Әскерге баратын кім?

Әскерге баратын кім?

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Бүгінгі күні республикамыздың қорғаныс саласының әскері 70% келісімшарт бойынша қызмет ететіндерден жасақталған. Қалған құрам көктемгі және күзгі маусымдарда мерзімді әскери қызметке шақырылғандармен толығады. Әйтсе де, әскерге іріктеу қандай талап бойынша жүзеге асады, әскерге бармай, әскери билетті алудың жолы бар ма?

Әскери комиссариатта бірден бәрін таңдап алмайды, дені сау, психикалық тұрғыда орнықты, орта білім алған жігіттер ірік­те­леді. Болашақ сарбаз 300 сұрақ­тан тұратын психологиялық тестен өтеді. Нәтижесінде, үміткердің психологиялық портреті жаса­лады. Іріктеліп шыққандар Қа­зақстанның әр аймағына жібе­ріледі. Ең алдымен, ҰҚК Шекара қызметі жасақталады, содан ке­йін Қорғаныс саласы, Мемле­кеттік күзет қызметі сапына қа­былданады. Десе де, әрбір әскери құрылымның өз талабы бар. Мә­селен, Мемлекеттік күзет қыз­меті сарбазының бойы 185 см-ден төмен болмауы тиіс болса, десант­тық әскер – 175 см, Шекара әс­кері мен Ұлттық гвардияның та­лабы – 165 см. Ал танк әскері үшін бойдың ұзын болуы маңыз­ды емес. Сотталған, нашақор­лыққа тәуелді азаматтарды әс­керге алмайды.

Әдетте әскери қызмет ер аза­маттың Отан алдындағы парызы, борышы деп жатамыз. Бірақ бү­гінгі күні өз еркімен әскер қата­рына баратындар аз. Мектеп бі­тірген жастардың дені әртүрлі се­беппен әскерге барудан жалта­рып, уақыт созып жүретіні жасы­рын емес. Әскери маман, психо­логтардың айтуынша, жастардың міндетті әскери қызметке деген көзқарасын, ынтасын екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – құжат, яғни әскери билет қажет болғандықтан баратындар. Олар ертеңгі күні еліміздің күштік құрылымдарында жұмыс істегісі келетіндер, әскери билет болашақ мансабыма керек деп білетіндер.

Ал екінші қатарда – міндетті әскери қызметке еріксіз, мәжбүр­лі түрде келетіндер. Олардың дені жергілікті әскери комиссариат­тың «күшімен» амалсыз, еріксіз барғандар. Бұл тұрғыда жыл са­йынғы көктемгі, күзгі шақыру маусымының өзіндік пробле­ма­лары бар. Біріншіден, жергілікті аудандық немесе облыстық әс­кери комиссариаттың қызметкер­леріне орталықтан түскен «жос­парды» орындау міндеті жүкте­леді. Мәселе осы жерден туын­дайды. Себебі республика өңір­леріндегі халық саны бірдей емес. Оңтүстік өңірлер мен солтүстік аймақтағы тұрғын санында алшақтық көп. Оның үстіне, қазір жастардың дені мектепті бі­ті­рісімен бірден ірі қалаларға кетіп қалады. Аудандарды айтпағанда, облыс орталықтарынан жастарды аз кездестіресіз. Ал талап – біреу. Қорғаныс саласына әскер қажет. Сол себепті жергілікті әскери комиссариат «жоспарды» орын­дап, жүктемені жабуға кіріседі. Әскери мекеменің шақыру қаға­зына келмегендерді іздестіріп, үй-үйді аралап, ескерту жасайды. Міндетті борышын өтемеген азаматқа салынар айыппұлды айтып, оны орындауға «мәжбүр­леп» көндіреді. Негізі заңда әс­кери комиссариат шақыртуынан қасақана бас тартқандарға салы­нар айыппұлдың көлемі 1 мың АЕК-ке дейін барады. Бұл деге­ніңіз – 2 млн 525 мың теңге. Мұндай көлемді «айыппұл» тө­леуді әр отбасының қалтасы көтермесі анық. Сондықтан ата-ана баласын көндіруге тырысады. Сірә, қоғамда «әскерге жағдайы төмен отбасылардың, әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың бала­лары барады» деген сөз осыдан айтылса керек. Осыдан кейін Отан қорғауға мәжбүрлі түрде, амалдың жоқтығынан келген сарбаздың әрекеті айтпаса да түсінікті. Әскерде жүріп «өтірік жынды» болып қалу, өз-өзіне «қол жұмсаймын» деп қорқыту секілді қитұрқы әрекеттер – осы­ның нәтижесі. Айналып келгенде бұл мәселе әскери мекемедегі пси­холог мамандардың «бас ауруына» айналады.

Әрине, көпке топырақ шашып отырғамыз жоқ. Әскерге, міндетті қызметке өз еркімен саналы түрде баратындар да бар. Бірақ олар өте аз. Мамандар ұл балалардың әскери қызметке қызықпайтыны, міндетті борышын өтеуден қаш­қақтайтынының бір себебі мек­тепте ер мұғалімдердің азайып кетуінен дейді. Екінші мәселе, отбасында жалғызбасты аналар көп. Ұл баланы әкесі емес, жалғыз анасы тәрбиелеп отырған жағдай жиі кездеседі. Осы себептерден кейін ер балалардың бойында батылдық, принципшілдік секілді құндылықтар азайып барады дейді психологтар. Рас, мектеп қабырғасында болсын, отбасында болсын ұл баланы әскерге алдын ала дайындау, тәрбиелеу ісі ел бойынша ақсап тұр. Біздің қоғам үшін әскерде елді қорғау ұғымы құндылық болудан да қалып кеткені рас.  

Соңғы жылдары елімізде әс­керде қызмет етпеген жастардың қатары көбейіп кеткен соң Қор­ғаныс министрлігінің жанынан әскери-техникалық мектептер (ӘТМ) ашылып, жұмыс істей бастады. Қазір еліміз бойынша 15 ӘТМ бар. Ол мектептерге 24 жас­тан асқан азаматтар барып, 35-40 күн ішінде әскери тәртіп негізінде жаттығады, қару-жарақты қалай ұстауды үйренеді. Бірақ ақылы. 35-40 күн – 265 мың теңге. Ол сол уақытта жейтін та­мағың, жатын орның, тіпті поли­гонға барғанда ататын оғың­ның өтеуі есебінде саналады. Нәти­жесінде, әскери билетке ие бо­ласың және әскери-техникалық мектепті бітіргендігі жөнінде сер­тификат беріледі. Бір жағынан алып қарағанда, өмірі әскер көр­меген жастарды бейімдеу үшін дұрыс та болар. Дегенмен қырық күн мен біржылдық міндетті әс­ке­ри қызметтің айырмашылығы болатыны анық.

Айта кетейік, әскери міндет­тен ерікті түрде босатылатындар да бар. Заң бойынша олар от­басылық жағдайына байланысты егер әскерге шақырылушы үйленіп, бір баласы болса және отбасында жалғыз асыраушы деп танылса әскери міндеттен бо­сатылады.

Сондай-ақ 18 бен 27 жас ара­лығындағылар оқып жатқан оқуына байланысты уақытша мерзімге әскери қызметтен боса­тылады. ЖОО-да әскери кафедра оқып, лейтенант дәрежесін ал­ғандар мерзімді әскери қызметке шақырылмайды, дегенмен олар­дың кейбірі мамандығына бай­ланысты әскери қызмет атқа­руына тура келеді. Жыл сайын Үкімет қаулысымен әскерге керек запастағы офицерлер саны жа­рия­ланады. Мәселен, биыл елі­міздің қорғаныс саласы меди­циналық, қаржылық, артилле­риялық білімі барлар мен ІТ мамандарды сұратып отыр. Ол мамандар келісімшарт бойынша әскери мекемелерде 2-3 жыл қызмет етеді.

Әскерге барушылардың ­аза­юының бір себебі – жастардың денсаулығы. Осыдан оншақты жыл бұрын «майтабан» аурулары көп кездессе, қазіргі шақыру­шылардың арасында көз аурулары көбейіп кеткені айтылады. Одан бөлек, ұл балалардың арасында артық салмақ, эндокриндік ауру түрлері де кездесіп қалады екен. Бұл тұрғыда салалық министр­ліктер аталған мәселені бірлесе отырып шешу жолын қарастыруы тиіс деп білеміз.