Білгенге балық – байлық!

Білгенге балық – байлық!

Қазақстанда осыдан 25 жыл бұрын табиғи су қойма­ларынан ауланатын балық мөлшері 100 мың тоннаға жеткен. Қазіргі уақытта ресми статистикаға сәйкес, 45 мың тонна ғана ауланады. Ал ауыл шаруа­шылығына көмек бе­ріл­генде, балық шаруа­шы­лы­ғына несие беру жағы кен­же­леп тұр. Басқа елдер өзен, көлі болма­са да, нарық­қа ба­­­лықты шыға­рып, пайда та­уып жатса, бізде бұл салада іл­герілеу жоқтың қасы. Неге?

Жалпы әлемде табиғи су қой­маларынан балық аулау мөл­шері азайып, табиғи және жасанды су қоймаларында балық өсіру ағымы арта түсуде. Оған табиғи су қойма­ларындағы балық ресурсының шектеулілігі басты себеп болып отырған көрінеді. Бізде ше? «Қаз-Аква 2017» III халықаралық балық өсіру және балық өңдеу шаруашы­лығы форумында ортаға салынған мәліметке сәйкес, 2014 жылы табиғи және жасанды су қоймала­рын­да 73,8 млн тонна балық өсі­ріл­ген. Бұл 160,2 млрд АҚШ дол­ларын құрайды. Қытайда 2014 жылы 45,5 млн тонна немесе бүкіл дүниежүзілік көрсеткіштің 60 пайызынан астамы шамасында балық өсірілген. Қазақстанда ең жоғарғы балық өсіру мөлшері – 10 мың тонна.

Осындайда «Балық шаруашы­лы­ғын қолға алсақ, қандай нәти­жеге жетеміз?» деген сұрақ туады. Иә, бұл саланы жіті меңгерсек, ба­л­ыққа зәру болмас едік. Өйт­ке­ні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, жан басына шаққанда жылына 14 келі балық тұтыну қажет болса, Қазақ­станда бұл сан небәрі 3-5 келіге әрең жетеді. Ал әлемнің дамыған ел­деріне келсек, мәселен, еуропа­лықтар жылына 21 келі, АҚШ пен Канада – 24 келі, Жапония – 60 келі балық тұтынады, әлемдік орташа көрсеткіш – жылына 19 келі. Қолда барды сусытып алып отырмыз-ау?!

Біз өзен, көлге зәру емеспіз. Сонда да балықпен қамтуды қолға ала алмаймыз. Кей елдер өзен не көлі болмаса да, жасанды су қой­ма­сында балық асырап, оны экс­порт­қа шығаруда. Мәселен, Өз­бек­­станда ресми статистикаға сәй­­кес, 75 мың тонна балық өсі­ріл­­ген. Ірі су қоймалары жоқ бұл мем­­­­лекет бізден 30 есе артық өнім алып отыр. Бұл – ресурс болмаған жағ­дайда, оны қолдан жасау қа­жет­тігіне нақты мысал. Сауда орта­лықтарынан, тіпті Вьетнамда өсі­рілген пангасиус балығын да таба­сыз.

Иә, Қазақстанда табиғи өзен, көл жеткілікті. Біз жасанды көл жасауға мұқтаж емеспіз. Бір ғана Қарағанды облысында Сарысу, Нұра, Шортанды, Үңірек сияқты өзендер бар. Ал Қызылорда облы­сы­ның бір ғана Шиелі ауданында тауарлы балық өндіруге қолайлы иесі бар 20 көл, иесіз 19, барлығы 39 көл тіркеуде тұр. Ал жалпы Қа­зақ­станда қанша иесіз көл барын есептей беріңіз. Егер осы табиғи көлдерге балық жіберіп, оны күтіп өсірсе, тиімділігі арта түсер еді. Ол халыққа ғана емес, жалпы сол өзен, көл­дерге де пайдасы тиеді. Мыса­лы, қазір өзен-көлдерді балдыр шөп­тер басуда. Ал балығы бар өзен­де шөп-шалам аз болады. Тепе-теңдік сақталады. Екінші ба­лық жіберу жұмыстары жүргізілсе, шаруа қожалықтары осы арқылы мол табыс табар еді.

Қабылданған «су заңы» бойын­ша өзендер мен көлдер жеке қолға жалға берілді. Сондықтан балық аулау­шылар балық аулау үшін су ие­ле­рімен өзара жеке келісім жасай­тын болды. Өкінішке қарай, меншігіне алған кейбір жеке кә­сіп­керлер балық аулағанға мәз. Оны тазалау немесе балығын кө­бей­ту мәселесіне бас ауырта қой­май­ды. Кейбір қожайындар сол өзеннен балық аулаған бірлі жа­рым адамдардан алған қаражат­ты місе тұтып жүре береді.

Бірақ өзендерден балық аулау­дың қызығын көбіне браконьерлер көруде.   Бір ғана мысал, осы жылғы көктемде балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрлігі және Ұлт­тық Қауіпсіздік комитеті «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу» туралы бірлескен бұйрыққа қол қойып, соның негізінде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре – 2019» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізді. Бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде құқық және табиғат қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың еркін қозғалуын қамтамасыз етуімен және бекіре тұқымдас түрлерінің уылдырық шашу орындарына кедергісіз жетуіне, заңсыз балық аулау мен айналымына жол бермеу үшін бірлескен жұмысы нәтиже­сінде екі-үш ай ғана уақытта 21 тонна 831 кг балық, оның ішінде 2 528 кг бекіре тұқымдас балық пен 3,7 кг бекіре балығының уылдыры­ғы, 2 543 бірлік аулау құралы мен 86 бірлік жүзу және көлік құралы тәркіленген.

Жалпы, балық шаруашылығы – балық аулау, тасымалдау, қорғау және өсірумен, өңдеумен, су өсім­дік­терін жинаумен шұғылда­натын сала. Арнайы мемлекеттік тапсы­рыс­ты орындау үшін Каспий теңі­зі­н­ің қазақстандық бөлігі, Арал, Балқаш, Алакөл бассейндері, Бұқтыр­ма, Шардара, Көксарай, Қапшағай су қоймалары, сонымен қатар Орал, Сырдария, Ертіс өзен­дері мен оның бойында орна­лас­қан көлдерден балық ауланады. Бірақ ол да аздық етеді. Сондықтан ба­лық шаруашылығын нақты қолға алатын кез келді.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ