Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары болған Талғат Тілеуов пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі хабарлады.
«Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі елордадағы Алматы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Талғат Тілеуовке қатысты сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізді. Ол «Лайн Групп» ЖШС және Әбдиевтің «Ақжайық Энерго» ЖШС басшыларынан 5 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке іліккен еді», - деп хабарланады.
Аталған қаражатқа әкімнің бұрынғы орынбасары Алматы ауданындағы көшелерді жарықтандыру бойынша нысандарға қатысты орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойған.
17 қазанда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық соты Талғат Тілеуовке қатысты үкім шығарды. Оны пара алды деген айыппен үш жыл бас бостандығынан айырды. Тілеуов сондай-ақ өмірбақи мемлекеттік қызметке тұру құқығынан да айырылды.
«Әбдиев пара берді деген айыпқа ілікті. Оған сот 71 млн теңге көлемінде айыппұл кесті», - деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі.