Танымал боксшы нокауттан кейін көз жұмды
Танымал боксшы нокауттан кейін көз жұмды
307
оқылды

Нокауттан кейін комаға түскен 27 жастағы америкалық боксшы Патрик Дэй көз жұмды. Бұл туралы Vesti.kz хабарлайды.

Дэй 12 қазанда Чикагода украин Александр Усиктің америкалық Чазз Уизерспунға қарсы қолғап түйістіру кешінде отандасы Чарльз Конвелламен шаршы алаңға шыққан еді.

Дэй жеңіліс тапқаннан кейін есінен танып қалып, оны шаршы алаңнан зембілмен көтеріп алып кеткен. Операциядан кейін де боксшы есін жимай, ақыры тіл тартпай кеткен.

«WBС және оның президенті Маурисио Сулейман Патрик Дэйдің қазасына қайғырып көңіл айтады. Ол бүгін 12 қазанда алған бас-ми жарақатынан кейін көз жұмды. Біз мұндай ауыр сәтте Патриктің отбасымен біргеміз», деп жазылған WBC-дің сайтында.

Кейіннен Геннадий Головкин де өзінің Twitter парақшасында боксшының қазасына байланысты көңіл айтты.

«Патрик Дэйдің отбасына, достары мен құрамасына қайғырып көңіл айтамыз. Бақұл бол, Пэт», деп жазды Головкин.

Дэй кәсіби боксқа 2013 жылы келді. Сол сәттен бері 22 шайқас өткізген, оның 17-де жеңіске жетсе, төртеуінде жеңілді, ал біреуі есепке алынбады.