Атаулы көмек өңірлерге толық аударылды
Атаулы көмек өңірлерге толық аударылды
374
оқылды
Ақшалай қаражат беру үш кезең бойынша жүзеге асырылды. 15 қазанда BizBirgemiz науқанының бесінші толқыны аяқталды. Бар болғаны, үш күннің ішінде еліміздің 23 қаласынан 100 мың отбасына көмек көрсетілді. Қазақстандықтар Елбасы мен «Nur Otan» партиясына әлеуметтік желілер арқылы алғыс білдіріп, мұның коронавирус пандемиясы жағдайында дер кезінде көр­се­тілген әлеуметтік көмек екенін айтуда.
– Мен жеті баланың анасымын. Birgemiz қорынан 50 мың теңге алдық. Аталмыш қорға, «Nur Otan» партиясына және халықтың қамын ойлаған Елбасына алғысым шек­сіз, – деді көпбалалы ана. – Жаңа ғана телефоныма Birgemiz қорынан 50 мың теңге түскені туралы хабарлама келді. Осын­дай қиын кезеңде қарапайым халыққа көмектесіп жатқан қорға алғысымды білдіремін. Нұрсұлтан Әбішұлына көрсеткен қолдауы үшін бек разымын. Еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Шымкент қала­сының тұрғыны.
Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өңірлерге шамамен 5 млрд теңге бағытталды. Атаулы көмек көрсету – Елбасы – «Nur Otan» партиясының Лидері Нұр­сұлтан Назарбаевтың қабыл­даған шешімі. 7 санат бойынша 100 мыңнан астам азамат біржолғы мате­риал­дық көмекпен қамты­лды. Олар­дың қатарында тұрмысы төмен көп­балалы отбасылар, мүге­дек азамат­тар, мүгедек баланы тәр­­биелеп отыр­ған отбасылар, ең тө­менгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім ба­лалар (тұл жетім балалар мен асы­­раушысының бірінен айы­рыл­ған балалар), соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері бар. Көмек алу­шылардың тізімін бұрынғыдай «Nur Otan» партия­сының бақы­лауымен әкімдер ұсы­нды. Бұл рет­те, көмекті бұрын алма­ған аза­маттар алды. Естеріңізге сала кетейік, Birgemiz қоры осы жылдың наурыз айында Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коро­навируспен күрес жағдайында ха­лықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін құрылған болатын. Осы уақыт ішінде қор қаражатынан 550 мыңнан астам мұқтаж азамат 50 мың теңгеден алды. Пандемиямен кү­рес­те алдыңғы шепте болған елорда мен Алматы қаласының 2 112 ме­дицина қызметкеріне біржолғы тө­лем жа­салды. Пандемия басталған кезеңде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шым­кент қалаларындағы әлеу­меттік әлсіз 100 мың отбасыға 5 млн бетперде таратылды. Сонымен қатар қор есебінен Түркістан облысының Мақ­­таарал ауданындағы Мырзакент ауылында 20 үйдің құрылысы аяқ­талды. Қазіргі уақытта 12 үйдің құрылысы жалғасуда. Алматыда да 8 мыңнан астам азамат Birgemiz қорының 5-ші көмек толқыны аясында 50 мың теңге кө­лемінде бірреттік төлем алды. Аталған көмекті алушы­лардың басым бөлігін I топтағы мүгедектер, II топтағы мү­гедек зейнет­керлер (жасы бойынша зей­неткерлер), дәлірек айтқанда 5 209 адам, сондай-ақ ең төменгі немесе одан төмен зейнетақы алатын зей­неткерлер, шамамен 1 мың адамды құрады. Төлемдер екінші деңгейдегі банк­тер арқылы жеке тұлғаның карточ­калық шотына немесе «Қаз­пошта» АҚ арқылы қолма-қол ақшасыз аудару жолымен жүзе­ге асырылды. Айта кету ке­рек, мате­риалдық кө­мекті аудару кезінде комиссия алын­бады, егер несиесі болған жағ­дайда, қаражат қарыз есебіне ұсталған жоқ. Сон­дай-ақ төлемдер бұрын көмек көр­се­тіл­меген аза­маттарға ғана тү­се­тінін атап өту маңызды. Жал­пы, пан­демия бас­тал­ғалы бері Birgemiz қорынан 50 мың­нан астам ал­маты­лық мате­риал­дық көмек алды. Түркістан облысы бойынша Түркістан қаласының 48 52 отбасы аталған көмекке ие болды. Олардың ішінде аз қамтамасыз етілген, көпба­лалы отбасылар 2 273 болса, көмекке мұқтаж 2 404 мүмкіндігі шектеулі азаматқа да көмек берілді. Сонымен бірге мүгедек бала күтімімен отырған 15 отбасына және соғыс ардагерлері мен тыл еңбек­керлеріне, жалпы 160 адамға 50 мың теңге аударылды. Мұқтаж отбасылар тізімі Түркіс­тан қаласы әкімдігінің тиісті бөлімі базасындағы дерек бойынша әзір­ленді. Сонымен бірге партияға келіп түскен өтініштер де негізге алынды. Жалпы, Түркістан облысы бойынша Birgemiz қоры арқылы 38 907 отба­сына 50 мың теңге берілді. Өңір тұрғындары партияның бұл баста­масын жоғары бағалап отыр.  

Әбілмансұр ЖАСАН