Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Бүгінгі күні республикамыздың қорғаныс саласының әскері 70% келісімшарт бойынша қызмет ететіндерден жасақталған. Қалған құрам көктемгі және күзгі маусымдарда мерзімді әскери қызметке шақырылғандармен толығады. Әйтсе де, әскерге іріктеу қандай талап бойынша жүзеге асады, әскерге бармай, әскери билетті алудың жолы бар ма?
Әскери комиссариатта бірден бәрін таңдап алмайды, дені сау, психикалық тұрғыда орнықты, орта білім алған жігіттер іріктеледі. Болашақ сарбаз 300 сұрақтан тұратын психологиялық тестен өтеді. Нәтижесінде, үміткердің психологиялық портреті жасалады. Іріктеліп шыққандар Қазақстанның әр аймағына жіберіледі. Ең алдымен, ҰҚК Шекара қызметі жасақталады, содан кейін Қорғаныс саласы, Мемлекеттік күзет қызметі сапына қабылданады. Десе де, әрбір әскери құрылымның өз талабы бар. Мәселен, Мемлекеттік күзет қызметі сарбазының бойы 185 см-ден төмен болмауы тиіс болса, десанттық әскер – 175 см, Шекара әскері мен Ұлттық гвардияның талабы – 165 см. Ал танк әскері үшін бойдың ұзын болуы маңызды емес. Сотталған, нашақорлыққа тәуелді азаматтарды әскерге алмайды.
Әдетте әскери қызмет ер азаматтың Отан алдындағы парызы, борышы деп жатамыз. Бірақ бүгінгі күні өз еркімен әскер қатарына баратындар аз. Мектеп бітірген жастардың дені әртүрлі себеппен әскерге барудан жалтарып, уақыт созып жүретіні жасырын емес. Әскери маман, психологтардың айтуынша, жастардың міндетті әскери қызметке деген көзқарасын, ынтасын екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – құжат, яғни әскери билет қажет болғандықтан баратындар. Олар ертеңгі күні еліміздің күштік құрылымдарында жұмыс істегісі келетіндер, әскери билет болашақ мансабыма керек деп білетіндер.
Ал екінші қатарда – міндетті әскери қызметке еріксіз, мәжбүрлі түрде келетіндер. Олардың дені жергілікті әскери комиссариаттың «күшімен» амалсыз, еріксіз барғандар. Бұл тұрғыда жыл сайынғы көктемгі, күзгі шақыру маусымының өзіндік проблемалары бар. Біріншіден, жергілікті аудандық немесе облыстық әскери комиссариаттың қызметкерлеріне орталықтан түскен «жоспарды» орындау міндеті жүктеледі. Мәселе осы жерден туындайды. Себебі республика өңірлеріндегі халық саны бірдей емес. Оңтүстік өңірлер мен солтүстік аймақтағы тұрғын санында алшақтық көп. Оның үстіне, қазір жастардың дені мектепті бітірісімен бірден ірі қалаларға кетіп қалады. Аудандарды айтпағанда, облыс орталықтарынан жастарды аз кездестіресіз. Ал талап – біреу. Қорғаныс саласына әскер қажет. Сол себепті жергілікті әскери комиссариат «жоспарды» орындап, жүктемені жабуға кіріседі. Әскери мекеменің шақыру қағазына келмегендерді іздестіріп, үй-үйді аралап, ескерту жасайды. Міндетті борышын өтемеген азаматқа салынар айыппұлды айтып, оны орындауға «мәжбүрлеп» көндіреді. Негізі заңда әскери комиссариат шақыртуынан қасақана бас тартқандарға салынар айыппұлдың көлемі 1 мың АЕК-ке дейін барады. Бұл дегеніңіз – 2 млн 525 мың теңге. Мұндай көлемді «айыппұл» төлеуді әр отбасының қалтасы көтермесі анық. Сондықтан ата-ана баласын көндіруге тырысады. Сірә, қоғамда «әскерге жағдайы төмен отбасылардың, әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың балалары барады» деген сөз осыдан айтылса керек. Осыдан кейін Отан қорғауға мәжбүрлі түрде, амалдың жоқтығынан келген сарбаздың әрекеті айтпаса да түсінікті. Әскерде жүріп «өтірік жынды» болып қалу, өз-өзіне «қол жұмсаймын» деп қорқыту секілді қитұрқы әрекеттер – осының нәтижесі. Айналып келгенде бұл мәселе әскери мекемедегі психолог мамандардың «бас ауруына» айналады.
Әрине, көпке топырақ шашып отырғамыз жоқ. Әскерге, міндетті қызметке өз еркімен саналы түрде баратындар да бар. Бірақ олар өте аз. Мамандар ұл балалардың әскери қызметке қызықпайтыны, міндетті борышын өтеуден қашқақтайтынының бір себебі мектепте ер мұғалімдердің азайып кетуінен дейді. Екінші мәселе, отбасында жалғызбасты аналар көп. Ұл баланы әкесі емес, жалғыз анасы тәрбиелеп отырған жағдай жиі кездеседі. Осы себептерден кейін ер балалардың бойында батылдық, принципшілдік секілді құндылықтар азайып барады дейді психологтар. Рас, мектеп қабырғасында болсын, отбасында болсын ұл баланы әскерге алдын ала дайындау, тәрбиелеу ісі ел бойынша ақсап тұр. Біздің қоғам үшін әскерде елді қорғау ұғымы құндылық болудан да қалып кеткені рас.
Соңғы жылдары елімізде әскерде қызмет етпеген жастардың қатары көбейіп кеткен соң Қорғаныс министрлігінің жанынан әскери-техникалық мектептер (ӘТМ) ашылып, жұмыс істей бастады. Қазір еліміз бойынша 15 ӘТМ бар. Ол мектептерге 24 жастан асқан азаматтар барып, 35-40 күн ішінде әскери тәртіп негізінде жаттығады, қару-жарақты қалай ұстауды үйренеді. Бірақ ақылы. 35-40 күн – 265 мың теңге. Ол сол уақытта жейтін тамағың, жатын орның, тіпті полигонға барғанда ататын оғыңның өтеуі есебінде саналады. Нәтижесінде, әскери билетке ие боласың және әскери-техникалық мектепті бітіргендігі жөнінде сертификат беріледі. Бір жағынан алып қарағанда, өмірі әскер көрмеген жастарды бейімдеу үшін дұрыс та болар. Дегенмен қырық күн мен біржылдық міндетті әскери қызметтің айырмашылығы болатыны анық.
Айта кетейік, әскери міндеттен ерікті түрде босатылатындар да бар. Заң бойынша олар отбасылық жағдайына байланысты егер әскерге шақырылушы үйленіп, бір баласы болса және отбасында жалғыз асыраушы деп танылса әскери міндеттен босатылады.
Сондай-ақ 18 бен 27 жас аралығындағылар оқып жатқан оқуына байланысты уақытша мерзімге әскери қызметтен босатылады. ЖОО-да әскери кафедра оқып, лейтенант дәрежесін алғандар мерзімді әскери қызметке шақырылмайды, дегенмен олардың кейбірі мамандығына байланысты әскери қызмет атқаруына тура келеді. Жыл сайын Үкімет қаулысымен әскерге керек запастағы офицерлер саны жарияланады. Мәселен, биыл еліміздің қорғаныс саласы медициналық, қаржылық, артиллериялық білімі барлар мен ІТ мамандарды сұратып отыр. Ол мамандар келісімшарт бойынша әскери мекемелерде 2-3 жыл қызмет етеді.
Әскерге барушылардың азаюының бір себебі – жастардың денсаулығы. Осыдан оншақты жыл бұрын «майтабан» аурулары көп кездессе, қазіргі шақырушылардың арасында көз аурулары көбейіп кеткені айтылады. Одан бөлек, ұл балалардың арасында артық салмақ, эндокриндік ауру түрлері де кездесіп қалады екен. Бұл тұрғыда салалық министрліктер аталған мәселені бірлесе отырып шешу жолын қарастыруы тиіс деп білеміз.