Таулы Қарабақ: резолюция да, келісім талаптары да орындалған жоқ
Таулы Қарабақ: резолюция да, келісім талаптары да орындалған жоқ
193
оқылды
 

Келісімнен соң атыс қызды

Негізі, екі жақ келісімнің орын­далмағаны үшін бір-бірін айыптап жатыр. Алайда Армения жағының Әзербайжанның екінші ірі қаласы Гәнжаны атқылағаны анық болды. Сарапшылар гуманитарлық мақсат үшін уақытша атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген сәттен бастап-ақ атыс басталғанын айтады. Оның үстіне Армения тарапы Таулы Қа­рабақ аймағына кірмейтін қала мен елді мекендерді атқылаған. Бұл жағдайға байланысты Әзербайжан сыртқы істер министрі арнайы мә­лімдеме де жасады. «Атысты гуманитарлық мақсатта тоқтату режимі күшіне ене салы­сымен, Әзербайжанның Агдам және Тертер аудандары Армения қарулы күштері тарапынан зеңбірек оғына ұшырады. Арменияның қарулы жасақтары осыдан бірнеше сағат өткен соң Гадрут және Жәбраил бағытында шабуыл әрекетін жасады. Армения қарулы күштерінің Сугов­шан аумағында армян солдат­тарының мәйітін жинап жүрген ақ ту тігілген санитар машинасын ат­қылауы нәтижесінде бір меди­ци­налық қызметкер ауыр жарақат алды. 11 қазан күні майдан шебінен алыс орналасқан, көлемі бойынша Әзербайжанның екінші үлкен қа­ласы Гәнжа Армения қарулы күш­тері тарапынан ракеталық ша­буылға ұшырады. Шабуыл нәтижесінде 7 азамат қаза тапты, араларында ба­лалар да бар, 34 адам жарақат алды» делінген мәлімдемеде. Бұл жағдай Таулы Қарабақ аймағындағы соғыс­тың әлі де біраз уақытқа созы­луы мүмкін екенін аңғартады. Алай­да «не себепті әскери күші жеткілікті Әзер­байжан келісім жасауға көнді?» деген сауал көптің көкейінде қалды.  

Әзербайжан дипломатияға да жол қалдырды

Жалпы, әскери қуаты әлдеқайда жақсы Әзербайжанның атысты уақытша тоқтатуға келісуінің бірне­ше себебі бар. Біріншіден, ресми Баку халықаралық қауым­дастық алдында соғысқұмар мемле­кет ретінде көрінгісі келмейтінін бай­қатты. Сонымен қатар ұдайы Таулы Қарабаққа қатысты БҰҰ қабылдаған резолюциялардың орындалуы қажет екенін алға тартумен келеді. Бұл өз кезегінде Әзербайжан елі әрекетінің халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келетінін көрсетеді. Екін­шіден, ресми Баку Оңтүстік Кав­каздағы Ресейдің ықпалын да ес­керген сыңайлы. Ресейге батыс мемлекеттері қанша санкция сал­ғанымен, оның Кавказдағы ықпалы әлі де болса сақталып отыр. Сон­дықтан Әзербайжан Мәскеу тара­пының ұсынысынан бас тарта алмады. Әрі келіссөзден бас тарт­пауға Түркияның да қолдауы әсер етті деп білеміз. Өйткені Түркия Әзербайжанды ашық қолдап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ресми Баку Мәскеу келіссөздерінің нәтиже бере қоймайтынын біле отырып, дипло­матиялық тәсілден бас тартпады. Бұл өз кезегінде Илхам Әлиевтің сәтті қадам жасағанын көрсетеді. Ал келісім талаптарының бұзылуы Мәс­­кеудің бірқатар жоспарын өз­герткен тәрізді. Ең алдымен, Таулы Қарабақ мәселесі бойынша құ­рыл­ған Минск тобынан Франция мен АҚШ-ты ысыруды көздеген Ресей саясаты жүзеге аспады. Одан соң Армения арандату әрекетін жасау арқылы Ресейді де, Фран­цияны да ыңғайсыз жағдайға қал­дырды. Ал бұдан өз кезегінде Түркия мен Иран ұтып отыр. Парсылар әуе кеңістігін жабу арқылы Арменияға қару тасы­малына тосқауыл қою арқылы Әзер­байжан халқының көңілін аулай да білді. Ал Түркия онсыз да аймақта өте ықпалды. Осылайша, түріктер мен парсылар Кавказда ыңғайлы позицияға қол жеткізуге талпыныс жасап жатыр. Арменияға келсек, бейбіт ха­лыққа, Әзербайжанның екінші ірі қаласына оқ жаудыру арқылы олар халықаралық қауымдастық алдында айыпты болып қалуы мүмкін. Алайда армян лоббиі оған жеткізбеуі де мүмкін екенін естен шығармау қажет. Тіпті, Ереванның келісім талаптарын бұзуға тәуекел етуінің артында оны астыртын жақтаушы күштердің де ықпалы тұрғандай көрінеді. Айталық, Мәскеу келісімі толық орындалып, екі жақ оқ атуды тоқтатқан жағдайда Францияның Кавказдағы арағайындық мис­сия­сының құны түсер еді. Демек, қазір Таулы Қарабақ аймағы көрші отыр­ған мемлекеттер арасындағы кикіл­жің емес, ірі державалардың геосаяси ойындарының алаңына айналды. Әйтпесе, екіжақты оқ атуды тоқ­татуға мәжбүрлеуге супер­держа­валардың күші жетер еді.  

Кімнің шығыны мол?

Әрине, әскери қақтығыстардың зардабы мол болатыны жасырын емес. Бірінші кезекте соғыстан бей­біт халық зардап шегіп жатыр. Сонымен қатар соғыс дегеніңіз – орасан зор материалдық шығын. Мұндай жағдайда қазынасында қаржысы бар мемлекеттер ғана со­ғыс­ты аз шығынмен аяқтауы мүмкін. Дегенмен қираған әрбір техника мен нысанның бағасы орасан зор екенін ескеру керек. Мәселен, «Смерч» қондыр­ғыларының әрбірінің құны – 12,5-13 млн доллар. Пилотсыз ұша­тын аппараттың құны 2 млн доллар шамасында. С-300 зениттік зы­мыран кешендері дивизионының құны 150-250 млн доллар ша­масында. Ал мұндай тех­никалардың біразы қи­рағанын ескерсек, ұрыс екі жақ­тың эко­номикасына да ауыр соққы болуы мүмкін. Дегенмен Армения ауыр зардап шегетін бо­ла­ды. Әрі қару қолданған сайын екі халықтың бір-бірін жек көруі те­реңдей бермек. Қанды кек сақ­талған жерде көрші­лердің тату бо­луы қиындамақ. Екіншіден, бірқатар мемле­кеттердің стратегиялық жобаларына да бұл соғыстың кері әсері болуы мүмкін. Әсіресе, көмірсутегі өнім­дерін тасымалдауға арналған ірі жобаларға зиян келетін болса, Әзер­байжан мен Армения ғана емес, Еуропаға да жанама әсер ететін болады. Еуропа елдері үшін ең қауіпсіз тасымал жолдары ретінде Ресейдің құбырлары қалатын болса, Мәскеуге санкция салудан ешкім ұтпайды. Одан бөлек, контейнер тасымалына арналған бірқатар ба­ғыт Әзербайжан арқылы өтеді. Шіл­деде де, жуырда да Армения та­­рапы халықаралық теміржол және құбыр орналасқан аймақты ат­қы­лады. Бұл жағдай өз тауарын Еуро­паға түрлі тәсілдермен өткізуді қа­лайтын Қы­тайдың да құры­лықтағы жүк тасы­малына қатысты көз­қарасын өзгер­туі мүмкін. Тасы­мал жолда­рының бойында біреулер соғысып жатса, несі жақсы дейсіз?! Сондық­тан «Бір жол – бір белдеу» жоба­сының ба­ғыттарына түзетулер енгі­зілсе таң­ғалмаймыз. Онда бұл ба­ғыттың жол­дары оңтүстікке қа­рай ауатын болады. Демек, Қытай –Еуропа транзитінен пайда көрмек болып отырған Қазақстанға да жағымды бола қоймайды. Қысқасы, соғыстан аймақтағы көп­теген ел азды-көпті зардап шегеді.   P.S.  

Таулы Қарабақтағы оқиғалар ХХІ ғасырда аумақтық тұтастықты сақ­таудың әлі де өзекті екенін көрсетіп тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та аумақтық тұтас­тыққа қатысты БҰҰ резолю­ция­ла­рының сақталуы қажет екенін айт­­қан. Мұны әзербайжан халқы Қазақстан басшысының қолдауы деп бағалады. Бірақ БҰҰ резолю­ция­ларының 30 жылға жуық орын­далмауы ха­лықаралық ұйымдардың беделі түс­кенін де көрсетеді.

 

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ