Украинада ауыл шаруашылығына лайықталған жерлерді сатуға қатысты мораторийді алып тастау және жер нарығын ашуға байланысты белсенді жұмыс жүруде. Негізінен елде жер нарығына қатысты мораторий 20 жылдан бері бар. Дегенмен шектеуді алып тастауға байланысты, яғни Жер кодексіне кешенді өзгерістер енгізу туралы заң жобасы 1 қазанда тіркелді. Бұған дейін 2017 жылы Жоғары Рада ауыл шаруашылығына лайықталған жерлерді сатуға қатысты мораторийді 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартқан еді. Енді 20 желтоқсанда Жоғары Рада аталған мораторийдің мерзімін ұзарту үшін тағы да дауыс беруі қажет. Алайда жерді сатуға қатысты түйінді шешімге келу оның қаншалықты әлеуетті екеніне тікелей байланысты.
Заң жобасына сәйкес жерді украин азаматтары, аумақтық қоғамдастықтар, Украинадағы заңды тұлғалар мен мемлекет сатып ала алады. Шетелдіктер де Украинаның жерінен үлес алуына әбден болады, бірақ тек мұрагерлік жол арқылы. Әрі заң жобасы күшіне енгенге дейін жер сатып алу бойынша жасасқан келісімшарттар заңды күйінде қала береді.
Алайда Украинадағы мажоритарлық депутаттар заң жобасының екі тармағына қарсылық танытты. Шетелдіктердің елден жер сатып алуы және 200 мың гектар жердің бір қожайынның қолында шоғырлануына мүмкіндік беру – олардың пікірінше ойға қонбайды. Бұл депутаттар шетелдіктерге жер сату туралы тармақты қайта қарап, ал 200 мың гектарды 20 мың гектарға қысқартпайынша дауыс бермейміз деп отыр.
Әрі мораторий алынып тасталғаннан кейін жердің бағасы шарықтап кетпей ме деген сауал да туындады. Экономика бойынша сарапшылар жер 20 жыл жалға беріліп келгенін және сол нарықтағы құнынан кем түспейтінін алға тартады. Бүгінде жер иелері оның 1 гектарына жылына 140 доллар алады. Ал бұл соманы 20 жылға көбейтсе, 2 800 доллар шығады. Заң күшіне енгеннен кейінгі алғашқы жылдары сатып алынған жердің бағасы сарапшылар болжамына сәйкес осы ауқымды құрамақ. Мамандар үш жылдан кейін бұл бағаның Польшадағыдай 10 мың долларға жетуі мүмкін екенін айтады.
Жерге қатысты мораторий әлем бойынша тек алты мемлекетте бар (Венесуэла, Куба, Солтүстік Корея, Тәжікстан, Конго). Ал Украинада 20 жыл қатарынан заңды түрде орныққан мораторийді алып тастап, жер нарығын ашу мемлекет үшін қандай пайда әкеледі? Біріншіден, жердің ашық нарығының болуы Украинаға орасан зор инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сарапшылар бұл тұрғыдағы экономикалық өсім 3 пайызды құрауы мүмкін екенін болжайды. Бұдан өзге ашық нарық жердің өзін несиеге алуға да жол ашады. Мәселен, АҚШ-та жерді несиеге алу 90 миллиард долларды құрайды. Алайда нарық жағдайын жасап, оған еркіндік беру оның беталысын толығымен өзгертіп жібереді дегенді білдірмейді. Мұнда бастысы – инвестиция. Сондай-ақ кәсіпорынды астықты экспорттауға ғана емес, шикізатты өңдеуге және дайын өнімді сатуға қалай ынталандыру керек деген мәселенің де есепке алынғаны жөн. Яғни, түйткілдер де жоқ емес. Дегенмен жерді сатып алып яки несиеге рәсімдегеннен кейін мақсатты түрде жұмыс істеу: өнім шығару, ол үшін жұмыс орнын құру, жаңа технологияларды меңгерген мамандарды тарту өндіріс саласын дамытып қана қоймай, экономикалық өсімге де тың серпін береді.
Сарапшылар бұл тұрғыда ішкі сараптама жүргізген. Нәтиже бойынша, еркін жер нарығын енгізу реформа іске қосылған бірінші жылдың өзінде ІЖӨ-нің 1-ден 4 пайызға дейін өсуіне ықпал етеді екен.
Енді украин үкіметі заң жобасына қажетті бар негізді жасақтап, жер нарығына қажет механизмді ескеріп, нақтылауда 2020 жылға дейін түйінді шешімге келуі тиіс.