Алматыдағы құрылысшылар ереуілі: мердігер 32 жұмысшыға 18 млн теңге қарыз болған
Алматыдағы құрылысшылар ереуілі: мердігер 32 жұмысшыға 18 млн теңге қарыз болған
270
оқылды

14 қазанда Алматыда Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысында жол айрығын салатын жұмысшылар ереуілге шықты. Олар плакатқа жазба қалдырып, еңбекақыларын төлеуді талап еткен.

«Мердігердің айтуынша, оның жұмысшылар алдындағы қарызы бар. Тапсырыс беруші тарапынан, атап айтқанда Алматы қалалық мобильділік басқармасынан төлем толығымен өтелген және ұйым алдында қарызы жоқ»,деп хабарлады әкімдік.

Ереуіл болған жерге еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік жағдайды бақылау бөлімінің басшысы келіп, құрылысшыларға еңбек заңнамасын түсіндірді.

Әкімдік мердігердің өз жұмысшыларына 18,3 миллион теңге қарыз екенін, барлығы 32 қызметкер жалақысыз қалғанын айтты. Қарыз мерзімі 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылдың мамырына дейін.

«Осы факті бойынша Алматы облысының еңбек инспекциясы жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылық туралы қолхат алынды. Бүгінгі күні қолхаттағылар орындалмады. Тексеру құжаттары «Еңбек заңнамасын бұзу» бабы бойынша құқық қорғау органдарына жіберілді», деп түйіндеді әкімдік.

Еңбекшілерге қарыз болған ЖШС Қапшағайда орналасқан, Накусов есімді азаматтың есіміне тіркелген. Егер оның кінәсі дәлелденсе, қамауға алынуы да мүмкін.