Балқаш туристік нысандардың ондығына кірді
Балқаш туристік нысандардың ондығына кірді
310
оқылды

Балқаш көлінің жағалауы республикалық маңызы бар тартымды туристік ны­сан­дардың алғашқы онды­ғына кірді. Бұл туралы Қара­ған­ды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің Балқаш қала­сындағы жұмыс сапары кезін­де айтылды.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек курорттық ай­мақты дамыту мәселелері бо­йын­ша өткізілген жиналыста Балқаш қаласында туристік инфра­құрылымды жақсарту бо­йынша нақты жоспар құру қажет екенін атап өтті. Себебі Бал­қаш көлінің жағалауы рес­пу­б­ликалық маңызы бар ең тар­­тымды туристік нысан­дар­дың ТОП-10-ына кіріп отыр. Халықаралық консалтинг ком­па­ниямен жасалған Балқаш курорт аймағын дамыту жоспары Балқаш, Приозерск қалалары мен Тораңғалық және Шұбар-Тобек кенттерін қамтиды. Бү­гін­­гі таңда аталған курорт ай­ма­­­ғында 53 демалыс үйі мен де­ма­лыс орын­­дары орналасқан. Олар жы­лы­на 80 мың турист қабыл­дайды.

– Балқаш қаласына үлкен бас инфрақұрылым тартылады. Алматы тарапынан да жол құры­лысы 2021 жылға қарай толы­ғымен аяқталады. Көлік қолже­тімділігі қамтамасыз етіледі. Бал­қ­аш қаласы мен Ақтоғай ауда­нының туристерді қарсы алуға дайындығы қазіргі таңда үлкен мәселе болып отыр. Қонақүй жетіспейді. Өңірді аралау кезінде мұнда бар инфрақұрылым қазіргі туристің қажеттіліктеріне сәйкес келмейтінін байқап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбековтің айтуынша, су­мен және электрмен жабдықтау бойынша инфрақұрылымдық жобалар екі кезеңде жүзеге асы­ры­лады. Біріншісі 2023 жылға дейін, екіншісі кейін. Бүгінде қалада жер телімдерін түгендеу жүргізіліп жатыр. Қазір Балқаш қаласында жұмыс істеп тұрған 10 демалыс үйі, Ақтоғай ауданында 54 демалыс үйі бар.

Кеңесте Балқаш курорт айма­ғындағы туризмнің негізгі өсу нүктесі – Тораңғалық және Шұбар-Тобек кенттерінің жаға­лауында орналасқаны айтылды.

– Онда жақсы жағажайлар бар, бос жер учаскелері көп. Сон­дықтан екі ауылды бір курорт айма­ғына біріктіруге болады. Тораңғалық ауылында 95 жаңа үй немесе демалыс аймағы салы­нады. Бұл қосымша 900 қонақүй номерін береді және туристік ағым­ды ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2023 жылға қарай 385 нөмірлі 13 жаңа демалыс үйін салу жоспарлануда. Шұбар-Тобек кентінде туристер үшін де­малыс орындарын дамыту қа­жет. Сондай-ақ инженерлік желілер, электр беру желілері, ҚТҚ полигоны, сумен жабдықтау және жағажайларды жайластыру мәселелерін шешу қажет, – дейді Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

– Әрбір елді мекен бойынша курорттық аймақта нақты жос­пар­лар мен жобалар қажет. Олар­ды әзірлеңіздер және біз оны тағы да талқылаймыз. Демалыс орындарының құрылысы ту­ра­лы ғана айтып, сонымен шек­те­луге болмайды. Құрылыс нәти­жесінде, жайлы жағдай жасалып, туристердің саны артуы тиіс, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысы Балқаш­тағы жұмыс сапарында шаһар­дың жы­лыту маусымына дайын­дығы­мен танысып, құрылыс жұмыс­тарын қарап,   қала активімен кездесті. Облыс әкімінің сапары басталған Қоңырат кентіндегі   жылу қазандығы 1968 жылы са­лынған. Қазандық бұрын «Қазақ­мыс» меншігінде болған, 2013 жы­лы нысан қаланың қарауына тап­сырылған. Қазір жабдықтар мен қазандықтардың 85%-ы тоз­ған.

– Проблемаларды шешу үшін біз жобалық-сметалық құ­­жат­таманы әзірледік, қазір қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыс­тары­ның жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайды, жобаны іске асыру мерзімі 10 ай, – деді Бал­қаш қаласының тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылық, жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айрат Қара­мұрзин.

Қазандықты қайта жөн­деу жобасы «Нұрлы жер» бағдар­ла­масы бойынша жүзеге асыры­ла­ды. Жеңіс Қасымбектің ай­туын­ша, екі жыл ішінде бұл мә­с­еле шешілуі тиіс. Сондай-ақ Ж.Қасымбек Балқаш ЖЭО-да бол­ды. 1938 жылы салынған стан­са жылыту маусымына дайын­дық төлқұжатын алды. Қуаты 460 Гкал жылу кестеге сәйкес беріледі.

Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласындағы тұрғын үй салу мәсе­лесін де тексерді. Бүгінгі таңда Бал­қаш қаласында тұрғын үй кезе­гінде 1 300 адам тұр. Сондай-ақ ТҚЖБ-ның 5 000 салымшысы қоныстойын тойлауды күтіп отыр.

Облыс әкімі соңғы жылда­ры 10 үй салынған «Самал» ықшам­ау­да­нында болды. Мұнда тағы 45 пәтер­лі көпқабатты бір үй салына бастады. Бұл жалға берілетін тұрғын үй. 2020 жылы тағы үш үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өңір басшысы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалына барды. Балқаштағы балалар демалыс орны осы жазда ашылды және онда осыған дейін 2 000-ға жуық бала демалған.

– Негізінен, еліміздің солтүс­тік облыстары – Ақмола, Павлодар облыстарынан, Петропавлдан, сондай-ақ ШҚО-дан балалар ке­ле­ді. Бізде ваннаның бірнеше түрі, балшық, бассейн және от­те­­гі коктейльдері бар. Біз 30-дан астам емдеу түрлерін ұсына­мыз. Жазда орталықта көл суы пайда­ла­нылады, ал қысқы уақыт­та ба­ла­лар бассейнге барады. Өткен мау­сымда біз 2 080 шара өткіздік, – деді орталық директорының орынбасары Гүлайман Қожаева.

Орталықтың жалғыз проб­ле­масы – оған апаратын жол. Мекеме директоры өңір бас­шы­сы­нан осы мәселеге қатысты көмек сұрады.

– Иә, жолға қатысты мәселе өзекті. Біз келесі жылы шешуге тыры­самыз, – деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.

Сауықтыру орталығының кор­­пусы бұрын «Қазақмыс» кор­по­рациясына тиесілі бол­ған. Депутаттар мен қоғам белсен­ді­ле­рінің сұраныстарынан кейін корпорация ғимаратты Білім және ғылым министрлігіне өтеусіз пай­далануға берді. «Қазақмыс Смэл­тинг» ЖШС-ға барған об­лыс әкіміне корпорацияның стра­­тегиялық жобалары таныс­ты­­­рылды.

Қалалық актив отырысында Балқаш қаласының өзге де өзек­ті мәселелері талқыланды. Әң­гіме инфрақұрылым, сумен және жылумен қамтамасыз ету, эко­логия, азық-түлік бағасы және абат­тандыру мәселелері тө­ңіре­гінде өрбіді. Кеңес қоры­тын­дысы бойынша облыс әкімі Балқаш қаласының нақты ком­му­налдық мәселелерін шешу, сондай-ақ жалпы туризмді дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы