси көктем келді. Абий Ахмед Али сәуір айынан бастап премьер-министр қызметіне тағайындалды. Үкімет басына келгендегі алғашқы ісі көршімен ара-қатынасты түзеу болды. Шілдеде Эритреяға барып, аумақ мәселесін елдің пайдасына шешуге уәде берді. Көрші ел қуаныш-хабарға жылы лебізін білдірді. Кездесуден соң Эритрея көшбасшысы Исайяс Афеворки «қазіргі көңіл күйді сөзбен жеткізу мүмкін емес» деді.
Абий Ахмед Али – Нобель сыйлығын иеленген алғашқы эфиопиялық азамат. Жетістігі – соңғы 20 жыл ішінде алғаш рет Эритерея басшысымен кездесіп, екіжақты бітімге келуі. Сондай-ақ қос мемлекет басшысы қарым-қатынасты нығайту үшін қай сала болмасын, бір-біріне жол ашуға ниеттенді.
Әлем баспасөзі Ахмед Алиді «диалогтің адамы» деп атайды. Эритреямен келіссөзден бөлек, ол Ніл өзенінің оң жағасында 2011 жылдан бері салынып жатқан Ренессанс су электр стансасы мәселесінде Мысырға жеңілдік жасады. Қарбалас кезде су жетпейтіндіктен, бөліп алуға тура келетін. Бұрын екі тарапта үлесін бергісі келмейтін. Алайда 2018 жылы Египетке сапармен барған Абий Каирдың мүддесін ескеруге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен бірге дін үшін болған кикілжіңде төреші бола білді.
Ол прогрессив реформалар жүргізді. Оның тұсында Эфиопия саяси режимді тізгіндеді. Оппозиционерлер түрмеден босатылды. Олардың веб-сайттары бұғатталмайтын болды. Әйелдерге ел ісінде маңызды міндет жүктелді. Тіпті Қорғаныс министрі лауазымына тағайындала бастады. Бір сөзбен айтқанда, Эфиопияның премьер-министрі өзінің бейбітшілік жаршысы екенін дәлелдеп берді. Сөзі мен ісі сәйкес келетін дипломат екенін көрсетті.
Онкологиямен күрес. Экзопланета.
Литий-ион батареясы
Нобель сыйлығын тапсыру 7 қазанда басталды. Америкалық ғалымдар Уильям Кэйлин, Грег Семенца және британиялық сэр Питер Рэдклифф медицина саласы бойынша Нобель сыйлығына ие болды. Олардың зерттеу тақырыбы – адам жасушасының ауа тапшылығына бейімделуі. Ғалымдардың жүргізген зерттеуі онкологиялық ауруларды емдеуге көмектеседі.
8 қазанда физика бойынша Нобель иегерлері мәлім болды. 2019 жылғы Нобель сыйлығын астрофизиктер алды. Сыйлықтың биылғы жүлде қоры – 900 мың доллар. Ақшалай жүлденің жартысын «физикалық космологиясы жаңалығын ашқан үшін» Джеймс Пиблс алады. Ал қалғанын Майкл Мейджор мен Дидье Келоз тең бөліседі. Қос ғалымға сыйлық күн типтес жұлдызды айналып жүретін экзопланетаны ашқаны үшін берілді.
Джеймс Пиблс – жойқын жарылыс теориясын, «Күңгірт материя» формасын терең зерттеген ғалым. Ал Мишель Майор мен Дидье Келоз –1995 жылы тұңғыш рет экзопланетаны ашқан астрофизиктер. Экзопланета – Күн жүйесінен тыс орналасқан, Күнге ұқсас, негізгі тізбек жұлдызын айналып жүрген планета.
Химиядан Нобель сыйлығы литий-ион батареясын жасағандарға бұйырды. 2019 жылғы жүлдені химиктер – Джон Гуденаф, Стэнли Уиттингем және Акира Ёсино алатын болды. Олар литий-ион аккумуляторын жасады. Қызығы, Нобель алған америкалық профессор Джон Гуденаф – 97 жаста. Үш ғалымның біріккен жұмысына Швеция Корольдік ғылым академиясы жоғары баға берді. «Бұл – жеңіл, қайта зарядталатын және қуатты батарея. Қазір барлық жерде аталған батареяны қолданады. Олар күн мен желден алған энергияның едәуір мөлшерін үнемдей алады» деді Нобель комитеті.
Драматург Петер Хандке әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығын алады. Жүлде оған «адамзат тәжірибесінің перифериясы мен ерекшеліктерін лингвистикалық көрегендікпен зерттеген ықпалды жұмысы» үшін беріледі.
2018 жылы әдебиет аталымы айналасындағы шу үшін Нобель иесін таппады. 2017 жылы сыйлықты британ жазушысы Исигуро Кадзуо, 2016 жылы америкалық Боб Дилан алған еді.
Экономика бағытындағы Нобель сыйлығы америкалық экономистер - Абхиджит Банерджи, Майкл Кремер және Францияда туып, АҚШ-та жұмыс істеп жүрген Эстер Дюфлоға беріледі. Ғалымдар кедейлікке қарсы күресудің жаңа әдісін ұсынған. Швеция академиясы лауреаттардың ең тиімді тәсілдерді ұсынғанын мәлімдеді.
Сыйлық иегерлері анықталғанымен, сән-салтанатқа әлі ерте. Нобель сыйлығын табыстау кеші 10 желтоқсанда Стокгольмде өтеді. Лауреаттарға марапатты Швеция королі Карл XVI Густав табыстайды.
Қай елде Нобель көп?
Нобель – өлшемі биік, құны жоғары жүлде. Өнертабысты, елдің ойлау жүйесін сыйлық иегерлеріне қарап бағамдауға болады. Мысалы, АҚШ-тың 382 ғалымы жүлдеге үміткер ретінде тіркеліп, 380-і лауреат атаныпты. Ұлыбританиядағы 132 ғалым қатарынан оза шапқан. Үздік үштікті Германия түйіндейді. Немістің 109 ғалымы Нобель сыйлығын алған. Содан кейінгі кезекте Франция, Швеция, Ресей бар. КСРО кезінен Ресейде 31 ғалым салмақты сыйлыққа иелік еткен. Естеріңізде болса, тегі әзірбайжандық Шырын Эбади 2003 жылы Нобель сыйлығын иеленген еді. Елімізден Швецияға жолы түскен ғалым мен әдебиетші әлі күнге шыға қойған жоқ.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ
https://youtu.be/XdZhNYOkmY0