Қазақстан Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндік бар» деген еді. Ауылшаруашылықтың бүгінгі аухалы, түйткіл мәселелері жайында Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемовпен тілдестік.
– Жалпы, Жолдауда жер көлемін кезең-кезеңмен ұлғайтып, соның есебінен өнім көлемін арттыру, сыртқа өнім шығаруға қолдау көрсету, өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуетін арттыру, жемшөп базасын нығайту мәселелері көтерілді. Президенттің жолдауы жайында сіз не айтар едіңіз?
– Жолдауда бірқатар өзекті мәселелер айтылды, атқарушы билікке көлемді міндеттер жүктелді. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде бүгінге дейін де көптеген іс атқарылды. Қазір оларды еселей түсу міндеті қойылып отыр. Оның үстіне, елімізде ауыл шаруашылығын қолдау бағытында көптеген жұмыс жүргізілуде. Агроөнеркәсіптік кешен экономиканың тұрақты дамып келе жатқан саласының бірі ғана емес, сонымен бірге бизнес үшін экономикалық тұрғыдан тартымды салаға айналып отыр.
Сондай-ақ қазақ малының еті мен сүті молая түсті. Мал шаруашылығының еліміз үшін алар орны ерекше. Өйткені мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының тек жалпы өнім беретін саласы емес, халықты маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі жүйе. Сондықтан да Сырдария ауданы бойынша ауылшаруашылық саласы қарқынды даму үстінде деп сеніммен айта аламын.
– Сырдария ауданы бойынша ауылшаруашылық саласы қарқынды дамуда деп қалдыңыз. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Сырдария ауданы бойынша биыл 32 597 гектарға дәнді-дақылдар отырғызылды. Оның ішінде күріш – 21 050 га, бидай – 1 728 га, сұлы – 58 га, мақсары – 300 га, жүгері – 10 га. Ал шаруашылық құрылымы егіске қажетті 13 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 16 мың литр гербицид пайдаланды. Мәселен, күріш алқабы тыңайтқышпен қоректендіріліп, 17,5 мың гектары арамшөпке өңделді.
Аграрлы ауданның еңбеккерлері жыл сайын күріштен рекордтық көрсеткіште өнім жинап, ел қамбасын алтын дәнге толтыруда. «Балапанды күзде сана» деген сөз әрбір диқанға арналғандай. Міне, еселі еңбек етіп жүрген диқаншылар әрбір атыздықты бағамдап, қамбаға мол өнім құюда. Бүкіл республикаға үлгілі ауыл – Нағи Ілясов елді мекені. «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» дегендей ырзық-несібесін жерден теріп, атакәсіпті кеңінен дамытып жатқан «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы А.Құлбаевты атауға болады. Егістік басында еңбекке шыныққан бригадир, трактористер, дихандар ала жаз бойы егіннің бітік шығуына бар күшін жұмсайды. Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары биыл да мол өнім жинайтынына сенімді. Сондай-ақ Шаған ауылындағы «Шаған-жер» ЖШС мол өнім алу үстінде.
– Қызылордаға жақын маңға орналасқан Сырдария ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы жан-жақты дамыған, «түгін тартса майы шығатын» жерге айналып отыр. Табысын тайқазанға тасытқан сырдариялықтар ауыл шаруашылығы бойынша аудандағы атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Аудан бойынша 1 728 гектар жаздық бидайдан 2 061 тонна өнім алынды. Орта өнім 11,9 центнер, 58 гектар сұлыдан 40 тонна өнім алдық. Жеті центнер, үш жүз гектар мақсарыдан 250 тонна өнім жиналды. Бүгінде картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір шаруашылықтар жоңышқа дақылының екінші орымын аяқтап, 15 мың тонна мал азығын жинады. Ал биылғы егілген жаңа жоңышқадан мың жарым тоннаға жуық шөп жиналды. Егін жинау науқанына 200-ден аса комбайн, 300-ден аса трактор қатысуда. Биылғы жылы ауылшаруашылық құрылымдары бойынша, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 929,7 млн теңгеге 27 дана, өз қаражаты есебінен 74,8 млн теңгеге 10 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын қолдау бағытында көптеген іс-шара жасалуда. Мысалы, «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша жасалған жұмыстар қандай?
– Бұл бағдарлама мал өсірумен айналысатын фермаларды, кооперативтерді, репродукторлық шаруашылығымен бордақылау алаңын біріктірді. Оған қоса, ет өндірісін ұлғайтудың бірыңғай жүйесінің қалыптасуына, ет экспортын ұлғайтуға жақсы серпін берді. Жергілікті малдың өнімділігін жоғарылату үшін асылтұқымды малды сатып алып, тұқымды түрлендіріп, қолдан ұрықтандыру жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ сырттан мың бас МІҚ малды сатып алу арқылы бордақылау алаңын іске қосамыз.
Ет өнімін өндіру көлемін ұлғайту үшін бордақылауға қажетті бұқашықтарды «Сыбаға» бағдарламасы арқылы фермерлік шаруашылықтар алуда. Және мал шаруашылығының тиімділігін арттырып, ішкі және сыртқы нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету үшін «Абай Дәулет» ЖШС күтіп бағудағы 3 115 бас уақ мал басын 5 мыңға жеткізіп, бордақылау алаңы арқылы ет өндіреді. Құс шаруашылығын дамыту үшін «Жан Арай» шаруа қожалығы 7 мың бас «Линда» тұқымды қаз құсын 10 мыңға жеткізіп, құс етін өндіруді арттыруда.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының артуына зор септігін тигізген мемлекеттік бағдарламалар – тұрғындардың игілігі үшін жұмыс атқаруда. Соның ішінде, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын дамыту бағытында несие алған кәсіпкерлер мен шаруашылықтарды қамтамасыз ету қаншалықты мүмкін?
– Негізі осы бағдарлама бойынша ауданда кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, аудан бойынша экономикалық белсенді халық саны – 18 046 адам. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 690 азамат хабарласып, кеңес сұрады. Ал 688 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 132-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Тек соның бес пайыздан астамы жұмыссыз. Алайда осы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша былтырдың өзінде ауданда 100 адамды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету жоспарланып, республикалық бюджеттен қаражат қаралған. Соның арқасында кондитер, бала күтушісі, педикюр-маникюр шебері, автокөлік слесарі, тігінші, ұялы телефон жөндеу шебері, шаш үлгісін жасау шебері бойынша азаматтар оқытылды. Сонымен бірге кәсіби оқуға аудандық білім бөлімі арқылы 25 бала Сырдария аграрлық-техникалық колледжінде дәнекерлеуші мамандығы бойынша 10 ай оқытылуда.
Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға орай «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мал шаруашылығымен айналысуға, «Бастау – бизнес» жобасына қолдау көрсетілуде. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға бюджеттен ақша бөлініп, жастар тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар ақылы қоғамдық жұмыспен 400 жұмыссыз азаматты қамту белгіленген. Енді оның 273-і қоғамдық жұмысқа жіберілген. Әлі де бұл жұмыстар атқарылып жатыр.
Сұхбаттасқан
Миуа Байназарова,
Қызылорда облысы