Қазақстан биылғы 9 айда 15,4 млн тонна көмір экспорттады. Түскен түсім – 295,7 млн доллар. Ресми деректерге қарағанда, 2018 жылдың қаңтар-тамызындағы жеткізу көрсеткішінен 3,8%-ға өскен.
Біздің көмірді сатып алатын елдердің алғашқы легінде Ресей, Швейцария, Украина және Кипр мемлекеттері тұр. Одан бөлек аз көлемде Қырғызстан мен Өзбекстанға және Беларуссияға, Польшаға экспортталады.
Соңғы жылдары Еуропаның дамыған елдері көмірді пайдалануды ішінара азайтып, көмір шахталарын біртіндеп жауып жатқанымен, әлемнің көптеген елдері отынның бұл түріне әлі де тәуелді. Әсіресе, халық саны айтарлықтай көп Қытай мен Үндістан көмірді тұтынуда алғашқы орындарда. Себебі, электр энергиясының үлкен ауқымын беруде көмірге бәсекелес арзан отын түрі жоқ. Жаңа атом электр стансасын салу энергияның өзге көздеріне қарағанда қымбатқа түседі – 6,7 млрд доллар шамасында қаржы керек. АЭС салу үшін барлық рұқсат алу рәсімдерінен өткеннен кейін оның құрылысының өзіне 10 жылдай уақыт қажет. Дегенмен энергия қажеттілігін толық өтемесе де баламалы энергия көздері судан, желден, күннен аз-мұз электр қуатын алуға қол жеткізіп отырған елдер бар. Мысалға, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде баламалы энергия көздері 25%-ға жетіп қалды.
Әйтсе де, көмірден жаппай бас тартуға әлі ертерек. Қазірдің өзінде тұрғын саны миллиардтан асатын Қытай мен Үндістанда көмірді отын әрі электр энергиясын өндіру көзі ретінде пайдалану 80% көлемінде қалып отыр.
Бұл көмір өндіруші, көмір қорына бай елдердің әлі де болса оң жамбасына келетін жағдай. Биыл елімізден Ресей 142,1 миллион долларға 13,4 миллион тонна көмір сатып алса, Швейцария 773,3 мың тонна, Украина – 463,5 мың тонна, Кипр – 389,8 мың тонна импорттаған. Сонымен қатар Қырғызстанға (240,5 мың тонна), Беларуссияға (122,9 мың тонна), Өзбекстанға (33 мың тонна), Польшаға (11,3 мың тонна) және басқа да елдерге жеткізілімдер жасалыпты. Демек, көмір экспортынан көретін пайдамыз әлі де біраз жылға созылады деген сөз. Оның үстіне биыл Қазақстан Қытай арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне көмір жеткізу мәселесімен келісім жасасты.
Көмір қоры жағынан дүниежүзінде АҚШ – бірінші орында, Америка әлемдік көмір қорының 28%-на ие, екінші орын Ресейге тиесілі – 18%. Ал Қазақстан бұл тізімде 9 орында тұр. BP Statistical Review of World Energy ұйымының соңғы мәліметі бойынша Қазақстандағы барланған көмір қоры – 25 млрд 605 млн тоннаны құрады. Сарапшылар бұл 300 жылдан артық уақытқа жететін өнім екенін айтады. Бір анық жайт, сырттан көмір сатып алмаймыз, өз өнімімізбен ішкі қажеттілікті толық қамтитын өндірістік әлеует бар. Алайда осыншама үлкен мүмкіндікке қарамастан ішкі нарықта баға қымбат күйінде қалып отыр. Статистика комитетінің мәліметінше, ең қымбат көмір Оралда (тоннасы 18,5 мың теңге) және Қызылорда (14,1 мың теңге) мен Алматыда (14 мың теңге). Ал арзаны Семей (8 660 теңге) мен Өскеменде (9 695) тіркелген. Таяуда Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке жолдаған сауалында шахтада тоннасы 3,5-5 мың теңге тұратын көмір не себепті тұтынушыға жеткенде тоннасы 14-22 мың теңгеден сатылатынын айтып, сұрау салды. Депутат келтірген дерек бойынша, жер қойнауын пайдаланушылардан қарапайым тұтынушыларға жеткенге дейін көмірмен қамтамасыз ету схемасында делдал есепсіз көп. Осы салада қордаланып қалған мәселелерді жіпке тізгендей қылып көрсеткен мәжілісмен көмірді жеткізушілер мен делдалдардың баға келісуіне қарсы тетіктерді қамтамасыз ету үшін биржалық сауда ережелерін қайта қарауды сұрады.