Оңтүстік Кореядағы хал қалай?
Оңтүстік Кореядағы хал қалай?
264
оқылды

Жақында Оңтүстік Кореядан суыт хабар жетті. 20 жас­тағы қазақстандық азамат 7 жасар баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Елге қайтар билет алып, Павлодарға келген. Сыртқы істер министрлігі азаматқа оқиғаның мәнін түсіндірген. Тиісінше, ол 14 қа­зан күні өз еркімен Сеулге оралды.

Заңсыз жүрудің зардабы

Оқиға 18 қыркүйек күні 15.30 шамасында болыпты. Баланың әкесі Чан Хен Доктың ұялы телефон сататын дүкені бар. Ол сабақтан кейін әкесінің дүкеніне келіп, көп өтпей үйіне қайтады. Жолдан өтіп бара жатқан бүл­дір­шінді Қазақстан азаматы қағып кетеді. 20 жастағы азамат оқиға орнынан ізін суытады. Қансырап жатқан баланы дүкендегі жұ­мыс­шы көріп қалып, полиция шақы­рады. Полицияның мәліметінше, жас жігіт жол-көлік оқиғасының келесі күні мемлекеттен кеткен. Ауыр жарақат алған бүлдіршінге ота жасайды. Баланың миына қан құйылып, бас сүйегі сынған екен.

Қазіргі таңда ол қарқынды те­рапия бөлімінде жатыр. Бала­ның еміне Кореядағы қазақ диас­порасы ақшалай көмектесуге ты­рысқан. Алайда Чан Хен Док еш­қандай ақшаның керегі жоғын, тек баласына зарар келтірген аза­маттың қатаң жаза кесілгенін қалайтынын мәлімдеген. Ол Оң­түстік Корея президентінің рези­денциясына петиция жолдап, ұлын қаққан адамды тауып, жа­залауын талап етті. Нәтижесінде, Кореяның әділет министрлігі қа­зақстандық жігітті экстради­циялауды сұраған.

Елордада өткен брифингте Сыртқы істер министрлігің бас­пасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеме жасады. 20 жастағы жігіттің елге қашып келгенін, Пав­лодарға тұрақтағанын айтты. Қаладағы құқық қорғау орган өкілдері оны тауып, сөйлескенін қосты. Корея тарапынан арнайы құжат келгенін, механизм бо­йын­ша министрлік құжатты Бас ­про­куратураға жолдағанын жет­кізді. Оның айтуынша, 1999 жыл­ғы жі­гітке елімізде ешқандай шара қолданылмаған. Себебін жол-көлік оқиғасының Қазақ­стан аумағында тіркел­мегенін түсіндірді.

14 қазанда Қазақстан азаматы өз еркімен Сеулге келді. Ми­нистр­ліктің мәліметінше, елшілік қызметкерлері жігітпен сөйлесіп, құқығын түсіндірген. Кореяға жеткен отандасымыз Чанвон қаласындағы тергеу изоляторына қамауға алынған. Артынша ол істеген ісі үшін кешірім сұрады. Оңтүстік Кореядағы елшілік оқиғаны жіті бақылап отыр. Дипломаттар оған жеке сұхбат кезінде өзін қалай ұстау керегі туралы кеңес беріпті.

Рёнхап агенттігі Кореяда заң­сыз жүрген иммигранттың жүргі­зуші куәлігі болмағанын хабар­лады. Ол басқаның атына тіркел­ген көлікті жүргізген. Салдарынан полиция жол-көлік апатына кі­нә­ліні уақытында құрықтай ал­ма­ған. Сондай-ақ елден кетуге ты­йым салу жұмыстарына да тос­қауыл қойылмаған. Күдіктіге халықа­ралық іздеу жарияланған. Қазақ­стан азаматы екені мәлім болған соң, Оңтүстік Корея по­лицейлері біздің елден шара қолдануды сұраған. Нәтижесінде, қос елдің полициясы бірлесіп, күдіктінің тұрғылықты жерін анықтаған. Осы оқиғадан соң Корея билігі иммигранттар мә­селесінде заңды күшейтетінін мәлімдеді.

Аталған агенттіктің хабар­лауынша, Оңтүстік Кореяның әділет министрлігі заңсыз жүрген шетел азаматтарына елден кете­тін болса, алдын ала ескертуді сұрады. Осыған дейін заңсыз иммигранттар билікке кететіндері жөнінде сол күні хабарлайтын. Жаңа ереже талабы бойынша олар оңтүстіккореялық билік өкілдеріне кететіні туралы 3-15 күн бұрын ескертіп, тексерістен өтуі керек. Нәтижесінде, жаңа ереже қылмыс жасағаннан кейін қашуға жол бермейтін болады.

 

Бұл не деген батпанқұйрық?

Соңғы жылдары елімізден Оңтүстік Кореяға ағылатындар қатары көбейді. Себебін сұрасаң «несиемді жабамын», «мардымды ақша табамын», «үй салып, ел қатарына қосыламын» деген жауап естисің. Арасында тапқа­нын кәдеге жаратқандар, елдегі ағайынға көмектескендер мен тосын жайтқа тап болғандар бар.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяда 10 мыңға жуық еңбек мигранты бар. Олар – таңғы шық елі үшін қара жұмыс күші. Түрлі зауытта, кәсіпорында, егістік алқабында жұмыс істейді. Интернетте осы жөнінде іздей қалсаңыз, жарнама самсап тұр. «Кореяға жүр, жұмыс бар, ақша табасың, адам боласың» сынды көрсетпелер бар. «Күніне 100-200 доллар жалақы аласың» дегеннен көз сүрінеді. Бат­пан­құйрықтың бастауы қайда екенін іздеп көрдік.

Қазақстан мен Оңтүстік Ко­рея арасындағы визалық талап­тарды өзара жою туралы келісім 2014 жыл 29 қарашада күшіне енді. Қайтуды растайтын куәлігі бар екі мемлекеттің азаматтары 30 күнге дейін визасыз кіріп-шыға алады. Рұқсат етілген мер­зім әр кезеңдегі 60 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.

1990 жылдары арнайы келісім бойынша қазақстандықтар Ко­реяға жұмысқа орналасуға мем­лекеттік жұмыспен қамту орта­лықтары арқылы бара алатын болған. Алайда кейіннен Корея тек еліміздегі корей диаспорасына еңбек визаларын бере бастады. Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істейтін тегі корейлік отандас­тарымыз туралы ақпарат жария етілмейді екен.

Заңды жұмыс істеуге тыйым салған соң, заңсыз мигранттар қатары көбейді. Дерекке сүйен­­сек, Кореяда жүргендердің дені Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан тұр­ғындары екен. Сондай-ақ Ре­сей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тай елінен еңбек мигранттары бар.

Қазір Оңтүстік Корея нақты ша­ра қолдануға көшкен. 2018 жыл­дан бастап заңсыз жүрген­дердің жағдайы қиынға айналды. 2018 жыл­дың 1 қазаны мен 2019 жылдың 31 наурызына дейін «жасыл дәліз» ұйымдас­тырды. Яғни, заңсыз жүргендер еш қысымсыз өз еркімен еліне қайта алады. Ал осы мерзім ішін­де Отанға орал­мағандар полиция қолына түсе қалса, 6,5 миллион теңге айыппұл төлейді.

 

Арбайт шынымен арбай ма?

Кореяда 6 ай жұмыс істеп кел­ген Әділ (есімі өзгертілді) есімді кейіпкеріміз Оңтүстік Кореяның заңды қатаң ұстанатынын алға тартты. «Алғашында ер адамдар­дың әйелдер сияқты салғыласып тұрғанын көргенде, таңғалдым. Олар өздігінен қол жұмсамайды. Заң бойынша бірінші қол кө­тергенге көлемді айыппұл салы­нады. Түрлі жаза қолданып, тіпті түрмеге түсуі мүмкін. Сондықтан олар өздерін барынша сабырлы ұстайды. Елдегі адам құқығы ке­ме­ліне келген. Технологиясы, жұрт­тың өмір сүру деңгейі біз­ді­кінен 10-20 жылға алда тұр. Қа­зақ­станда несиенің бітпейтін жы­­рын жырлаймыз. Ал мұнда бә­рі қол­даныстағы заттарын не­сиге алады» дейді ол. Таңданы­сы­нан соң, еңбек тәртібін түсіндіріп берді. Айтуынша, жұмыс уақыты таңғы 8-ден кешкі 20-ға дейін жал­ғасады. Әр күн әртүрлі өтеді. Бір­де жұмыс болмай қалуы да мүм­кін. Бірақ жалақысы жақсы. Гас­тарбайтерлерге екі қолға бір күрек тауып беретін арнайы агент­тіктер жұмыс істейді. Сон­дай-ақ жұмыс беретін арбайттар бар. Жұмыс қолын сұраған ком­панияларға жұмыс тобын уақы­тылы жіберіп отырады. Агент­тіктер көбінесе мигранттарды зауытқа жұмысқа орналастырады.

«Оңтүстік Кореяның ауа райы бізден барғандарға қолайсыз. Тым қапырық. Тамақтан қина­ласың. Олар құнарсыз, ащы тағам жейді. Ет бағасы қымбат. Қара жұмыстың аты бәрібір қара жұмыс. Қажисың. Денсаулығың сыр береді. Бірден ақша табамын деп ойлау – қателік. Кемінде 6 ай мен 1 жылдың ішінде ақша жинай аласың. Денсаулығы жарамай, жұмыс таба алмай қайтқандардың қатары көп» дейді Әділ есімді отандасымыз.

Кейіпкер сөзінің жаны бар. Осы жылы сәуірде СІМ өкілі Айбек Смадияровтың мәлімде­месінде, жеті мигранттың мәйіті елге келген. Қазақстаннан барған 30-40 жастағы жұмысшылар қара жұмысқа шыдамайды. Мәйітті елге әкелу – 6-7 мың доллардың арасында. Мұның бәрі туыстар­дың мойнына жүктеледі екен. Демек, әліне қарай әрекет еткен жөн секілді. Пайданың көзін табу мен іске асырудың арасында айырма бар емес пе?

Дегенмен қазір Кореяда жұ­мыс табу қиын. Заңсыз жүрген мигранттың көптігі, елдегі тосын оқиғалар Корей билігін қажыт­қан. Алайда елімізден барған мигранттар арасында туыстарына көмектесіп, несиесін жауып, тұр­мысын жөндегендер де кездеседі.   Барып алып, елге қайтар ақша таба алмай жүргендер де бар. Бұған шекарадан өткенде не үшін келгенін түсіндіре алмай елге қайтқандарды қосыңыз. Осыған қарап «көтере алмайтын шоқ­пар­ды белге байлама» деген сөз еске түседі. Болмаса алыстағыны ал­тын көріп, жақындағы мүмкін­дікті пайдалана алмаған өздері кінәлі дейміз бе?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ