Алматыда 17 қазанға қараған түні Сейфуллин көшесі бойында (Бөгенбай батыр көшесі мен Төле би көшесі аралығында) ірі жол апаты болды. Бұл туралы СТВ телеарнасы хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, қарсы бетте солтүстік бағытқа қарай келе жатқан BMW маркалы көлік бағдаршамның қызыл түсін елемей, жол қиылысына өтіп кеткен. Осы сәтте Бөгенбай батыр көшесінен батыс бағытта Audi маркалы автокөлік келе жатқан.
BMW Audi-ге соғылады. Қатты соққыдан Audi жарнама бағаны мен ағашқа соғылады. BMW әрі қарай тоқтай алмай Subaru Forester мен Toyota Carina маркалы көліктерді соғады.
Оқиға орнына жедел қызмет келіп жетті. BMW-ның багынан жанармай төгілгендіктен, өрт сөндірушілер де келді. Құтқару қызметінің мамандары жарақаттанданғандарды құтқару үшін гидравликалық құралдарды қолданды. Апат салдарынан Audi маркалы көліктегі екі жолаушы тіл тартпай кетті. Аталған көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы, BMW-дегі жүргізуші мен үш жолаушы, Subaru-дың жүргізушісі жарақат алды. Куәгерлер BMW-ны тізгіндеген жүргізушінің мас болғанын айтады.