Жамбыл облысында он мыңдай отбасы жәрдемақыны кері қайтаруы тиіс
Жамбыл облысында он мыңдай отбасы жәрдемақыны кері қайтаруы тиіс
289
оқылды

Жамбыл облысында 35 497 отбасыға 14,5 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленді.

АӘК тағайындау кезінде 9 мың 632 отбасы өздерінің нақты табысын дұрыс көрсетпеді. Енді олар қазынаға 133,5 млн теңге қайтаруы тиіс. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, жүргізілген тексеру барысында нақты табысын ғана емес, бизнесін, жылжымайтын мүлкі мен көлігін, тіпті малын қасақана жасырғандар анықталған.

«Биыл 16 мамырда Меркі ауданында тұратын көпбалалы отбасыға 1 млн 416 мың 588 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Тұрғын үйіне, тұрмыстық жағдайына және аталған отбасының табыстарына тексеру жүргізу кезінде олардың жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын жаңа үйде тұратыны, материалдық жағдайы жақсы, отағасы жеке кәсіпкер екендігі анықталды. АӘК тағайындау кезінде 1-тоқсанда кіріс көлемі 415 мың 968 теңге деп көрсетілген. Әлеуметтік көмек алу заңдылығын тексеру кезінде олардың бірінші тоқсанда 1 млн теңгеден астам табыс тапқаны әшкереленді», – дейді өңірлік Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Тимур Нұрымбетов.

Оның айтуынша, осыған ұқсас фактілер өңірдің басқа аудандарында да   анықталыпты.