Дүниені әнмен тербеген Ерік
Дүниені әнмен тербеген Ерік
333
оқылды

Ұлы дала көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Солардың бірегейі – музыка саласында ұлт­тың қолтаңбасын қал­дыр­ған, әлемге әйгілі опе­ра әншісі, Кеңес Ода­ғы­­ның тұң­ғыш контртеноры, Қа­зақ­станның халық артисі Ерік Құрманғалиев. Әлемді ғажайып дауысымен таң­ғал­дырған талант ие­сі­нің 60 жылдығына орай өткен мәдени шарада оның музы­ка зерттеу­ші­лерін таң­­ғалдырған бұлбұл таң­да­йынан әуелеген ән­дер шырқалды, тағы­лым­ды естеліктер айтылды. Әлем халқының қошеметіне ие болған Н.Дорлиак жұлды­зын жаққан Ерік Құрман­ға­лиев­тің мәңгілік өмірі осы­лай­ша жалғасты.

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­ма­сының ұйымдастыруы­мен Қазақстанның Халық артисі Ерік Құрманғалиевтің 60 жылды­ғын туған жерінде атап өту шарасы Ерік тұрған үйге ескерткіш тақта­ны ашудан бастау алды.

Салтанатты шараға қатысу­шылар Ерік Сәлімұлы туралы естеліктерін «қала орталығындағы көшенің маңдайшасына қағылған Еріктің жас бейнесі бар ескерткіш тақта ұлтымыздың бірегей ұлын ұмыттырмауға себеп болары сөз­сіз» деп түйіндеді.

Құрманғазы атындағы мәде­ниет сарайында өткен ерек дауыс­ты әнші Ерік Құрманға­лиевті еске алу кешіне келген халықтың көптігіне риза болдық. Атырау­лықтар мен облыс қонақтары Атырау облыстық тарихи-өлке­тану музейінде Е.Құрманғалиевтің жеке мұрағаттарымен жасақтаған көрмені тамашалады. Аурасының өзі ерек болған мәдени шараға әншінің туған-туыстары, Ресей мен еліміздегі өнердегі достары, аймақ басшысы Н.Ноғаев, об­лыс­тың зиялы қауым өкілдері болды.

Тағылымды шараны Н.Жан­төрин атындағы Атырау облыстық филармониясының режиссері, белгілі әнші Ақмарал Машимова жүргізді.

Ерек талантты бірнеше онда­ған жылдардан соң, сағы­ныш, өкініш, құштарлық атты сез­ім­мен астастырып аңсаған кеш­те оның адами қабілеті мен қасиеті кеңі­нен айтылды.

«Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс – Ерік Құрманғалиев айрықша тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған, оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы Отаны­нан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шар­тарапқа жайылды» деп шараны бастаған Ақмарал Машимова операдағы ерек құбылыс иесі Е.Құрманғалиевтің балалық шағы, өнер соңына түсіп, шам­шы­ра­ғын жағудағы бұралаңы көп болған өмір жолын айтып жеткізді.

Бұдан соң ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың әншінің өмірі мен шығармашы­лығы туралы жан-жақты жазыл­ған «Феномен» атты кітап-аль­бо­мы­ның тұсаукесер рәсімі өтті.

Сахнада сөз алған Маржан Ершу ерек дауысты таланттың өмірі туралы ізденудің бастамасын айтып, Бейбарыс баба мен Ерік Құрманғалиевтің өмірлерінен ұқсастық байқайтынын айтты «Бейбарыс баба елден жырақта жүріп жусанды сағынса, Ерік туған жеріндегі түйелерді сағын­ғанын айтады екен. Ақ бура бұлттардың шудасын ширатып, сағынышындай тарқатып, өзі ән-аңызға айналған Ерік Құр­ман­ғалиев ортамызға ән болып жетті» деген Маржан Аманқосқызы «Феномен» жинағын жүрегінен өткізіп жазғанын айтып, жұрт­шылық қошеметіне бөленді.


Еске алу кешінде Еріктің жеке тұлға болып қалыптасуына ұстазы, профессор Н.Дорлиактың көп еңбек сіңіргені айтылды. Н.Дорлиак Еріктің өнердегі ұстазы ғана емес, оған анасындай қамқорлық танытқан жан. Жер­ле­сіміз Е.Құрманғалиев Бостонда өткен халықаралық музыка фес­тивалінде «Феномен» деп таны­лып, атағы әлемге жайыла­ды. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде Гиннесс кітабына енеді және оны аты аңызға айналған итальяндық әнші әйел Федора Барбьиеримен қатар қойып дәріптейді.

Еске алу кешіне келген ағайындары Ерік Құрманғалиев туралы мейірімге толы естелік­терімен бөлісті. Әншінің жиен апасы М.Жұрымбаева «Еріктің дауысындай дауыс біздің әулетте басқа ешкімге дарымаған. Ерік бала күннен музыкаға, опералық шығармаларға құштар болды. Анасы арияларды сүйіп тыңдай­тын» деп сағыныш сезімі­мен әншінің ерек қасиеттерін айтып берді.

Әлемді таңғажайып дауысына таңырқатып қойған Е.Құрман­ғалиев орындаған шығармаларды оның өнердегі әріптестері орын­дады. Дәстүрлі ән мен төкпе күйге құлағы үйренген жергілікті халықтың Ерікке деген сағы­ныш­ы мен құрметі астасып, зал толы халық қазақстандық және ресейлік әншілер шырқаған опералық әндерді ықыласпен тыңдап, әншілерге қошеметін аямады.

Шәкіртін құрметтеген Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі Шахи­мардан Абилов жас талант­тарды әлемге танытуға мақсат қойған «Е.Құрманғалиев» атын­дағы қор атынан атыраулық талант­ты жас әнші Әділ Сұлтанға стипендия табыс етті.

Әлемге ұлтты танытқан опера әншісі Е.Құрманғалиевті еске алу кешінде аймақ басшысы Н.Ноғаев «Бүгінгі кешке уақыт тауып Ресейден арнайы келген Александр Котовщиков бастаған бір топ өнерпазға алғысымды білдіремін. Көрсеткен құрмет­теріңіз өздеріңіздің дос, әріптес­теріңіз Ерік Құрманғалиевке сыйластықтары­ңыз деп білемін. Өзінің аз ғұмырында естелік­тері­мен, әндерімен әлемге танымал болған өнерпазымызды біз ұмытпаймыз» деп алғысын айтты.

Еліміздің бұлбұлы, Қазақ­стан­ның Халық артисі Бибігүл Төлегенова Ерік туралы естелік­те­рінде оны «Қазақтың маңдайы­на сыймай кеткен әнші. Елден көп қолдау көре алмаған талант» деп бағалап, әлем мойындаған әйгілі әншінің елеусіз қалғаны жанға бататынын айтып оты­рады.

Сайып келгенде, ерек дауысты Ерік Сәлімұлының туған жерінде өткен тағылымды шара оның өмірі мен өнерін елге насихаттауға жол ашқандай. Енді Еріктің мәңгілік өмірі басталып, оның өміршең өнері жас ұрпаққа өнеге болып, тұлғалық бейнесі зорая түсетіні сөзсіз.


Атырау облысы