Тілсіз жау күй таңдамайды
Тілсіз жау күй таңдамайды
190
оқылды

19 қазан – құтқарушылар күні. Құтқарушылардың қоғамдық өмірде атқаратын рөлі зор. Халықтың бейбіт өмірін, тұр­мыстағы, өндірістегі қауіп­сіздігін қамтамасыз етеді. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға ең бірінші болып көмекке жететін – төтенше жағдайлар қызметінің құтқа­ру­шылары. Біз осынау сала ма­ман­дарының кәсіби мерекесіне орай Шымкент қалалық төтенше жағ­дайлар департаментінің бас­шысы, азаматтық қорғау пол­ков­нигі Нұрболат Дербісовті әңгімеге тартқанбыз.

– Нұрболат Бекболатұлы, де­партаментке қарасты бірнеше құ­рылым бар екенін білеміз. Жалпы, бүгінгі күштік құрылымдарыңыз, техникалық жарақтандырылу жайына тоқталсаңыз...

– Иә, әр өңірдегі департа­мент­те жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше құрылым бар. Бұл мамандықтың иесі болу кез келгеннің қолынан келе бер­мейді. Қазіргі таңда Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар де­партаментінде 800-ден аса өрт сөндіруші мен құтқарушы қызмет етуде. Мұнда республика көле­мінде бірегей жоғары оқу орны болып табылатын Көкшетау тех­никалық институтының түлектері және басқа да техникалық оқу орындарын бітірген мамандар жұмысқа қабылданады. Сондай-ақ қызмет барысында қызмет­керлердің біліктілігін арттыру үшін мемлекеттік қызметшілерді дайындау орталығында, Ресей мен Беларусь елдерінің Азаматтық қорғау академияларында білік­тілігін арттыру курстарында да­йындықтан өтеді. Қалада 4 тө­тенше жағдайлар бөлімі, Өрт сөндіру авариялық құтқару қыз­меті, жедел-құтқару және маман­дандырылған жасағы мен 9 өрт сөндіру бекеті бар.

Төтенше жағдайлар кезінде қалада «Апаттар медициналық орталығы» ММ, «Қазселден­қор­ғау» ММ филиалдары да халыққа қызмет көрсетеді. Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласының аумағы кеңейтіліп, адам саны да көбейіп отыр. Осы бағытта өрт орын алған жағдайда тез арада әрекет жасау үшін Қаратау ауда­нының «Достық» шағынауда­нын­да республикалық бюджет есебі­нен жаңа өрт сөндіру депосы ашыл­ған. Ал «Оңтүстік» эко­но­микалық аймағында орналасқан ғимарат жаңа өрт сөндіру депо­сына ақысыз пайдалануға беріл­ген. Жергілікті әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған бұл игі іс көптеген адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп қана қоймай, өрт орын алғанда тез арада сол аймаққа жетуге септігін тигізеді. Сондай-ақ әкім­шілік іскерлік орталығының аума­ғында 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр. Мұндай деполар Сайрам, Тұран және Бадам 1 ша­ғынаудан­дарында салыну жос­пар­лануда. Жалпы, біздің қыз­ме­тімізде өрт сөндіру және авария­лық-құтқару автомобиль­дерінің жабдықталуы маңызды орын алады. Талап бо­йын­ша 10 бөлім­шеде 303 техника болуы тиіс. Дегенмен бізде оның саны 94-ті құрап отыр. Алайда қала әкім­дігінің қолдауымен «Шымкент қаласының өрт сөндіру техни­касын жаңғырту және сервистік қызмет көрсету» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде Беларусь Респуб­ли­касынан 4 млрд 641 млн 658 мың теңгеге 31 көлік сатып алу бойын­ша шартқа қол қойылды.

– Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Олардың тыным­сыз қызметінде апат, зілзала, өрт­тен бөлек түрлі жағдайларда зар­дап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді. Осы тұр­ғыдан келгенде қызмет­керлеріңіздің жұмыс барысында кездескен кейбір қиындықтарға қалай жауап беріп жатқанына тоқталсаңыз...

– Шымкент қаласында жыл басынан бері 204 төтенше оқиға орын алып, өткен жылмен салыс­тырғанда 25 пайызға өскенімен, адам шығыны 63 пайызға тө­мен­деп отыр. 9 айда 1 055 тексеру жұ­мыстары жүргізіліп, 4 683 өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу­шы­лық анықталды. 92 азаматқа 2 млн теңге көлемінде айыппұл са­лы­нып, өндірілді. Заңбұзушылық­тарды жою туралы ұйғарым та­лап­тарын орындамаған 18 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Департа­менттің құрылымдық бө­ліністері азаматтық қорғау құ­ра­лымда­рымен 966 оқу-жаттығу өткізілді. Осындай практикалық оқу-жаттығулар барысында ава­рия­лық-құтқару қызметтері мен аза­маттық қорғау құралымда­ры­ның дайындығы тексеріліп оты­рады. Жүйелі түрде өткізілген оқу-жаттығулардың нәтижесін Арыс қаласында орын алған тө­тенше жағдай кезінде көрдік. Арыс қаласының қырық мыңнан аса тұрғынын жиналу-эвакуа­ция­лық пункттері арқылы қала аума­ғында орналасқан мек­тептерге, жатақ­ханаларға орна­ластырдық. Мек­теп әкімшілігі мен мұғалім­дері бұл жерде оқу-жаттығу ба­рысында алған бі­лімдерін прак­тикалық тұрғыдан көрсете білді. Еш асып-саспай, мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ өз міндетін кәсіби тұрғыдан жүзеге асырды.


– Елбасы өзінің «Рухани жаң­ғыру» мақаласында «Цифрлы Қа­зақ­стан» мемлекеттік бағ­дар­лама­сы­ның қазақстандықтарды ХХІ ға­сыр­дың талаптарына даяр­лау­дың қамы екенін атап өткен болатын. Ме­кемеде аталған бағ­дар­лама аясын­да нендей шаралар атқарылып жатыр?

– Біз саланы цифрландыруға едәуір көңіл бөлудеміз. Қазіргі таң­да автоматтандыру-цифрлан­дыру мәселесінде IT нарықтағы­лардың тәжірибесі мен ұсыныс­тары аса маңызды. Ал кез келген төтенше жағдайда халықты уақы­тылы құлақтандыру жұмыстары бірінші кезекте тұратыны бел­гілі. Азаматтық қорғау орган­дары тарапынан жергілікті ха­лыққа ақпаратты ауызша және дыбыс арқылы тәулік бойы уақы­тылы жеткізу – құлақтандыру жүйесінің негізгі міндеті. Осы ба­ғытта де­пар­тамент мамандары елеулі жұ­мыс­тар атқарды. Қазіргі таңда Шым­кент қаласы аума­ғын­да 77 құлақ­тандыру жүйесі бар. 2016 жылы Шымкентте Қазақ­станда екінші болып теле және радио арналар мен кабельді телеарналардың операторларын ұстап алу жабдығы орнатылған. Қазіргі таңда бұл ба­ғытта жергі­лікті атқарушы орган­дарымен тығыз байланыс орнат­қанбыз. Себебі RDS арқылы құ­лақ­танды­ру үшін бірқатар жаңғыр­ту қа­жеттігі туындап отыр. Ха­лықты құлақтандыруды толығы­мен қам­тамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргізудің нәтижесінде 340 млн теңгеден аса сомаға 64 да­был-сөйлеу құрылғыларын са­тып алуға және орнатуға бюдж­ет­тен қаржы қарастырылып отыр. Мұндай қондырғылар орнатылған соң адамдар көп жүретін аймақтар 100 пайыз құлақтандырумен қам­тылады. Бұдан басқа хабар беру стансасының аймағындағы бар­лық автокөлік құралдарының жүр­гізушілері де құлақтандыру сиг­налдарын қабылдайды. Бар­лық жұмыс жасап жатқан радио­қа­былдағыштар автоматты түрде RDS толқынына ауысады.

Сонымен қатар Шымкент қала­сының аумағында орналас­қан су ба­су, сел қауіпті учаске­ле­рін, өрт-жа­рылыс қауіпті объек­тілерін анық­тап, болуы мүмкін төтенше жағ­дайларда ахуалды жедел түрде бағалаудың элек­тронды картасы да әзірленген. Нысандардағы өрт қауіпсіздігі кезінде жүргізілген тек­се­руде мемлекеттік инспек­тор­лар­дың жұмысын жеделдету және же­ңілдету үшін 30 планшет пен тер­­мопринтерлер сатып алынды. Енді нысанға айыппұл салынса, оны сол мезетте өндіріп алуға мүмкіндік бар.

Полицейлер арасында кеңі­нен қолданылып жүрген бейне­тірке­гіштерді азаматтық қорғау қызмет­керлерінің де тағуы мін­деттелген. Бүгінде түсіру базасы бар 30 пор­тативті бейнетіркегіш сатып алынды, олар қазіргі уа­қытта бақылау-қадағалау функ­цияларын жүзеге асыру кезінде қыз­меттік жұмыста пайдала­ны­лады. Бейне­тіркегіш объективті ақпарат алуға және даулы жағ­дайларды болдыр­мауға көмек­теседі. Азаматтық қор­ғау қыз­мет­керлерін тәртіпке са­лып, сыбайлас жемқорлық тәуе­келін болдырмайды.

– «Бәле – аяқ астында» демек­ші, төтенше жағдайдың қашан келетіні белгісіз. Халықтың өміріне қауіп төнбеу үшін қандай алдын алу шаралары жасалынады?

– Біз тұрғындарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді тоқтатқан емеспіз. Тілсіз жау жас-кәрі, әйел-еркек, мерзім мен күй тал­ғамайды. Жыл он екі айда бола береді. Сондықтан ата-аналар, әсіресе, балаларды назардан тыс қалдырмау керек. Балалар – жіберіп қалсаң, кез келген жаққа домалап кететін доп секілді. Сон­дықтан әрбір ата-ана далада бол­сын, не үйде болсын баласынан көз жазбауы керек. Халықтың қауіпсіздік мәдениетіне жергілікті билік үлкен назар аударуда. Мы­салы, 2017 жылы осы бағытта жұмыс жүргізу үшін 3 млн тең­геден аса теңге бөлінсе, 2018 жы­лы үгіт-насихат жұмыстарына 15 млн, ал 2019 жылы 17 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға түрлі тақырыптарға бейнеролик жа­салынып, қалалық қоғамдық кө­ліктерде, ірі сауда үйлерінде көр­сетілуде. Сонымен қатар түрлі жадынамалар, плакаттар, бил­бордтар шығарылуда. Жылу мау­сымы басталып келеді. Мамандар бұл бағытта қарқынды жұмыс жасап, алдын алу жұмыстарын жергілікті атқарушы орган­дары­мен бірлесе белсенді атқаруда. Біздің қызметкерлер халыққа қызмет етуден шаршамайды.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан 
Назгүл НАЗАРБЕК, 
Шымкент қаласы