Құжаттан ары аспаған, қайран біздің «Жас маман»!
Құжаттан ары аспаған, қайран біздің «Жас маман»!
234
оқылды

Жастар жылының аяқталуына екі ай ғана уақыт қалды. Он айда ойда қалар не өтті?

Жастардың игілігіне арналған қандай игі шаралар жүзеге асты? Осы сауалдарды көлденең тартып көрген едік.


Жұмыссыз жастар неге көп?

Жыл сайын елімізде қыруар қаржы жұмыссыздық мәселесін жоюға жұмсалады екен. Былтыр 100 мыңнан астам адам мамандар­ды қайта даярлау курсынан өткен. Мемлекет өткен жылдың өзінде қайта даярлау курстары үшін 14 жарым миллиард теңге бөлген. Ал оның тек 58 пайызға жуығы ғана екі қолға бір күрек тауыпты. Ал биыл Үкімет бюджеттен 110 млрд теңге қарастырды. Соның өзінде еліміздегі жұмыссыздар саны 440 мың адамнан асып отыр. Демек еңбекке қабілетті халықтың 5 пайызы жұмыс таппай, бос жүр деген сөз. Осы жұмыссыздардың қатарын 82 мың жас толықтырып отыр дегенге сенгің де келмейді. Бірақ расы сол. Жұмыспен қам­тылған жастардың жалпы саны 2 миллион 100 мың адамды құ­раса, олардың 1 жарым миллионы жалдамалы жұмыскерлер екен. Тек өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар қатарына 456 мың жас қана жатады. Жыл сайын 120 мың­нан астам мектеп түлегі ең­бек нарығына қосылады. Алайда олардың арасында тұрақты жұ­мыспен қамтыла қоятындарының аз екенін статистиканың өзі дә­лелдеп отыр. Ал бізде тиісті бағ­дар­ламалар жүзеге аспай, бөлін­ген қаржы игерілмей қалатын жағдайлар әлі де бар. Жастарға қатысты мәселе жайбасарлықты көтермейтінін жауапты адамдар қалай түсінбейді?

 

«Жас маманның» жайы не болады?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында Үкіметке «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жаңғыртылған оқу орындары базасында ең қажет индустриялды-сервистік 100 ма­мандық бойынша мамандар даяр­лайтын бағдарлама дәл осы жылы жүзеге асуы тиіс болатын.

Бірақ оны орындайтын бір бұйрықты дайындауға Білім және ғылым министрлігі бастаған жауапты органдар «тоғыз ай толғатты». Нәтижесінде, бөлінген қаржы кеміді. Жыл аяқталуға жақындап қалды. Сірә, жастарға қатысты жұмыстың жылға бө­лінгені маңызды емес, оны уақы­тында орындаудың жауаптылығы үлкен сынға ұшырады.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік ор­гандардағы бюрократиялық ке­леңсіздіктер мен қағазбастылық мәселесін көтеріп, «Жас маман» бағдарламасын жүзеге асыру тәртібін айқын­дай­тын ережелер уақытында бекі­тілмегендіктен, қаржы қысқар­тылғанын айтты.

Мәжіліс төрағасының ай­туынша, тапсырманың орындал­мауының басты себебі – баяғы қағазбастылық. Бір құжатты бе­кітіп, жүзеге асыруға тоғыз ай уа­қыт кеткен. «Осы уақыт аралы­ғында әйел дүниеге бала әкеліп үлгереді. Ал сендер бір бұйрықты әзірлей алмай жүрсіңдер» деп ашуланды. Расында да, аяқталуға таяп қалған жастар жылының соңында ұйқысынан оянған министрліктің бұл салғырттығы қандай сын-ескертпеге де лайық еді. Егер жоба уақытыпен жүзеге асар болса, бүгінде еліміздің барлық облысында студенттер сұранысқа ие 100 мамандық бо­йынша білім алуды бастап кеткен болар еді. Алайда жоба әлі бастал­ған да жоқ. Бағдарламаға бөлінген миллиардтаған қаржы осы уақыт бойы ешкімге керексіз боп тұрды. Ал біз маман жетіспейді деп жарияға жар салып жүрміз. Міне, парадокс! Тиісті органдардың енжарлығы мен жауапсыз­ды­ғының зардабын жастар тартып отыр.


Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік ор­гандардағы бюрократиялық ке­леңсіздіктер мен қағазбастылық мәселесін көтеріп, «Жас маман» бағдарламасын жүзеге асыру тәртібін айқын­дай­тын ережелер уақытында бекі­тілмегендіктен, қаржы қысқар­тылғанын айтты.


Бұл мәселеге жауап берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Бұл жерде объек­тивті және субъективті әртүрлі фак­торлар бар.Үш жылға арнал­ған жобаға 56 миллиард теңге бө­лінеді. Осы уақыт ішінде кол­ледждерді жабдықтау, бағдарла­маларын жаңарту және кадрларды оқытып, сол бағдарламамен жұ­мыс істеуге бейімдеу сияқты үш міндетті жүзеге асыру мақсаты қойылған. Бұл – кешенді мәселе. Биыл соған дайындық жұмыс­тарын аяқтадық» деп отыр.

 

Жалдамалы баспана кімге бұйырады?

Бүгінде Қазақстан жастарын толғандыратын нақты мәсе­ле­лерге тоқталайық. Олар үшін бі­рін­ші кезекте сапалы білім алу маңызды болса, екіншіден, жұ­мыс­қа орналасу мәселесі, үшін­шіден, баспанамен қамтылу және де төртінші мәселе – отбасылық институт болып табылады. Білім мәселесі мен жұмыстың жайы бел­гілі болды. Ал баспана ше? Жас­­тар жылы деген желеумен, олар­­дың баспанаға оңай қолы же­тетін мүмкіндігі болды ма? Жоқ.

«Бүгінде жастар оңайлықпен қол жеткізетін баспанамен байла­нысты бірде-бір бағдарлама жоқ­тың қасы. 1 000 жалдамалы бас­пана салынып, жұмыс жасайтын жастарға жалға берілетіні айты­луда. Демек, бұл бағдарлама ашық жарияланып, жастарды бір қуантып тастаса да, әлі басталған жоқ. Жастар жылында жүзеге асатын қомақты жұмыстың қата­рына кіргенмен, бұл – әлі жүзеге аса қоймаған жоба. Және оның талаптары да жоғары. Жастар саясаты бойынша қабылданған заңда жас мөлшері 29 жасқа дейін деп бекітілген. Екінші талап – міндетті түрде жұмыс істеуі қажет. Негізі өз саласының маманы деп алған дипломы бойынша өз сала­сында кем дегенде 3 жыл қызмет атқарған адам болуы тиіс. Ал қа­зір қоғамдағы жастардың дені – жалдамалы жұмыскерлер. Олар үшін бұл баспананың ауылы алыс» дейді әлеуметтанушы Нұр­сәуле Көмекбайқызы.

«Үйі жоқтың – күйі де жоқ» дейтін мәтел – шыққан күндей шын­дық. Ең алдымен, жастардың жағдайы жасалмаса, ұлттың саны мен сапасы туралы әңгіменің ауы­лы алыстап кетері анық. Қуат­ты елге айналуымыз үшін – шуақ­ты отбасылар көбеюге тиіс.

 

Сөз соңы:

Жастар жылы мемле­кетіміздің дамуындағы үлкен өзгерістердің бастауы болады деп сенгеніміз рас. Жастар жағы да осы күнді орасан зор өзгерістер бастауы ретінде ерекше сезіммен күтті. Енді, міне, жастарға үлкен жауапкер­шілік жүктеген жыл да тамамдалуға таяу. Шыны керек, бұл жыл да сыннан басқа дымға жетелемейтін семинар-тренингтер мен форум, флешмобтармен ғана есте қалатын сияқты. Өйткені бұл атаулы жылы есте қаларлықтай ауқымды өзгерістер орын алды деуге ауыз бармай отыр.

 

Ақбота ӘЛІМ